ШЫМКЕНТТЕ БЕЙНЕБАҚЫЛАУ КАМЕРАЛАРЫН ОРНАТУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ

0
113

Бүгін «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының Аймақты дамыту өңірлік қоғамдық кеңесінің мәжілісі өтті. Мәжіліске «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Бекайдар Төлегенов төрағалық етті.

Партия филиалының үлкен мәжіліс залында өткізілген жиында күн тәртібіндегі екі мәселе талқыланды. Олар – қалаға 2 мың бейне камера орнату мен «Шымсити» шағын ауданы тұрғындарының наразылығын тудырған ауыз су сапасы мәселесі.

Бірінші мәселе бойынша қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Әсет Әбдіраханов сөз сөйледі.

«Шымкент қаласының жол және қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында 300 аппараттық-бағдарламалық кешен (бұдан әрі – АБК) және 1500 жалпы бейне бақылау камераларын (бұдан әрі – ЖББ) орнату жұмыстары басталғанын хабарлай келе «осы айдың жоспары бойынша 700 ЖББ камералары орнатылып, Шымкент қаласының полиция департаментінің деректерді өңдеу орталығының құрылысы аяқталатын болады. Қыркүйекте 300 АБК, немесе 100 көше қиылысы және 200 желілік учаскелер бейнебақылау камераларымен қамтылады. Сондай-ақ, қалған 800 ЖББ камералары қыркүйек айының соңына дейін орнатылып, жоба толық іске қосылатынын баяндаймын», — деді басқарма басшысы.

Ал екінші мәселе бойынша қалалық энергетика және инфроқұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Болатбеков төмендегідей мәлімдеме жасады.

«Шымсити» шағын ауданында магистралды және ішкі орамдық су жүйелерінің құрылысы 2018 жылы аяқталған. Алайда сол кезде ондағы көп қабатты тұрғын үйлер құрылысының аяқталмауынан аталған су жүйелері 2-3 жыл пайдаланылмаған. Қазіргі таңда су құбырларын жуып-шаю, залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде», — деді ол.

Сондай-ақ Б. Болатбеков құбырларды қалпына келтіру жұмыстары осы айдың бел ортасында аяқталатынын жеткізді.

Leave a reply