Тарих ғылымының жанашыры

Салибекова Сәуле Орынбасарқызы 1982 жылы 4 ақпанда Түркістан облысы, Қазығұрт ауданының Шарбұлақ ауылында дүниеге келді. Балалық шағынан білімге құштар, зерек болып өскен Сәуле 1988 жылы ауылындағы С.М. Киров атындағы жалпы орта мектептің табалдырығын аттап, 1999 жылы аталған білім ордасын ойдағыдай аяқтады.
Жоғары білім алу жолын жалғастырып, сол жылы Шымкент қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің «Бүкіләлем тарихы» факультетіне оқуға қабылданды. 2003 жылы университетті сәтті тәмамдап, тарихшы, тарих пәнінің оқытушысы дипломын алды. Осылайша, өмірлік кәсібін таңдаған Сәуле Орынбасарқызы ұстаздықтың киелі жолына қадам басты.
2003 жылғы 8 қыркүйектен бастап Шымкент қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы №18 жалпы орта білім беретін мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастады. Бүгінгі күнге дейін осы білім ордасында абыройлы қызмет атқарып келеді. 22 жылдық педагогикалық еңбек өтілі бар тәжірибелі ұстаз «педагог-сарапшы» санатына ие.
Сәуле Орынбасарқызы шәкірт тәрбиесінде де, ғылыми-әдістемелік ізденістерде де толайым жетістіктерге жеткен. 2021 жылы көпбалалы ана ретінде елдің демографиялық дамуына қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Жарлығымен «Күміс алқа» иегері атанды. Сонымен бірге, қалалық білім басқармасы мен республикалық деңгейдегі түрлі ұйымдардан Алғыс хаттар, Құрмет грамоталарына ие болды.
2019 жылы «Дарынды жас – Ұлы дала иесі» республикалық ғылыми жоба байқауында жетекшілік еткені үшін «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Сол жылы республикалық ғылыми-әдістемелік журналдарға бірнеше мақаласы жарияланып, кәсіби еңбегі жоғары бағаланды. 2020 жылы «Ең білімді педагог – 2020» республикалық мұғалімдердің пәндік олимпиадасында ІІІ орынды иеленді.
2022 жылы ұстаздар мерекесінде Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Ж.А.Тәжиева Сәуле Орынбасарқызының еңбегін айрықша атап, «Құрмет грамотасын» табыс етті. Сол жылы «Қазақ елінің құрметті педагогі» республикалық төсбелгісінің иегері атанды. 2023 жылы Шымкент қалалық кәсіподақ ұйымы тарапынан «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
2024 жылы оның «Тарих пәнін оқытудағы концептуалды карталардың маңызы» атты әдістемелік еңбегі жарық көрсе, 2025 жылы «Ежелгі Қазақстан» атты авторлық бағдарламасы дайындалып, жас ұрпақтың терең білім алуына жол ашты.
Сәуле Орынбасарқызының шәкірттері жыл сайын республикалық және халықаралық деңгейдегі білім додаларында жүлделі орындарға ие болып жүр.
2018–2019 оқу жылында Жеңісбек Айша «Қымыздың адам ағзасына пайдасы» тақырыбында үздік ғылыми жобалардың қатарына енді.
2019 жылдан бері «NIO», «Алтын ұрпақ», «Ой-сана», «Ақбота», «Жас дарын» сынды олимпиадаларда оқушылары Бас жүлде мен І, ІІ, ІІІ орындарды иеленіп келеді.
2021–2025 жылдары «Дарын» орталығы ұйымдастырған «Тарих ата», «Менің кіші Отаным», «Тәуелсіздік дарыны» секілді республикалық байқауларда шәкірттері үздік нәтиже көрсетті.
Әсіресе, 2024–2025 оқу жылында Абдула Бақдәулет пен өзге де шәкірттері тарих пәнінен республикалық деңгейде топ жарып, ұстаз еңбегінің жемісін көрсетті.
Салибекова Сәуле Орынбасарқызы – кәсібіне адал, шәкірт жүрегіне жол таба білген, білім саласына зор үлес қосып келе жатқан білікті маман. Ол үшін ұстаздық – жай жұмыс емес, болашаққа қалдырған аманат, елдің ертеңіне қосқан өлшеусіз үлес.













