ТҮРКІСТАН: АРЫСТАҒЫ ОРТАЛЫҚ КӨШЕЛЕРГЕ ГАЗ КЕЛДІ

0
30

Мерейлі мереке қарсаңында Арыс қаласындағы ақжолтай жаңалықтар тиегі ағытылды. Қала орталығындағы көшелер көгілдір отынға қосылды. Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Әсіл және зиялық қауым өкілдері шаһар орталығында тұратын, алғашқылардың бірі болып газға қосылған М.Жұмабаев көшесінің тұрғындары Орынбетовтер әулетін арнайы құттықтап барды. Әкім бұл қадамның қала тұрғындары үшін аса маңызды екенін атап өтті және газбен қамтамасыз ету жұмыстарының әрі қарай да жалғасатынын жеткізді.

Арысты толық газға қосу мәселесі менің назарымнан тыс қалған емес. Қала әкімі ретінде осы бастаманы қысқа мерзімде орындауға күш салып, компаниялармен келіссөз жүргізіп, сол межеге жетіп отырмыз. Жобаны жүзеге асыруда өте күрделі әрі ауқымды жұмыстар атқарылды. Қаламызға газ еніп тұр. Енді тұрғындар бірлесіп әрекет етсек, әр үйге кезең-кезеңімен газ кіргізілетін болады.

Айта кетсек, жыл сайын Тамыз айында Арыс халқы Қала күні мен Теміржолшылар мерекесін салтанатпен атап өтеді. Биыл Арыстың қала статусын алғанына 68 жыл және еліміздегі болат жолдың шешуші учаскелерінің бірі саналатын Арыс теміржол торабының іргетасы төселгеніне 120 жыл толып отыр.

Қазіргі таңда ел аузында «екінші Арыс» аталып кеткен қала орталығының бір бөлігі газға қосылуға мүмкіндік алды. Атап айтқанда, Төле би көшесінен бастап, Ақынбековқа дейін; З.Тойбековадан бастап Т.Тәжібаевқа дейінгі аумақтағы үйлер газға қосыла алады. Келесі кезекте орталықтағы басқа да көшелер мен мекемелерді газға қосу жұмыстары қарқынды жүргізіле береді.

Leave a reply