ШЫМКЕНТ: АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛАР БІРДЕН-БІР ЖОЛ – ЕКПЕ САЛДЫРУ

0
101

Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ә.Төлебаев, департамент басшысының орынбасары А.Ахметов және эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы З.Есенғараеваның қатысуымен брифинг өтті.
Баспасөз мәжілісінде департамент басшысы Ә.Төлебаев қаладағы эпидемиологиялық ахуал туралы баяндады.
– Шымкент қаласы «қызыл» аймақта тұр. Осы жылдың 8 тамызында 565 жағдай анықталды. Оның ішінде симтомды 479, симптомсыз — 86. Ал 18 жасқа дейінгі балалар арасында 100 жағдай (14 жасқа дейінгі балалар саны 80) тіркелді. Қазіргі таңда Шымкентте эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Осы орайда, қала тұрғындарынан өтінерім: вакцина қабылдаңыздар. Өзіңізді, қоғамды, жақындарыңызды сақтаңыздар! Аурудың алдын алар бірден-бір жол — екпе салдыру, – деді Әбдіманап Қошқарұлы.
Департаменттің эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы З.Есенғараеваның сөзінше, жыл басынан бері 8 тамызға дейін 21 535 нысан санитариялық-ағарту жұмыстарымен қамтылған. Барлық объектілерде коронавирустық инфекцияның (COVID -19) таралуына жол бермеу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мониторинг қорытындысы бойынша 2 096 жауапты тұлғаға (жеке тұлға — 1969, жеке кәсіпкер — 75, заңды тұлға — 14, лауазымды тұлға — 38) хаттама толтырылған.
Баспасөз мәслихатында Департамент басшысының орынбасары А.Ахметов «Ashyq» жобасы бойынша атқарылған жұмыстарды мәлімдеді.
– Шымкент қаласы бойынша «Ashyq» жобасына 938 нысан енді. Бұл жобаға қатысушы нысандарға QR-коды арқылы «қызыл» және «сары» статуспен анықталған жеке тұлғалар бойынша 573 хабарлама түсті. Қала бойынша 482, соның 212-і «қызыл» және 270-і «сары» статуспен анықталды. Осы ретте анықталған тұлғаларға 14-күндік үй карантинін сақтаулары керектігі туралы хабарлама берілді. «Сары» статуспен анықталған тұлғаларға санитариялық-эпидемияға қарсы шараларды орындаулары туралы 251 қаулы шығарылды, – деді Алдарқұл Райымқұлұлы.
Сонымен қатар, басқа облыстардан келіп анықталған жеке тұлғалар (91 адам) бойынша санитариялық-профилактикалық іс-шаралар атқару үшін аумақтық департаменттерге хаттар жолданды. Карантин режимін сақтамай «қызыл» мәртебесімен анықталған 65 жеке тұлғаға 2 800 320 теңгеге айыппұл салынды. Бұл орайда анықталған тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту жұмыстары жалғасуда.

Leave a reply