Wednesday, November 27

ШЫМКЕНТТЕ ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН 2 МЫҢНАН АСТАМ КӘСІПКЕРГЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛЕДІ

0
115
Шымкент қаласында кәсіпкерлікті дамыту және қолайлы бизнес-климат жасау мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, биыл кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары арқылы бизнеске бюджеттен 12,9 млрд. теңге қаржы бөлінді. Одан бөлек, республикалық бюджеттен қосымша 5,1 млрд. теңге бөлу жоспарлануда.
Пандемия жағдайына байланысты бұл бағыттағы мемлекеттік қолдаулар өткен жылдармен салыстырғанда екі есеге артып отыр. Осының нәтижесінде жыл соңына дейін 2 мыңнан астам кәсіпкерге қолдау көрсету жоспарлануда.
Сонымен бірге бизнес өкілдеріне көрсетілген мемлекеттік қолдаудың арқасында соңғы үш жылда өнеркәсіп өнім көлемі 162 млрд. теңгеге немесе 32,9 пайызға артқан.

Шымкент қаласында 2 индустриялық («Оңтүстік», «Тассай»), көлік-логистикалық және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы бар. Бүгінде «Оңтүстік» индустриалды аймағында 72 жоба іске асырылып, онда 4,5 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Ал «Тассай» индустриалды аймағында жалпы құны 26,3 млрд. теңгелік 17 жоба іске қосылды. Ондағы жұмыс орындары — 1 мыңға жуық.

Сонымен қатар, көлік логистикалық аймағында бүгінде 15,9 млрд. теңгеге 225 жұмыс орнын құрумен 3 жоба жүзеге асырылған. Ал «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жалпы инвестиция көлемі 42,95 млрд. теңге тұратын 25 жоба іске асырылып, 2,2 мыңға жуық жұмыс орны құрылды.

Айта кетейік, биыл Шымкентте ауыл шаруашылығында жалпы құны 24 млрд.теңгені құрайтын 32 инвестициялық жоба жүзеге асыру жоспарланған.

Leave a reply