БАСҚАРМА БАСШЫСЫ ТҰРҒЫНДАРДЫ ВАКЦИНА АЛУҒА ЖӘНЕ ДӘРІГЕРДІҢ ХАТТАМАСЫНА СӘЙКЕС ЕМДЕЛУГЕ ШАҚЫРДЫ

0
113

Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Л.Қашқымбаева және Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Б.Позиловтың қатысуымен брифинг өтті.
Баспасөз мәжілісінде Ләззат Рсымбекқызы дәріxаналар, медициналық бұйымдардың қоры және емшара кабинеттерінің жұмысы туралы айтты.
– Департамент апта сайын дәріханалар мен көтерме сауда қоймаларында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың болуына талдау жүргізеді. Сондай-ақ, Департамент тарапынан COVID-19, ЖРВИ және вирустық пневмония симптомдары бар емшара кабинеттерінде рецептсіз тағайындауларды (оның ішінде антибиотиктерді) және пациенттерді емдеуге рұқсат берілмейді. Бұл пациенттер инфекциялық стационар немесе үйдегі стационар жағдайында емделуі және өзінің учаскелік дәрігерінің қатаң бақылауында болуы тиіс. Барлық пациент МӘМС және ТМККК пакеті шеңберінде дәрілік заттармен тегін қамтамасыз етуі тиіс, – деді орынбасар.
Спикердің сөзінше, өзін-өзі емдеу және диагностика мен емдеу хаттамасын сақтамау ауыр науқастар үлесінің артуына алып келген. Антибиотиктерді негізсіз тағайындау кейіннен ағзаның инфекцияларға төзімділігіне әсер етеді. Сонымен қатар, дәріханаларда ашылған емдеу бөлмелерінде жұқпалы ауруларды емдеуге лицензия жоқ. Яғни, бұған рұқсаты жоқ медициналық қызмет көрсету фактілері болып есептеледі.
Сонымен қатар, департамент сапасыз медициналық көмек көрсету жөніндегі өтініштерді қарайды. Аталған фактілерді қарау үшін аккредиттелген тәуелсіз сарапшылар тартылады. Бұл түсетін шағымдардың негізділігін анықтауға және тиісті әкімшілік шараларды қолдануға мүмкіндік береді.
Брифинг барысында қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Жолдасбекұлы тұрғындарды вакцина алуға және дәрігердің хаттамасына сәйкес емделуге шақырды.
– Қазіргі таңда еліміз бойынша вакциналау бойынша Шымкент қаласы 1-орында тұр. Қала бойынша бүгінде I компонентпен 391 972 адамға, ІІ компонентпен 316 030 адамға вакцинациялау жасалды. Ұжымдық иммунитет қалыптастыру арқылы біз аты жаман індетті жеңе аламыз. Оның бірден-бір жолы – екпе қабылдау. Барлық қала тұрғынын екпе қабылдап, мына дертпен бірге күресуге шақырамын. Бүгінде медицина қызметкерлері қатаң жұмыс істеу режиміне көшті. Яғни сенбі, жексенбі күндері де екпе алуға мүмкіндіктер қарастырылып отыр, – деді басқарма басшысы.
Айта кетейік, қалада өткен тәулікте I компонентпен 2 658 адамға, ІІ компонентпен 3 706 адамға вакцина салынды. Бұл ретте тұрғындарды вакцинациялауды ұйымдастыру үшін 43 егу бекеті бар. Одан бөлек, 25 жылжымалы егу бекеті жұмыс жасайды.

Leave a reply