ШЫМКЕНТТЕ ЕКІ ЖЫЛДА 4 МЛН-ҒА ЖУЫҚ КӨШЕТ ӨСІРУ ЖОСПАРЛАНУДА
Қазіргі таңда шаһарда жасыл белдеу аумағын көбейтуге басымдылық беріліп отыр. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауы мен «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес қаланың 13 000 гектар жасыл белдеуін қалыптастырып, жыл сайын 200 мың дана ағаш көшетін отырғызуды мақсат етіп отырмыз, — деді «Жасыл белдеу » КММ директоры Сабыржан Арысбай.
Бүгінгі күні жасыл белдеудегі жер учаскесі 2235 гектарды құрайды. Оның ішінде шайынды су аймағында — 976 гектар, «Шымсая» шатқалында — 11 гектар, Ақжар тұрғын алабында — 396 гектар, Маятас елді мекенінде — 100 гектар, және Комсомол көлі, Орманшы тұрғын алабында — 752,8 га жер учаскелері орналасқан. Мұның ішінде 752,8 га орман қоры жер учаскелері ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 9 ақпандағы №41 қаулысымен Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінен «Жасыл белдеу» КММ-не орман иелену құқығымен беріледі.
Қазіргі таңда мекеме 8,2 га тұқымбағында өткен жылы күзде себілген ағаш тұқымдарынан шыққан сеппелердің арамшөптерін тазалау, суғару, қопсыту сияқты күтіп-баптау жұмыстары жүргізуде. Енді алдағы екі жылда 20 гектарға тұқымбақ ұйымдастырылып, 3,6 тонна 16 түрлі ағаш-бұта тұқымдарын дайындап, себу жоспарланып отыр. Сонымен қатар 1,7 гектарға 120 мың терек, тал, жиде отырғызу көзделуде. Нәтижеде екі жылдың ішінде 3,8 млн дана көшет өсіру қамтамасыз етілмекші.