ШЫМКЕНТ: №2 ҚАЛАЛЫҚ АУРУХАНАДА ҚОСЫМША ТӨСЕК-ОРЫНДАР КӨБЕЮДЕ
Әлемді әбігерге салған коронавирус індетінен біржола айықпай, той-томалақ, жиындарға бармағанымыз абзал. Ал, аурудан арылудың жалғыз жолы – вакцина. Бұл — дәл қазір қауіпті кеселмен күресіп, инфекциялық ауруханаларда жатқан науқастардың тұрғындарға айтқан үндеуі. Сондай-ақ, олар қарусыз майданда соғысып жүрген медицина мамандарына алғысын білдіруде.
Шымкенттегі №2 қалалық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімі 350 адамға жасақталған. Дегенмен, қаламыздағы күрделенген ахуалға байланысты мұнда қосымша төсек-орындар көбеюде. Себеп біреу – вирусты жұқтырушылар қатары көп.
Ем алып жатқан тұрғындар ақ халаттыларға өз алғыстарын білдіруде. Дәрігерлердің біліктілігінің арқасында аурудан айығып жатқандықтарын айтады. Сондай-ақ, қала халқын барынша сақ болуға шақырды. Мамандар, вируспен күресте жеңіске жету үшін екпе алудың маңызды екендігін жеткізді.
Қала тұрғындарына айтарымыз, егер сізде дене қызуы көтеріліп, ентікпе, жөтел, тамақ ауруы, іш өту белгілері пайда болса, міндетті түрде емханадағы дәрігерге хабарласыңыз. Үй жағдайында медициналық көмек көрсету үшін қаладағы емханалар жанынан мобильді бригадалар құрылған. Емхана жанынан құралған арнайы мобильді бригада мамандары күнделікті таңғы 8:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істеуде. Мобильді бригаданы үйге шақыру үшін тұрғылықты мекен жайыңызға қарайтын емханаңыздың тіркеу бөліміне хабарласыңыз.
Айта кетейік, бүгінге дейін қаламызда 400 мыңға жуық тұрғын вакцинацияланған.