Шымкенттік тігін фабрикасында 8 айда 20 миллионнан астам бетперде шығарылған

0
98

Бүгінде Шымкент қаласындағы бірқатар кәсіпорындар шаһардың дамуына сүбелі үлесін қосуда. Осы орайда шымкенттік кәсіпкерлер өзімізден шыққан өнімдердің сапасын арттырып, әлемге танытуды қолға алып отыр. Соның бірі айына бес миллионға жуық бетперде шығаратын «Бижон» зауыты.

«Бижон» тігін цехы 2020 жылы ашылған. Мұндағы тігіншілер дәрігерлерге арнайы медициналық халат және берперде тігумен айналысады. Бүгінде фабриканың өнімдеріне сұраныс үлкен. Тіккен өнімдерінде мін жоқ. Сәнді әрі тігісі мықты. Яғни, кәсіпорын заман көшінен қалмаған. Өмір талабына сай өнім шығаратын бірегей өндіріс ошағына айналған.

Мұнда әр тігіншінің алдына арнайы Қытайдан алдырылған тігін машинасы қойылған. Қол күшін қажет етпесе де тігіншіге жүктелген міндеттің жүгі ауыр. Себебі, мұнда тігілетін өнімдерге сұраныс көп. Фабриканың базалық-материалдық жағдайы әр күн сайын 150 000 бетперде және 1500 медициналық халат шығаруға қауқарлы.

Қажетті шикізатты Түркия және Қытай елдерінен тапсырыспен алдырады. Зауыттан шыққан өнімдерді тек Қазақстанда ғана сатылымға шығады. Әзірге өзге мемлекеттерге экспортталмайды. Алдағы уақытта зауыт басшысы, жұмыс күшін арттыруды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, бүгінде тігін цехында 100-ден аса тігінші жұмыс істейді. Небары 8 айдың ішінде 20 миллионнан астам бетперде шығарылған. «Бижон» тігін фабрикасы бүгінгі таңда өңіріміздегі тігін өндірісінен алдыңғы қатардағы кәсіпорындарының бірі десек қателеспейміз. Өйткені, пандемия кезінде бетперде шығарып, баға тұрақтылығын сақтап қалуда үлес қосқан бірден-бір тігін цехы.

Leave a reply