ТЕАТР ШЫМКЕНТТІКТЕРГЕ ЖАҢА МАУСЫМДА ЖАҢА ҚОЙЫЛЫМДАРЫН ҰСЫНАДЫ

0
121

Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының кезекті 87 – театр маусымы қазақ вальсінің падишасы  Шәмші Қалдаяқовтың өмірі жайлы И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы» музыкалық драмасымен жабылды.

Көрермен дән риза, ықыласы ерекше болды. Бұл ретте театрдың жыл басынан бері көрермен көзайымына айналған қойылымдарына көз жүгіртейік!

87 — театр маусымы «Шымкент 2020 – ТМД елдерінің мәдени астанасы» жылы аясында «Аманат» толғауының премьерасымен ашылып, көп ұзамай қоғам дерті – сыбайлас жемқорлық жайында С.Қасымбектің «Қол» психологиялық драмасының премьерасы, ұлы даланың ұлы тұлғасы, ұлтымыздың мақтанышы Әбу Насыр әл- Фарабидің  1150 жылдығына арналған Ш.Құсайыновтың «Әбу Насыр әл-Фараби» тарихи драмасымен жалғасты. Сондай-ақ, И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы» музыкалық драмасы, М.Мақатаевтың 90 жылдығына арналған «Мұқағали» /инсц. Қ.Қасымов/ монодрамасының премьералары сахналанды.

Бұдан бөлек, Шымкент қаласының 2200 жылдығы мен Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамына арналған С.Қасымбектің «Наурыз көне Шымқалада» таңғажайып хикаятының премьерасы және осы секілді ғажайып жаңа премьералар театр көрермендерінің жүрегінен орын тапты. Жалпы жыл бойына 7 премьера көрермен назарына ұсынылды.

Театр — сахна өнеріне тер төккен режиссер, суретші, гример, бутафор сынды кәсіби сахна мамандарының еңбегімен халықтың ықыласына бөленген киелі өнер ордасы.

Айта кетейік, қазақ театры кезекті демалыстан кейін тың идея, ерекше қойылымдармен жаңа маусымның шымылдығын ашатын болады.

Leave a reply