ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҚТАРЫНДА ҰЛТТЫҚ ХАЛЫҚ САНАҒЫНА ОНЛАЙН ҚАТЫСУҒА БОЛАДЫ
Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының барлық аудан бөлімшелерінде ұлттық
халық санағына қатысуға арналған бұрыштар ұйымдастырылған. Яғни, тұрғындарға өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарында онлайн түрде қатысуға мүмкіндік жасалынбақ. Санитарлық талапқа сәйкес, бөлімшелерге «Ashyq» қосымшасы арқылы кіруге міндеттелген. Қазіргі таңда маңызы зор іс-шараға дайындықтар жүргізілуде.
Еліміз тәуелсіздік алғалы бері үшінші рет өткізілгелі отырған халық санағы бұл жолы екі әдіспен жүргізіледі: онлайн-санақ және дәстүрлі тұрғындардың үйлерін аралау арқылы.
Онлайн түрде тұрғындар санақтан 1 қыркүйек – 15 қазан аралығында sanaq.gov.kz сайты арқылы өте алады.
Арнайы сайт арқылы санақтан өту үшін азаматтың ЭЦҚ (электрондв цифрлық қолтаңбасы) және ЖСН-ы (жеке сәйкестендіру нөмірі) болуы тиіс. Интернет арқылы тіркелген респонденттерді интервьюерлер екінші рет сауалнамадан өткізбейді.
Айта кетсек, ұлттық халық санағының 1-кезеңінде шаһарда санақ жүргізушілер тұрғын үйлер мен онда тұратын тұрғындардың санын нақтылау мақсатында әрбір елдімекенді аралап, аудандастыруға дайындықты қарқынды жүргізген болатын.
Нақты есеп нәтижесі ұлттық санақтың 2-кезеңінен соң мәлім болады. Ол 1 қыркүйектен 30 қазанға дейін созылады.
Ал, 1-30 қазан аралығында санақ кезінде персоналдары үй-үйді аралайтын болады. Тұрғындардың мәліметтері планшеттерге енгізіледі.
Ұлттық статистика бюросының Шымкент қаласы бойынша департаментінің мәліметінше, санақ жұмыстарына Шымкентте 1490 санақ персоналы, яғни 186 нұсқаушы-бақылаушы және 1304 интервьюерді жұмылдыру жоспарланған. Қауіпсіздік мақсатында санақ жүргізуге тартылған азаматтар тек вакцина ектіргендерден жасақталады.