Шаһардағы ирригациялық арықтар қоқыстан тазартылып жатыр
Шымкент қаласының барлық аудан аумағында санитарлық тазалық жұмыстары тұрақты жүргізілуде.
Қаратау ауданы аумағында да бұл жұмыстар ұдайы назарда. Қазіргі таңда аудандағы ирригациялық арықтар мен жиектерді тазалау жұмыстары атқарылуда. Күнделікті таңғы 5:30-дан бастап орталық көшелерді жуу және көше бойларын тазалау бойынша арнайы техникалар мен жұмысшылар жұмылдырылған.
Барлық атқарылып жатқан жұмыстарға Қаратау ауданы әкімі аппаратының жауапты мамандары бекітілген.
Қала тазалығы – бәріміз үшін жауапты міндет. Қала тұрғындарын қызметкерлердің еңбегін бағалауға, қоршаған ортаны таза ұстауға шақырамыз.
Айта кетейік, бүгінде қалада алты миллионға жуық жасыл желек бар. Былтыр 2021-2025 жылдар аралығында «Жасыл белдеу» қалыптастырудың жоспары бекітілді. Жоспар бойынша 6,5 млн түп ағаш егілмек. Ол жұмыстар биыл күзде басталады. Осылайша қаладағы ағаш қоры екі есеге артады.
Сонымен қатар, қалада жалпы аумағы екі жүз қырық төрт гектарды құрайтын тоғыз саябақ пен отыз жеті гектарлық отыз тоғыз гүлзар мен аллея бар. Қалада шамамен қырық гектар жерге «Шымсити» саябағын, сонымен бірге төрт гүлзар салу көзделуде.