Шымкентте мемлекеттік тілдің қолданылу аясы кеңеюде

0
150

Шымкентте еліміздегі тұңғыш рет қазақ тілін оқыту орталығы ашылған болатын. Орталық жайында көпшілік нақты білмеуі мүмкін. Оқырмандарға кеңірек таныстыруды жөн көрдік.

Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың 1996 жылғы 4 қарашадағы №3186 Өкімімен мақұлданып «Қазақстан Республикасы Тіл саясатының тұжырымдамасын» іске асыру мақсатында Шымкент қаласы әкімінің 1997 жылғы 31 қаңтардағы №152 шешімімен «Мемлекеттік тілді міндетті және ақысыз оқыту орталығы» ретінде қызметін бастады.

Орталықта ҚР Премьер-Министрінің 2018 жылғы 13 наурыздағы №27-Ө өкімімен бекітілген «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру» іс-шаралары, «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына» сәйкес жоспарлы индикаторларды орындау мақсатында жұмыстар жүргізілуде.

Мекеменің негізгі жұмыс бағыттарына тоқталып өтсек. Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығында бүгінде мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелер, кәсіпорындар мен басқа ұйымдар қызметкерлеріне, сонымен қатар жеке тұлғаларға қазақ, орыс және ағылшын тілдерін оқыту; «Мемлекеттік тілде іс-қағаз жүргізу», «Латын графикасын оқыту», курстары мен насихаттау шараларын ұйымдастыру; Тіл үйренушілердің тілдерді белгілі бір деңгейде қиындықсыз меңгеру үшін қажетті оқулықтар, оқу-әдістемелік және көмекші оқу құралдары мен сөздіктер әзірлеп, баспадан шығарып, қамтамасыз ету жұмыстары атқарылуда.

Сондай-ақ, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, оның маңызы мен мәртебесін көтеру, тіл мәдениетін көтеру мақсатында түрлі іс-шаралар, семинар-кеңестер, ғылыми-практикалық конференция, ақпараттық сағаттар мен байқаулар ұйымдастырылады.

Бүгінде орталық қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің арқасында тіл үйренушілер республикалық байқауларға қатысып, көптеген жүлделі орындарға ие болып, орталықтың мәртебесін көтеруде.

Айта кетейік, қазіргі таңда Шымкент қаласында түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Этнос өкілдері мемлекеттік тілдің дамуына елеулі үлес қосып келеді.

Leave a reply