ШЫМКЕНТ: ЖҰМЫСШЫЛАРДЫҢ ЕҢБЕК ҚҰҚЫҒЫ БАСТЫ НАЗАРДА
Еңбек қатынастары саласындағы кемшіліктер әрбір тексеру сайын анықталады және негізінен басшылар мен қатардағы қызметкерлердің еңбек заңнамаларын жете білмеуінен орын алады. Осыны негізге алған Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов қаладағы ірі және орта кәсіпорындар ұжымына еңбек заңнамасының сақталуы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырған болатын.
Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес мемлекеттік еңбек инспекциясының қызметкерлері қаладағы 200-ге жуық ірі және орта кәсіпорындардың еңбек заңнамасын сақтауы бойынша тәуекел деңгейіне талдау жүргізді. Талдау нәтижесімен қауіпті аймақта тұрған тәуекелдік деңгейі жоғары 54 кәсіпорын анықталған. Басқарма мамандары аталған кәсіпорындардың еңбек ұжымымен кездесу өткізіп, COVID-19 ауруына қарсы екпе алу, еңбек заңнамасына енгізілген өзгерістер және өндірістерде еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда 20 кәсіпорында семинар өтті.
Осы мақсаттағы жұмыстарды жалғастыру мақсатында қала әкімінің орынбасары М.Исахов пресс-тур барысында «Бәйтерек ЛБ» ЖШС ұжымымен кездесті.
Бұл серіктестік жасыл желектерді күтіп ұстау мен санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізетін кәсіпорындарының бірі, науқан кезеңдеінде 200-ге жуық жұмыскер осы ұжымда еңбек етеді. Семинарда еңбек заңнамасына енгізілген өзгерістер, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, COVID-19 инфекциясына қарсы вакцинациялау, ұжымдық және еңбек шарттарын жасасудың маңыздылығы, өндірістік жарақаттану, кәсіби аурушаңдықтан сақталу, қауіпті жағдайларды алдын ала ескерту туралы түсіндірме берілді.
Қазақстан Республикасы Заңнамасына сәйкес, әрбір қызметкер еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға, сондай-ақ еңбек, ұжымдық шарттарға сәйкес, санитарлық-тұрмыстық жайлармен, жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге құқылы екені түсіндірілді.