АРЫСТА «МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

0
32

Жаңа оқу жылының қарсаңында, қалалық Білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен акцияға жергілікті кәсіпкерлер қатысып, өз тауарларын нарықтағы бағадан төмен бағада ұсынды. Мұнда қаламсап пен дәптерден бастап, мектеп формасы, аяқ киім мен сөмкеге дейін барлық мектеп құралдары төмендетілген бағада сатылды.

Жәрмеңкенің басты мақсаты – ата-аналардың алысқа бармай-ақ балаға қажетті мектеп құралдарын бір жерден алуын ұйымдастыру, халыққа қажетті заттарды төмен бағамен ұсыну. Арыс қаласында «Мектепке жол» акциясы аясында мектеп тауарлары мен оқу құралдарының жәрмеңкесі өтті. Игі шарада қаламыздың қайырымды азаматтары мен кәсіпкерлері, мәслихат депутаттары мен қаламызда тіркелген қайырымдылық қорлары аз қамтылған, көпбалалы отбасында тұратын оқушыларға демеушілік жасап, мектеп формасы мен қажетті құрал жабдықтарды тарту етіп, ұрпақ болашағы үшін айрықша белсенділік танытты.

Айта кетейік, қаламызда әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардан шыққан балаларды мектеп формасымен және мектеп құралдарымен қамтамасыз ету үшін әр балаға мектеп формасына 43 407 мың теңге белгіленген. Бүгінгі таңда әлеуметтік осал топтағы 1739 баланың ата-аналарының өтініштеріне сәйкес, есеп шоттарына тиісті қаржылар аударылды.

Leave a reply