ТҮРКІСТАНДЫҚ 238 ТҰРҒЫН АЙЫППҰЛ АРҚАЛАДЫ
Түркістан қаласында тазалық сақтау жұмыстары қатаң қадағалануда.
Жалпы қала аумағында 875 көше, 845 шақырым жол, 18 гектарды құрайтын бір қоқыс полигоны бар.
Оның ішінде 787 көшеге санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіледі.
787 көшенің 136 көшесіне механикалық жолмен тазалық жасалса, 651 көшесіне қолмен тазалау жүргізіледі. Орталық маңызы бар 39 көшеге күнделікті таңертен және кешке тазалық жұмыстары жүргізіледі.
Жыл басынан бері ҚІІБ-ның қызметкерлері мен сектор мамандары тұрғындармен тазалық сақтау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, оның ішінде тазалық талаптарын бұзған 238 азаматқа шара көрілді.
Атап айтсақ, Отырар секторында – 25 адамға, Сауран секторында – 25 азаматқа, Бірлік тұрғын алабында – 31 азаматқа айыппұл салынған. Ал, қалған Шауғар секторында – 58 дерек анықталса, Бекзат тұрғын алабында – 60 азаматқа, Яссы секторында – 39 тұрғынға хаттама толтырылып, айыппұл жазылған.
Осы орайда, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңының 434-2-бабына сәйкес, ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, скверлерді ластау, оның ішінде белгіленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау – 5 АЕК мөлшерінде айыппұл белгіленгені тұрғындарға түсіндірілуде.
Сондай-ақ, Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде осы әрекеттер қай жасалған жағдайда айыппұл мөлшері 10 АЕК-ке ұлғаятыны ескертілуде.
Одан бөлек, секторлар тарапынан санитарлық тазалық бойынша “Белгіленбеген аумаққа қоқыс төгу”, “Бекітілген кестеден бұрын үйден қоқыс шығармау” жөнінде тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.