«Шаңырақ» бағытымен тұрғын үй кезегінде тұрған 1728 азамат несиелік баспанаға қол жеткізеді

0
110

«Шаңырақ» бағдарламасы бойынша Тұран шағын ауданындағы кредиттік тұрғын үйлердің конкурсына өтінім беріп, төлем қабілетін растаған азаматтардың Отбасы банк берген хабарлама хаты жыл соңына дейін жарамды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша «Шаңырақ» бағытымен тапсырылған несиелік 27 тұрғын үйді басқарма теңгеріміне мемлекеттік органдармен тіркеу жұмыстары жүргізілуде.

Несиелік бағыттағы пәтерлер толығымен тұрғын үй басқармасының теңгеріміне өткізілген соң, азаматтар сатып алу туралы келісім шартын рәсімдейді. Кейін банктен ипотекалық қарыз шартын беруді мақұлдау туралы хабарлама хатын ұсынып, тұрғын үй сертификатына қатысу мүмкіндігіне ие болады.

Нәтижесінде Шымкент қаласы бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Шаңырақ» бағытымен тұрғын үй кезегінде тұрған 1728 азамат несиелік баспанаға қол жеткізеді.

Жалпы үш жыл бұрын Шымкент қаласында 402,5 мың шаршы метр тұрғын үй берілсе, биыл бір миллионға жеткізу жоспарлануда. Қазіргі таңда қалада жеке салушылар есебінен 8 639 пәтерлі 178, бюджет есебінен 5 912 пәтерлі 97 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Шымкент қаласында тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 70,9 пайызға артқан.

Leave a reply