Saturday, November 23

ШЫМКЕНТ: ПРЕЗИДЕНТТІК ЖАСТАР КАДР РЕЗЕРВІНЕ 50 КАНДИДАТ ІРІКТЕЛЕДІ

0
124

Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Әли Көмекбаев және ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Әділет Нысанбаевтың қатысуымен брифинг өтті.

Баспасөз мәжілісінде Әли Амантайұлы Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу туралы айтты.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Президент жанындағы жастар кадр резерві жөніндегі Ұлттық комиссия резервке және оны өткізу жоспарына қатысты іріктеу тәртібін бекітті. Яғни, осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап резервке кезекті іріктеу басталады. Оның қорытындысы бойынша мемлекеттік сектор үшін 50 резервші іріктеледі. Негізгі талаптар: азаматтығы, жасы, білімі және жұмыс өтілі, – деді департамент басшысы.

Спикердің сөзінше, конкурсқа қатысуға 35 жастан аспаған, жоғары білімі және кемінде бес жыл еңбек өтілі бар ҚР-ның азаматтары жіберілмек. Бұл іріктеудің алдыңғы іріктеуден айырмашылығы – рекрутинг процесі талап етілетін білімді, дағдыларды анықтауға ғана емес, сонымен қатар, кандидаттардың шынайы мотивтері мен олардың құндылық бағдарларын бағалауға бағытталған.

Брифинг барысында Әділет Әділбекұлы Резервке алу үшін үміткерлерге өту керек кезеңдерді мәлімдеді.

– Резервке алу үшін үміткерлерге бірнеше жүйелі кезеңдерден өту керек. Олар: кандидаттардың құжаттарын қабылдау, сандық және мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау, ситуациялық тапсырмаларды шешу, құзыреттерді бағалау, сараптамалық комиссияда қатысушылармен әңгімелесу, кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссияда қатысушылардың кандидатураларын қарау. Көптеген кезең онлайн режимінде өтеді. Алғашқы екі блоктан өту нәтижелері бойынша үміткерлерді бағалау верификациялауға жіберіледі. Яғни, нәтижелер расталады. Тестілеуді верификациялауға ең жоғары нәтиже көрсеткен 1 000 кандидат жіберіледі, – деді филиал директоры.

Әділет Нысанбаевтың айтуынша, «құзыреттерді бағалау» кезеңіне 250 адам, ал келесі Сарапшылық комиссияда әңгімелесуге жоғары көрсеткіштегі 100 кандидат жіберілмек. Сарапшылық комиссия отырысының қорытындысы бойынша Ұлттық комиссияның отырысында қарау үшін ұсынылатын 65 кандидаттан аспайтын тізім құрылмақ. Ұлттық комиссия отырысының қорытындысы бойынша Президенттік жастар кадр резервіне 50-ден аспайтын кандидатты қабылдау туралы шешім қабылданады.

Ескертетін жайт, биылғы жастар Президенттік кадр резервіне іріктеудің жаңашылдығының бірі үміткерлерге мемлекеттік тілді білу деңгейін растайтын құжат талап етіледі. Үміткерлерге мемлекеттік тілді білуді растайтың Казтест немесе Қазақ ресми тест сертификаттары болуы шарт.

Айта кетейік, Казтест офлайн форматта өтуі қажет болса, Қазақ ресми тесті үміткерлер өздеріне ыңғайлы уақытта онлайн тапсыра алады. Ол үшін веб камерасы, микрофоны және интернеті бар компьютер болуы керек. Сондай-ақ, Президенттік жастар кадр резервіне іріктеуге қатысатын үміткерлер үшін 13–25 қыркүйек аралығында QAZAQ RESMI TEST-ке дайындық курстары ұйымдастырылады. Тегін онлайн курс сағат 19:00-ден 21:00-ге дейін Академияның YouTube арнасында өтеді. Ақылы курстар сағат 13:00-ден 14:30-ға дейін Teams платформасында (алдын ала тіркелу қажет) өтеді.

Еске салсақ, Президенттік резервке іріктеу бойынша толық ақпаратты «pkrezerv.gov.kz» сайтынан алуға болады. Резервте болу мерзімі 3 жылды құрайды.

Leave a reply