Четверг, 19 сентября

ТҮРКІСТАН: КИЕЛІ ҚАЛАДА САҚТАЛҒАН ҚҰРАНҒА ТҰҒЫР КҮРСІЛЕР

0
22

Күрсі – кітап оқығанда кітаптың астына қойылатын тұғыр. «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің қорында ағаштан жасалған күрсілердің бірнеше түрі сақталған.
Солардың бірі – КК 77 нөмірімен сақталған ағаш күрсі. Бұл ерекше күрсі шеге немесе желім пайдаланылмай тұтас емен ағашынан ойылып жасалған, қоңыр бояумен боялған. Жайылған кезінде ашылып қойылған кітап пішінін беретін жиналмалы күрсінің жасалу технологиясы өте күрделі. Күрсі Құранның қағаз бетіне түсірілген заманынан бері қолданылып келе жатқан бұйым. Ислам дінін ұстанған әрбір мұсылман адам Құран кітабын дәретсіз қолына ұстамайтыны және Құран кітапты жоғары қойып ерекше қадірлейтіні белгілі. Осындай күрсіге қойып оқу біріншіден Құран кітапты жерге қоймау мақсатында ойластырылған болса, екіншіден Құран кітапты сағаттап оқыған адамға күрсі өте ыңғайлы. Күрсіні шығыс халықтары әртүрлі атаған: Өзбек халқы «лаух», татарлар «лавх» десе ирандықтар «рейл», ал араб халқы «рахле» деген «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихимәдени қорық-музейінің қорында сақтаулы тұрған. Күрсінің жиналып тұрғандағы ұзындығы 49 см, ені 7 см. Күрсіні Алматы Қаз. музей жаңғырту шеберханасы 1978 ж. музейге тапсырған. Күрсіні жасауда шығыс халықтарының ұсталары әртүрлі материалдарды қолданған, әсіресе емен немесе жаңғақ ағаштарынан жасалған күрсілер халық арасында кең тараған.
Естеріңізге сала кетейік, қасиетті Құран Кәрім аталған музейде сан ғасырлар бойы сақталған. Осы ретте Түркістан облысының тұрғыдарына киелі кітап туралы бірнеше деректі ұсынып отырмыз.
1. Құран – Алланың сөзі, мұғжиза кітап. Мұның дәлелі – Құранды жеткізуші Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жазуды да, оқуды да білмеген.
2. Құран – «оқу» деген мағынаны білдіретін «қираа» сөзінен шыққан. Бұдан «қырағат» деген сөз шығады. Яғни, Құран – «оқу», «көп оқу» деген мағынаны білдіреді. Расында, Құран көп оқылатын кітап.
3. Сүре дегеніміз – белгілі бір мәтін көлемін қамтыған, соңы мен басы, атауы бар аяттар топтамасы. Сүрелер ұзын, орташа, қысқа болып келеді. Құран Кәрімде 114 сүре бар.
4. Құран Кәрімде 30 пара бар. Пара дегеніміз – Құран сүрелері мен аяттарының 20 беттен тұратын бөлігі.
5. Аят дегенміз – сүрелерді құрайтын белгілі бір бөліктер, сөйлемдер мен сөз тіркестері. Аят сөйлем секілді болғанымен, кейде бір тиянақты ойды білдірмейді. Бірнеше сөйлемнен де тұруы мүмкін. «Аят» – белгі деген мағынаны білдіреді.
6. Құран Кәрімдегі ең ұзын сүре – «Бақара» (286 аят), ең қысқа сүре – «Кәусар» (3 аят);
7. Құран Кәрімде 114 сүре, 6236 аят, 77 934 сөз, шамамен 323670 әріп бар.
8. Құран Кәрімдегі ең ұзын аят – «Бақара» сүресінің 282-аяты; ең қысқа аят – «Рахман» сүресінің 64-аяты.
9. Құран сүрелері Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бен сахабалардың Мекке қаласынан Мәдина қаласына қоныс аударуына байланысты «меккелік» және «мединелік» болып 2-ге бөлінеді. Сүрелердің 87-сі Меккелік кезеңде, 27-сі Мәдина кезеңінде түскен.
10. Құран Кәрімдегі 113 сүре «Бисмилләмен» басталған, тек «Тәубе» сүресі ғана «Бисмилләсіз» келеді. «Нәмл» сүресінде «Бисмиллә» екі мәрте келген. Бірі – сүренің басында, екіншісі – сүренің ішінде.
11. Құран аяттары 23 жыл бойы әр түрлі оқиғаларға, жағдаяттарға, сұрақтарға т.б байланысты бөлшектеліп түскен.
12. Құран – мүмкін болған өмірдің барлық тақырыптарын қамтыған жалғыз кітап. «Әнъам» сүресінің 38-аятында Алла Тағала: «Біз Кітапта» еш нәрсені қалдырмадық (бәрін жаздық)» дейді. Ибн Масғұд (оған Алла разы болсын) осыған байланысты: «Алла бұл Құранда мүмкін болған барлық ілімді түсірді және бізге барлық болмысты түсіндіріп берді» деген болатын.
13. Құран – жатқа оқу үшін ғана емес, ой жүгірту, амал жасау үшін түсірілген Алланың сөзі. «Қамар» сүресінің 17-аятында: «Расында, Құранды үгіт үшін оңайластырдық. Ал енді оны түсінуші бар ма?» делінген.
14. Құран – адамның тәні мен жанына шипа болатын жалғыз кітап. «Ей, адамдар! Тәңірлеріңнен сендерге насихат, жүректеріңдегі дерттеріңе дауа, мұсылмандарға тура жол және жарылқау ретінде Құран келді». («Юнус» сүресі, 57-аят
15. Құран Кәрімде 15 сәжде аяты бар: «Аъраф» (206), «Раъд» (15), «Нахл» (41), «Исра» (107), «Мәриям» (58), «Хаж» (18,77), «Фұрқан» (60), «Нәмл» (25), «Сәжде» (15), «Сад» (24), «Фуссиләт» (37), «Нәжм» (62), «Иншиқақ» (21), «Алақ» (19). Осы аятты оқыған және тыңдаған адам сәжде жасайды. …
16. Құран Кәрімде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Мұхаммед есімі 4 рет, Ахмад есімі 1 рет келген.
17. Құран – иман көтерудің ең басты құралы. «Нағыз мүміндер – Алла еске алынса, жүректері қобалжитын, оларға Алланың аяттары оқылса, имандары артып, Раббыларына тәуекел қылатын (жандар)» делінген.
18. Құран – барша әлемге (күллі жындар мен адамдарға) ескерту болған ұлы кітап. Қасиетті Кітапта: «Бүкіл әлемге бір ескертуші болуы үшін құлына (жақсы мен жаманды айыратын) Құранды түсірген Алла өте жоғары» делінген. («Фұрқан» сүресі, 1-аят).
19. Құран – Қияметте өзін оқығанға шапағат ететін (Алладан кешірім сұрайтын) жалғыз кітап. «Құран оқыңыздар! Расында, Қиямет күні ол өзін оқығанға шапағатшы ретінде келеді» деген. (Муслим).
20. Құран – өмірдің мәнін түсіндіруші, өмірлік мақсатты айқындаушы кітап.
21. Құран Кәрімде Алла Тағала адамды ойландыратын астарлы әңгімелер мен мысалдар келтіреді. «Алла мысалдарды адамдар ескеріп, ғибрат алулары үшін келтіреді». («Ибраһим» сүресі, 25-аят).
22. Құран – адамзатқа арналған заңдар жүйесін немесе жаратылыс құпиясы туралы деректерді ғана емес, тарихи оқиғалар туралы баяндамаларды да қамтиды. Ерекшелігі – пайғамбарлар мен елшілердің және олардың қауымдарының өмірлерінен суреттер, үзінділер болатын бұл оқиғаларды әлемдердің Раббысы баяндайды.
23. Құрандағы ең ұлы аят – «Бақара» сүресінің 255-аяты «Аятул Курси». Ғалымдар, «Аятул Курсидің» «ең ұлы аят» атану себебін мұнда Алла Тағаланың құлшылықтағы, раббылықтағы бірлігі айтылады және ұлылық, шексіздік сипаттары қамтылады деп түсіндірген.
24. Ең алғаш түскен аят – «Алақ» сүресінің алғашқы 5 аяты. Ең соңғы түскен аят – «Бақара» сүресінің 281-аяты.
25. Құранның анасы – «Фатиха» сүресі.
26. Құранның жүрегі – «Иа син» сүресі,
27. «Құранның шыңы – «Бақара» сүресі. «Әр нәрсенің шыңы бар. Құранның шыңы – «Бақара» сүресі. Бұл сүреде Құран аяттарының мырзасы Аятүл Күрсі бар». (Тирмизи).
28. Құранда бір ғана әйелдің аты аталған. Ол – күллі әйелдердің ардақтысы, Иса пайғамбардың анасы Мәриям анамыз. Оның есімі 33 рет аталады.
29. Соңғы түскен сүре – «Наср» сүресі.
30. Құрандағы 4 аяттан тұратын «Ықылас» сүресі Құранның үштен біріне тең келеді.
31. Құран Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көзі тірісінде бір кітап болмаған. Тек ол кісіден кейін билікке келген ардақты сахаба Әбу Бәкірдің (оған Алла разы болсын) билігі кезінде ғана бір кітап болып жинастырылды.
Дәулетияр АДИЕВ, қор сақтаушы.

Leave a reply