ШЫМКЕНТ ХАЛҚЫНЫҢ 31 ПАЙЫЗЫ БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТПЕН АЙНАЛЫСАДЫ

0
142
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан жаңа шындықта: іс-қимыл уақыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығын атап өткен болатын. Бұл бағытта Шымкент қаласында жүйелі жұмыстар қолға алынып, 2021 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша дене шынықтырумен және бұқаралық спортпен қамтылған азаматтар саны 340 мыңнан асты. Бұл қала тұрғындарының жалпы санының 31,2 пайызын құрайды.
Тұрғындардың спортпен шұғылдануына мүмкіндік жасау мақсатында қала орталығынан шалғайда жатқан шағын аудандар мен тұрғын алаптарда 115 әмбебап спорт алаңшалары ашылды. Көп қабатты тұрғын үйлер бойынша 101 аула жаңартылып, дене шынықтыру, спорттық ойындар өткізетін орындар ретінде жасақталды.
Бұқаралық спортты дамытудың бір бағыты мектеп және оқушылар лигасын өткізу арқылы дамитын мектеп және студенттер спорты. Бұқаралық спорттың бұл бағыты жас ұрпақтың денсаулығын қамтамасыз етіп қана қоймай, суицидтік құбылыстар, нашақорлық және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық сияқты көптеген әлеуметтік мәселелерді шешеді.
Осы мақсатта қалада «Жастар лигасы» спорт ойындары өткізіліп, оған әр шағын аудан мен тұрғын алаптар жастары санатынан 536 команда қатысып, спорттың төрт түрінен сайыстар өткізілді.
Жалпы, биылдың өзінде спорт үйірмелеріне қосымша 4 мыңнан астам баланы қамтып, қалада спорттық қозғалыстардың дамуына мүмкіндіктер қарастырылған.

Leave a reply