Жонның бойындағы қызу еңбек

0
126

 Шаруа үшін қолайлы кезең- жаз айы. Әрбір күнді тиімді пайдаланған еңбек адамына бұл шақ тынымсыз тіршілік етудің ұтымды сәті. Қазір қолына мал ұстаған адамдар күндіз-түні сол төрт түліктің азығын дайындауға жұмыла кіріскен.

Биыл сәуір айында жауын шашын болмаса да мамырда жерге ылғал мол түсті. Соның әсерінен шөптің көтерілуіне мүмкіндік туды. Әсіресе ағымдағы жылы жонға шөп бітік шықты. Бұл шаруаларға қуаныш әкелді. Шөптің бітік шығуы- мол өнім алудың кепілі.

Даладағы қызу еңбек, орақтың сырылы жанды жадыратып, көңілге шаттық сезімін ұялатады. Жылдағы дәстүр бойынша Сұлтанбек Еркінбеков те мал азығын дайындау науқанына ерте бастан қамданды. Әуелі техникаларын сайлап, ретке келтірді. Тозығы жеткен бөлшектерін ауыстырып, жаңалады. Әсіресе орақтың науқан кезінде кідіріссіз жүруі керек. Ақаулануы көп болса, жұмысқа қолбайлау болады. Ерінбей-жалықпай жұмыс жасап, қалаға барып, базар аралап, техникаларының қосалқы бөлшектерін алып келді. Барлығы удай қымбат. Әйтсе де оған қараған жоқ. Керекті заттарды жеткізіп алды. Біраз бөлешктерді алыс қалаларға тапсырыс беріп жеткізді. Шөп тайлайтын техникасын да талапқа сай жабдықтады. Байлайтын жіпті де мол етіп алдырды. Жылдағы жасап жүрген жұмысы болған соң Сұлтанбек тыңғылықты дайындықты науқан басталмастан бұрын жүргізді. Бүгінгі істі ертеңге қалдырмайтын дағды оның бойына бала кезден қалыптасқан. Нәтижесінде оның пайдалы екендігін күнделікті тіршілікте көріпк еле жатқан жайы бар. Бұндай ұқыптылықты ол бауырларына да үйретуден жалыққан емес.

Мал азығын мол етіп дайындап алу- қыс маусымында қысылмаудың басты кепілі екендігін С.Еркінбеков жақсы түсінеді. Оның үстіне биылғы жыл азықты мол етіп дайындауға мүмкіндік тудырып тұр. Әсіресе Жонның бойында шөп бітік өскен. Енді осы сәтті тиімді пайдаланып шөптің мол қорын жасақтап алған абзал.

Жақында жолымыз түсіп Сұлтанбек Қуанышбекұлының жаз жайлауы «Арпа бұлақ» өңіріне барған едік. Сонадайда бір отар қой бытырай жайылып жүр. Бертінректе жайқалған шөп алқабынан Сұлтанбекті кездестірдік. Зырылдаған орақтың үні даланы еңбек дүбіріне бөлеген. Жақындай барып амандық сұрастық. Жүзін көктемнің самал желі өпкен қараторы келген жігіт ағасы бізбен емен-жарқын әңгімелесті.

Аға, шөп дайындау жұмыстарын бастағанымызға бір-екі аптадай уақыт болды. Шөптің түсімі көңілдегідей. Жыл сайын коператив малына мал азығын өз күшімізбен дайындаймыз. Сол үрдіс биылғы жылы да жалғасын табуда. Шаруашылығымызда трактор, орақ, шөп тайлағыш, тырма, жүк автокөлігі бар. Науқан басталмас бұрын барлық техниканы сайлап алған едік. Соның арқасында қазіргі кезде техникаларымыз кідіріссіз жүріп тұр. Бағымымыздағы қойларды інім қарайды. Өзім шөп дайындау науқанына басшылық жасаймын. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей бауырларыммен бірге осы шаруаны да қоса атқарамыз.

Таңмен таласа тұрып шөп оруды бастап кеткенбіз. Өзіңіз көріп тұрғандай таң азаннан бері бірталай жердің шөбін жапырып тастадық. Анау тұста інім Ағабек орылған шөптерді тайлап жүр.

Орылған шөптердің қыстық мал қорамызға жеткізіп жатырыз. Қалғанын қол жетімді бағада ауылдастарымызға сатамыз.

Жалпы мал азығын дайындау жұмыстарын қара күзге дейін жүргіземіз. Шөпшілерге уақтылы ас-суын жеткізіп беру де оңай шаруа емес. Сондықтан бел шешпей еңбек етіп жүрген жігіттерге барынша жағдай жасаймыз. Техникалары ақауланып қалса, тез арада қалыпқа келтіріп беруге күш саламын.

Ауылдастарыма айтар едім:

Биылғы жылы табиғат кеңшілік жасап мол мүмкіндік беріп тұр. Сондықтан осы бір ұтымды сәтті тиімді пайдаланған абзал.

Қолға орақ, шалғы орақ алып Жонның бойындағы сай-саладан да мол шөп қорын жасақтап алуға болады. Ол үшін ерінбей еңбек ету керек деп есептеймін.

Дана халқымызда: «Қамданған қапы қалмайды» деген әдемі тәмсіл бар. Сондықтан қыстың қытымыр аязында мал азықтан тарықпасын десек осы кезден жатпай-тұрмай қам жасап еңбек еткеніміз дұрыс,-деді Сұлтанбек. «Құмкент» өндірістік кооперативінің аға шопаны Сұлтанбек Еркінбековтің еселі еңбегі жемісті болсын деген игі тілекпен қоштастық.

Сәрсенбек Теңізбаев.

(Созақ үні газетінің №45 22.06.2022ж басылымынан)

Leave a reply