Адал азамат – шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаз

Бүгінгі қоғамның басты құндылығы – адал еңбек етіп, өз ісіне жан-тәнімен берілген азаматтар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал азамат» тұжырымдамасы осындай жандардың еңбегін бағалап, көпке үлгі етуге бағытталған. Сол парасатты ұғымға толық сәйкес келетін тұлғалардың бірі – Сәрсенова Қалдыкүл.
1971 жылдың 9 қыркүйегінде дүниеге келген Қалдыкүл ханым бала кезінен-ақ білім мен ізденісті серік етті. 2006 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын тәмамдап, ұстаздықтың ұлы жолына түсті. Содан бергі 18 жылдан астам уақыт бойы жас ұрпақтың бойына білім мен тәрбиені қатар сіңіріп, талай шәкірттің жүрегіне жол тапты.
Қалдыкүл Сәрсенованың кәсіби жолы – адалдық пен ізденістің айқын көрінісі. Ол әр сабағында оқушыларға тек пәндік білім беріп қана қоймай, елжандылықты, адамгершілікті, ізгілікті дәріптеп келеді. Оның еңбегі лайықты бағаланып, 2021 жылы Шымкент қаласының білім басқармасы Әдістемелік орталығы тарапынан «Тағылымды таным» номинациясы бойынша дипломға ие болды. 2024 жылы қала білім басқармасынан алғыс хат және І дәрежелі дипломмен марапатталды.
Ұстаз еңбегінің басты көрсеткіші – шәкіртінің жетістігі. Қалдыкүл ханым тәрбиелеген оқушылар қалалық және республикалық деңгейде түрлі додаларда озып жүр. 2024 жылы «Дарын» орталығы ұйымдастырған білім сайыстарында шәкірттері ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталса, қалалық олимпиадаларда І және ІІ орындарды иеленді. Сондай-ақ, «Ақбота» зияткерлік олимпиадасында шәкірттері 2024 жылы ІІ дәрежелі, ал 2025 жылы ІІІ дәрежелі дипломдарды жеңіп алды.
Сәрсенова Қалдыкүл үшін ұстаздық – жай ғана мамандық емес, бұл – өмірлік ұстаным, жүректің қалауы. Оқушысына білім берумен бірге адамдық қасиеттерді дарыту – оның басты мақсаты. Бүгінде ол көптеген жасқа бағыт-бағдар беріп, адал еңбектің қадірін түсіндіріп жүрген ардақты ұстаз.
Президент Тоқаев айтқандай, «Адал азамат – елдің берекесі мен болашағы». Осы тұрғыдан алғанда, Қалдыкүл Сәрсенова – өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беруде адалдығымен, табандылығымен, шәкіртке деген жанашырлығымен үлгі бола білген шынайы адал азамат.












