ҚОҒАМДЫҚ ОРЫНДАРДА ЗАЛАЛСЫЗДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

0
137

Шымкентте коронавирус індетінің таралуына жол бермеу үшін қоғамдық көліктерде тәулігіне екі рет дезинфекция жұмысы жүргізілуде. Залалсыздандыру жұмысы теміржол вокзалы, халықаралық әуежай мен адам көп шоғарланатын қоғамдық орындарда да жүргізіліп отыр.
 
Қазіргі таңда дезинфекциялауға 30 маман жұмылдырылған. Ал карантин талаптары бойынша ревизорлы бақылау қызметкерлерінің киім үлгісіне өзгеріс енгізілген.
 
Жалпы, қалада 16 тасымалдаушы компанияның 1 050 көлігі тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді. Карантин талабына сәйкес жолаушыларға медициналық бетперде тағу міндеттелген. Осыған байланысты бүгін қоғамдық көліктердегі жолаушыларға демеушілер есебінен 1 000 дана медициналық бетперде таратылды.
 
Айта кетейік, өз кезегінде Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов орталық мемлекеттік органдарға қарайтын аумақтық департаменттердің жұмысымен танысу және саладағы өзекті мәселелерді талқылау барысында індет жұқтырудың тәуліктік көрсеткішінде қалаға уақытша келген, басқа аймақтардың тұрғындары көптеп кездесіп жатқандығын алға тартып, аурудың таралуын мейлінше төмендетуде адамдар арасындағы барыс-келісті азайту бағытында пәрменді жұмыстар атқару керектігіне тоқталып, карантиндік талаптардың сақталуына жіті назар аудару қажет екенін баса айтқан болатын.

Leave a reply