Дінислам Болатханұлы: Мектеп тек қана бюджет есебінен емес, жекеменшік және мемлекеттік әріптестік есебінен жүргізуге тағы да инвесторларды күтіп отырмыз

0
191

Биылғы оқу жылы сәтімен аяқталды. Осыдан үш ай бұрын Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы болып тағайындалған Дінислам Болатханұлымен кездесіп, алдағы жылдары атқарылатын жаңа жобалар жөнінде көкейдегі сұрақтарымызды қойған болатынбыз.

– Дінислам Болатханұлы, биылғы оқу жылын қалай аяқтадыңыздар?

– Біздің Түркістан өңірінің әлеуеті жоғары. Соған қарамастан әлі де дамитын тұстарымыз өте көп. Барлық тәуекелдерді көріп отырмыз. Сондықтан да, Түркістан облысының білім саласын дамыту бағдарламасы дайындалып жатыр. Өздеріңіз білесіздер, қазан айында 2025 жылға дейін «Білімді ұлт» жобасы қабылданды. Соған сәйкес, Түркістан облысында білім саласының дамуы бойынша жергілікті даму бағдарламасын әзірлеп жатырмыз. Онда мектеп құрылысынан бастап, жалпы мектептегі білім мазмұны, тәрбие, қосымша білім саласының барлығын қамтитын боламыз. Жұмыс тобы осы мәселемен айналысуда. Жақын арада даму бағдарламасының тұсаукесері болады.

– Қазір мектеп пен колледж бітірушілердің нарықтағы сұранысқа сай мамандық алып шығуын қалай үйлестіруге болады?

– Иә, дұрыс айтасыз. Өкінішке орай, ол ақиқат. Нарыққа сай емес кадрлер көбейді. Ол көзге ұрып тұр. «PISA» деген халықаралық ұйым бар. Дамыған мемлекеттердің экономикалық одағына мүше елдердің білім сапасын бағалайтын «PISA» ұйымы халықаралық зерттеулерінің нәтижесін көріп отырмыз. Сонымен қатар, министрлік тарапынан жүргізілетін оқушылардың білім сапасын тексерудің сараптау қорытындысы бойынша да, мәселелер бар екенін жасырмаймыз. Осыған ерекше назар аударамыз. Бұл стереотипті де жақында бұзатын боламыз. Ол бойынша біздің нақты қадамдарымыз бар. Біз кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіне назар аударуымыз керек. Адам өзінен өзі адами капиталға айналмайды. Адам білімді болса, құзыретті, білікті болса, ол капиталға айналады. Қолында ешқандай біліктілік, құзыреттілік болмаса, онда ол өкінішке орай, қоғамның масылына айналып, елдің де қоғамның да ілгері дамуына да жақсы әсері бола бермейді. Сондықтан, осы ретте кәсіптік техникалық колледждің маңызы зор. Оның үстіне қазір министрлік тарапынан да жақсы қадамдар жасалып, академиялық еркіндік беріліп жатыр. Кәсіпкерлік нысандары колледждерге нарықтағы өзгерістерге байланысты нақты мамандықтарға сұраныс беріп отырса, колледждер де сол мамандарды дайындауға құлшына кірісер еді.

Бізге ең өзектісі – уақыт. Ол жетіспейтін ресурс. Сол уақытты тез ұтымды пайдаланып, нарыққа дұрыс бейім мамандарды жіберуіміз керек. Ендігі бір үлкен нәрсе ол, дуальды оқыту. Ол өндірісі қалыптасқан, кең ареалды өндіріс болған өңірде дуальды оқыту жүйесі дамиды. Енді өздеріңіз білесіздер, Түркістан облысы бөлінгеннен кейін негізгі өндіріс орындары Шымкентте қалып қойды. Ал, Түркістанда енді-енді қалыптасып, облыс басшылығының бастамашылығымен үлкен жұмыстар жасалып жатыр. Енді өндіріс көздері де дамитын болады. Бірақ қазіргі автоматтандыру, цифрландыру заманында қандай үлкен өндіріс болмасын баяғы Кеңес Одағы кезіндегідей гигант зауыттарды күтудің қажеті жоқ. Бұрын мысалы Кентауда үш үлкен эксковатор, транформатор зауыттары мен Ащысай полиметалл комбинаты болатын. Сөйтіп, бүкіл Кентау халқы үш өндіріс орындарында жұмыс істеді.

Қазір енді олай емес, өндіріске миллиардтаған қаржы құйса да, ары кеткенде 150 адам ғана жұмыспен қамтылады. Біз сондықтан шағын және орта бизнес нысандарына қарай ойысуымыз керек. Бұл жерде біздің дуальды оқу жүйеміз осы тәжірибеге орай, бағыт-бағдар беруі тиіс. Балалар колледжде оқып жатқан кезде бір құзыреттілікті үйренуі керек. Бала колледжді бітірген кезде, қолында дипломы мен жеке дара кәсіпкерлікке тиісті сертификатымен және лажы болса, қазір мемлекет тарапынан жастарға үлкен қолдау бағдарламалары бар, соның ішінде қайтарымсыз гранттарды алып беріп, қолына бизнес-жоспар ұстатып, шығарсақ па деген ойымыз бар.

Өз кезегінде шағын және орта бизнеске адам факторы керек. Бұл жерде тамақты пісірсе де адам, киім тіксе де, қолөнер бұйымдарын жасаса да адам жасайды. Демек, ол жерлерде адамның қол күші қажет болғандықтан, жұмыс күші де көп керек болады. Біз сол колледждердің жұмысын осы бағыттарға және ауыл шаруашылығына бейімдеп жатырмыз.

Біздің Түркістан өңірінде дәстүрлі ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Қазақстанның азық-түлік тәуелсіздігіне, қауіпсіздігіне Түркістан облысының қосатын үлесі мол. Бізде осы ауыл шаруашылығына ғылым мен жаңа технологияны енгізу мәселесі – өте өзекті. Міне, соған мұрындық ретінде біздің түсінігімізде бірінші кезекте дәл сол колледждерде жаңа технологияларды игеріп, пайдаланып үйрету колледждің флагманы болуы керек.

Сондықтан да, колледждердің жұмысына біз қайтадан баға беріп, сараптаудан өткізіп, нарық бір бөлек, колледж жұмысы бір бөлек, бір-бірімен қиылыспайтын параллель әлемде өмір сүрмеуі керек. Керісінше, біте қайнасып, бір-біріндегі өзгерістерді бірден сезіп, соған қарай бейімделуге әрекет жасауы керек деген бағыт-бағдарды өзімізге белгілеп отырмыз.

Мектеп бітірушілеріне сұранысқа ие мамандықтар бойынша кәсіптік білім алуды бағдарлау мақсатында мектеп базаларында кәсіби бағдарлау бұрыштары ашылған. Бұл туралы нақты ақпаратты оқу бөлімі бере алады. Сонымен қатар, мемлекеттік білім беру тапсырысы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 29 қаңтардағы №122 бұйрығына сәйкес, өңірдегі еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, орналастырылады. Бұл мақсатта мемлекеттік білім беру тапсырысын бекіту үшін облыстық кәсіпкерлер палатасы, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен жергілікті атқарушы органдарының құрылымдық бөлімшелерінен тиісті ұсыныстар жинақталып, арнайы құрылған комиссияға ұсынылады.

Жаңа оқу жылына колледждерге оқуға түсу үшін талапкерлерден құжаттарды қабылдау барысында ақпараттық платформа арқылы BTS Education порталына сілтеме жасалған кәсіби диагностикадан өтуге мүмкіндігі бар. Бұл диагностика жеке тұлғаның кәсіби бағдарлануына және өз талабына сай мамандық таңдауға мүмкіндік береді.

– Өңірде қанша мектеп үш ауысыммен оқытады? Таяу жылдары қанша мектеп тұрғызу ойларыңызда бар?

– Сұрағыңыз өте орынды. Түркістан облысында үш ауысыммен оқытатын мектептердің мәселесін шешу дұрыс жолға қойылған. Өткен жылы 59 мектептің құрылысы жүрді. Қазір 57 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Өткен жылы 44 мектеп пайдалануға берілді. Қазір қырықтан аса мектептердің құрылысының аяқталуын күтіп отырмыз. Осындай үлкен қыруар жұмыстардың арқасында қазіргі уақытта үш ауысымдағы мектептің саны алтау болып отыр. Әлі де біз 2025 жылға дейін 199 мектеп салуды жоспарлап отырмыз.

Осы бағытта облыс басшылығы тарапынан үлкен қолдау бар. Сондықтан да, бұл тек үш ауысымды мектептерге ғана қатысты емес, ғимараттары ыңғайластырылған мектептер де өте көп болып отыр. Елді-мекендерде саманнан, шикі кесектен салынған мектептер, кей ауылдарда асарлатып салынған мектептер бар. Соның барлығын біртіндеп, кезең-кезеңімен ретке келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы, Қазақстан бойынша мың мектеп салынатын болса, оның екі жүзі біздің Түркістан облысында салынады. Мектеп тек қана бюджет есебінен емес, жекеменшік және мемлекеттік әріптестік есебінен жүргізуге тағы да инвесторларды күтіп отырмыз. Біз қазір инвесторларға арнайы карта дайындап, «мына жерде мынандай мектеп салуға болады» деп, оларға да жол сілтеп отырамыз. Ертең олар мектеп салғаннан кейін, өңірдегі мектептерде бала саны жетіспеушілігі болмауы тиіс.

– Мен жақында Жаңа Иқан ауылында болдым. Сол ауылдың екі кәсіпкері жекеменшік мемлекеттік әріптестік аясында заманауи мектептер салған. Осындай жобалар жүзеге асырылса, сіздер жұмсалған қаржыны қанша жылда өтеуге уәде бере аласыздар?

– Ол екі жақты келісім-шартта нақтылы көрсетіледі. Қазір оқу-ағарту министрлігінің қаржы орталығы бар. Сегіз жылға дейін өтемақы жасалады. Бұл екі жаққа да ыңғайлы жоба. Оның үстіне олар әр баланың басына қаржыландырылып жатады. Дәл сондай қолайлы механизмдері болғандықтан Түркістан облысында жеке кәсіпкерлер тарапынан мектептерді салу үдерісі өте жоғары деп айтуға болады. Соңғы деректер бойынша, мектеп салу ісінде республикада озып келеміз.

– Бұған дейін мұғалімдердің қағазбастылығы оқу үдерісіне көп зиянын тигізіп келді. Оның сыртында жүктемесі де көп болатын. Электронды оқу үдерісі осы қағазбастылықты азайтты ма?

– Дұрыс айтасыз. Бізде шындығында мұғалімнің көп уақытын алатын нәрсе – ол қағазбастылық. Одан құтқарудың тура жолы – іс қағаздарын жүргізуді автоматтандыру. Қазіргі таңда мұғалімнің жағдайын жасаумен қатар талап та күшейіп келе жатыр. Иә, біз білім сапасын талап етіп отырамыз. Одан кейін қосымша құзыреттіліктер де талап етіледі. Оның ішінде компьютермен жұмыс істей білуі. Не болмаса, смартфондарда тиісті қосымшаларды пайдалана білуі керек. Балаларға соны үйрету, көрсете білуі тиіс.

Қазіргі мұғалім тақта мен бор, кітап болса болды дейтін баяғы мұғалім емес. Мұғалім тұрақты түрде өзінің біліктілігін, құзыреттілігін үнемі жетілдіріп отыруы тиіс. Оның үстіне министрлік тарапынан үнемі қолдаулар жасалып келеді. Соған байланысты мұғалімдердің білімін жетілдіру курстары жүргізіліп жатыр. Сол сияқты біз кітапты сатып аламыз. Қажетті фильмге ақы төлейміз. Соған сәйкес, әрбір маман тегін курстарға қатысып қана қоймай, өз біліктілігін жетілдіруге ақылы болса да қатысуы тиіс. Мұғалім де өзінің біліктілігін жетілдіруден қаржы аямауы тиіс деп ойлаймын. Сол кезде мұғалім білімді болса, оның айналасынан балалар үйренгісі келіп шықпайтын болса, одан қосымша сабақ сұрап жатса, ондай мұғалімді ешбір басшы көше сыпыруға жібермейді. Себебі, ол мұғалімнің қадірі өте жоғары болады. Ыбырай Алтынсариннің «Мектептің жүрегі-мұғалім» деген жақсы сөзі бар. Расы сол.

Кейбір мектепті ата-ана таңдаған кезде, мектептің сәнді, жаңа болуына емес, «Мықты математик бар. Бастауыш сыныбының мұғалімі керемет» деп бағалап, баласын, немересін жетектеп сол мектепке барады. Заман сондай. Мұғалім шын мәніндегі кәсіби шебер болса, оның абырой беделі де жоғары.

Мектептердің жүктемесіне келетін болсақ, оны өздеріңіз білесіздер, мұғалімдердің жүктемесі 18 сағаттан 16 сағатқа қысқартылды. Психологтар, зерттеушілер, медицина қызметкерлері 18 сағат жүктемені көтере алатындығы дәлелденген. Бұл үлкен зерттеулердің нәтижесінде пайда болған ұстаным. Сондықтан да, мен мысалы 24 сағатты алып, әрі сапалы білім беремін деген ұстазға сенбеймін. Оның кемшін тұстары көп болып жатады. Мұғалімнің бір сабағы кішігірім диссертация іспетті болуы тиіс. Жақында жаңа заң шығайын деп жатыр. Ол бойынша мұғалімге айлық жалақы белгіленіп, таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін жұмыс істейтін болады.

Қазіргі таңда облыстың барлық орта білім беру ұйымдары 2016 жылдың 1-қыркүйегінен бастап «Күнделік» электрондық журналдар мен күнделіктердің автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне 100% қосылған. «Күнделік» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде 69 098 мұғалім, 488 875 оқушы, 370 467 ата-аналар тіркелген.

– Жақында әлеуметтік желіде «Түркістан облысында 500-дей мұғалім санатын көтеру үшін сертификат сатып алды» деген ақпарат желдей есті. Бұл бойынша өзіңіз де брифинг бердіңіз. Осы істің ақыры қалай болып жатыр?

– Мұның түсін түстеп айтпай-ақ қояйын. Қазір тергеу амалдары жүріп жатқаннан кейін бұл іске әзірше баға беруге әлі ертерек. Күмән бар. Сол күмәнді сейілту үшін сертификаттары тексеруге берілді. Қазір құзырлы органдар жұмыс істеп жатыр. Міндетті түрде бұл мәселені соңына дейін жеткіземіз. Дәлелденіп, соттың үкімі шығып жатса, мұғалім деген атқа лайық емес деп ойлаймын.

– Жақында балабақшаларды аттестациялау кезінде олардың 80 пайызы көңілден шықпаған. Түркістан облысындағы жағдай қандай күйде? Осыған дейін ақылы балабақшалар болды. Енді мүмкін мектептерді де ақылы негізге аударғанның жөні бар шығар.

– Сіз мектептің ақылы болуын дұрыс деп ойлайтын шығарсыз. Негізі ойыңыз дұрыс. Біз бизнестің білім саласына келуін құптаймыз. Білім саласындағы бизнес ол –жалаң бизнес емес. Ол елдің, мемлекеттің болашағы. Бұл жерде бизнесмендер білім саласын табыс табу көзі емес, қайырымдылық секілді қаржы жұмсайтын сала деп ойлағаны жөн.

Бұл жерде тек мемлекеттік емес, жекеменшік балабақшалар да тексерілген. Соңғы кездері БАҚ-та жекеменшік балабақшалар туралы жағымсыз ақпараттар көп тарады. Сондықтан, министрлік амал жоқ аттестациялауға оралды. Мемлекет бір мезгіл осы жекеменшік балабақша мен мектептерді бақылап отыруы тиіс. Мүлдем қадағалаусыз, қараусыз қалдыруға болмайтындығына көзіміз жетіп жатыр.

Сондықтан да, мен министрліктің талапқа сай емес балабақшаның лицензиясын қайтарып алуын қолдаймын. Өйткені, біз көптеген балабақшалардың тиісті талаптарға сәйкес еместігін көріп отырмыз. Мұны  мемлекет  қана  емес нарыққа қатысушылар да оның ішінде ата-аналар да қадағалауы тиіс. Негізі, дұрыс қалыптасқан қоғамда сіздің ойыңыздағыдай ақылы мектеп, ақылы балабақша болғаны дұрыс. Менің кейде таң қалатыным, кей ата-аналар қандай нашар балабақша болса да, баласын беріп жатады. Ондай жағдайларда біз ата-аналарды қорғап қалуымыз керек. Балабақша көп болса, олардың арасында бәсекелестік орнап, ата-аналар дұрысына, сапалысына таңдау жасай алады. Ол өмір заңы.

– Мұғалімдерді қоғамдық жұмыстарға, сайлау үдерісіне тарту тоқталды ма? Бір жағынан мектептер секілді зиялы қауым өкілдері топтасқан жерлер де жоқ қой.

– Иә дұрыс айтасыз. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 27-желтоқсандағы «Педагог мәртебесі туралы» заңымен педагогтардың мәртебесі айқындалып, олардың құқықтары, әлеуметтік кепілдіктері және шектеулері, міндеттері мен жауапкершіліктері белгіленді. Соған сәйкес, педагогикалық жұмыс болмаса, ондай жұмыстарға қатысуына қатаң тыйым салынған. Егер ондай фактілер болатын болса, білім сапасын қамтамасыз ету департаментіне кез-келген мұғалім шағымдана алады. Және ол расталып шықса, соны жұмысқа тартқан лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сондықтан да, біз бұл мәселелерді үнемі бақылауда ұстап отырамыз.

Педагог мамандарының сайлау процесіне қатысуы – өзінің еркімен қабылданатын шешім, себебі аталған іс-шараға мұғалім ретінде емес, өзінің бос уақытын тиімді пайдаланып, қосымша қаражат табуды көздеген азамат ретінде қатысуға құқығы бар. Егер, аталған іс-шаралар мұғалімнің күнделікті сабағына, бала тәрбиесіне кері әсерін тигізбейтін болса, кедергі емес.

Керісінше, мұғалім сол қоғамда үлгі болатындай зиялы қауым өкілі. Бетке ұстар азамат ретінде саяси, қоғамдық іс-шараларға қатысуға құқылы. Алайда, біз мұғалімнің есебінен ешқашан басқалардың ұпай толтыруына мүмкіндік бермейміз. Біреудің қара жұмысын істеткізу дегендей. Екінші жағынан ол мұғалім ғана емес қой. Ол қоғамның белді мүшесі. Сондықтан ол мемлекетте, ауылда, қалада болып жатқан қоғамдық, саяси өмірге адам, азамат ретінде, тұрғын ретінде қатысып жатады. Оған әр азаматтың құқығы бар. Мен өзім де сенбіліктерге жиі қатысамын. Тұрып жатқан көшемнің ауласын тазалауға қатысамын. Мен мұны мұғалім ретінде емес, азамат, қала тұрғыны ретінде жасаймын.

– Сіз фейсбук парақшаңызда оқу орындарындағы сыбайлас жемқорлықты қамқоршылық кеңес пен кәсіподақ ұйымы арқылы шешуге болады деген пікір айтыпсыз. Ол ғана емес мектептерде болып жатқан түрлі тәртіпсіздіктерді де ретке келтірудің құралы осы шығар. Осы ойыңызды толықтыра кетсеңіз.

– Өте дұрыс айтасыз. Қамқоршылық кеңес деген дайын механизм. Бұл қоғамдық қадағалау, бақылау, керек болса, қоғамдық басқару. Мен сондықтан Қоғамдық кеңестің жұмысын барынша тиімді қолдануды алдыма мақсат етіп отырмын. Оны қайта құру мәселесін де көтеріп отырмын. Оны заңнамаға сәйкес, уәкілетті орган ретінде толыққанды пайдалануымыз керек. Оны таратуға біздің құзырымыз бар.

Қайта құрып, бізге Қамқоршылық кеңес директордың, мектеп басшылығының жұмысын қажет болса мұғалімнің де жұмысын қадағалайтын орган болуға тиіс. Олар ата-аналардың шағымына орай, белгілі бір пәннің сапасыз өткізіліп жатқанын тексеріп, мұғалімдер арасындағы келіспеушіліктерге де Қоғамдық кеңес пен кәсіподақ бірлесе отырып, қарап, талдап, барынша әділетті ортақ шешімдер шығаруына болады.

Кәсіподақтың міндеті –мұғалімнің құқығын қорғау. Оған барынша нақты ақыл-кеңестер беру. Біз қазіргі кезде осы қадағалау, бақылау, тексеру механизмдерін менің ойымша толыққанды пайдалана алмай отырмыз. Соны қолымызға алсақ па деген ойымыз бар.

– Бұрындары демократия басталған тұста мектептерде оқушылардың арасынан президент таңдалып, мектепті басқару ісіне олар араласып, сынып жетекшісін де өздері таңдайтындай дәрежеге жеткен жоқ па еді. Мүмкін, сол тәжірибені мектептерге енгізуге болатын шығар. Себебі, қазіргі оқушылар өте белсенді.

– Мен мектептегі өзін-өзі басқаруға толық қосыламын. Бұрын мектептің президенті, министрлері, парламенті де болатын. Бұл арқылы біз балаларымызды өзіне жауапкершілік алуға, басқару ісіне ерте араласуға, дұрыс шешім қабылдауға үйретеміз. Бұл бағытта қозғалыс бар.

– Алда қандай жобаларды жоспарлап отырсыздар?

– Облыстағы үлкен білім саласын дамытуға арналған кешенді бағдарлама әзірлеп жатырмыз. Оның негізгі тегершігі лейтмотиві автоматтандыру деп отырмыз. Біз барлық білім және бизнес үдерістерін адами факторлардың қатысуын мейлінше азайтып, цифрландыру және автоматтандыруға көшпекпіз. Бұл жерде есеп-қисап, жоспарлау, бюджеттің орындалуы, жұмысқа қабылдау және шығару, білімде IT платформаларын пайдалану – барша қызметтегі сыбайлас жемқорлық тәуекелін азайтады.

Оның сыртында Алматы, Астана секілді үлкен қалалардан білікті ұстаздарды осында шақырып жатпай ақ, онлайн сабақ өткізуді де жоспарлап отырмыз. Басты маңыз берілетін лейтмотиві – автоматтан-дыру мен цифрландыру болмақ.

– Биылдан бастап білім мен ғылым министрліктерінің ара жігінің ажырауы мектептердегі ғылыми жұмыстардың алға жылжуына кедергі келтірмей ме?

– Бұл министрліктің екіге бөлінуі-білім беру жұмысын жеңілдетеді. Әрине салалас, сабақтас болғандық-тан бір-бірімізге көмектесіп отырамыз. Екі министрліктің де біте қайнасып, жұмыс істейтін ортақ өнімі ол – бала. Біз қазірдің өзінде басқарма ретінде мәдениет, денсаулық, әлеуметтік қорғау және еңбек министрлігімен тіпті қаржы, ұлттық экономика министрлігімен де тығыз байланыста жұмыс жасап жатырмыз. Сондықтан, президенттің бұл шешімі жаңа жобалардың жедел жүзеге асырылуына мол мүмкіндік ашады деп есептеймін.

– Ұлытаудағы Ұлттық құрылтайдан қандай ой түйдіңіз? Келесі жылы Ұлттық құрылтайдың Түркістанда өткелі жатқаны туралы не айтасыз?

– Мен өзім қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, филология ғылымдарының кандидаты ретінде Ұлттық идеологияға, мазмұнға ерекше назар аударылғанына мен қазақ, азаматы, қазақ елінің тұрғыны ретінде өте қатты қуанып жүрмін.

Бұл біздің көкжиегімізді кеңейтіп, мол мүмкіндіктерге жол ашты. Ендігі жерде мектептердегі тәрбие жұмысын түбегейлі қайта құрып, құрылтай тапсырмаларына негіздеп, Отанымызды сүйетін, болашағынан үлкен үміт күттіретін азаматтарды тәрбиелеуге серпін беретін құралмен қаруландырып, бағыт-бағдарымызды темірқазықтай етіп айқындаған қадам болды.

– Алтын уақытыңызды бөліп сұқбат бергеніңізге үлкен рахмет. Халықтық қызметіңіз жемісті болсын!

Ескендір ЕРТАЙ.

Leave a reply