Керуен сарай – өткен мен бүгінгі күннің ұштасқан жері

0
102

Керуен сарайда туристердің жайлылығы үшін барлық жағдай жасалған  Облыс орталығы статусына ие болған 4 жылдың ішінде Түркістан шаһары адам танымастай өзгерді. Әсіресе қаладағы көз тартар әсем ғимараттар мен туристік нысандардың көптеп бой көтеруі туристік қаланың мәртебесін одан әрі асыра түскендей.  Қалада туристерді көптеп тартатын танымал жерлердің бірі – Керуен сарай.

Бүгінде Керуен сарай – шаһар жастарының ең жиі жиналатын орындарының біріне айналған. Мұнда белгілі бір мерзім сайын қазақстандық эстрада жұлдыздарды халыққа арнап концерт өткізіп тұрады. Өнер саласының майталмандары арнайы кеш береді. Өз кезегінде бұл қала тұрғындарының қызығушылығын оятып, еріксіз сонда жетелейді. Мұнда жақында ғана қазақ жастарының арасында танымал Kalіfarniya, 2RAR, Nazima секілді жас әншілер ән айтып қала жастарын қуанышқа бөледі. Олардың әндерін тыңдау үшін осында келген жастар санында есеп болмады.

Кеурен Сарайды Венецияға ұқсататындар өте көп. Себебі мұнда сарайдың ортасындағы көлшікте арнайы қайық қонақтарға қызмет көрсетеді.

Алдымен Венеция туралы аз-кем айта кетсек. Венеция – Италиядағы қала, Венето әкімшілік аймағына қарасты Венеция провинциясында орналасқан.. Аталған қала туристердің сүйікті орны. Бұл өте ерекше қала. 271 мың адам тұратын шағын шаһар 118 аралдан тұрады. Қалада 150 канал бар болса, одан өтетін 400 көпір бар екен. Венецияға жыл сайын 18 млн. адам, күніне 50 мың адам турист келеді. Оларға 425 моторлы қайықтарды жүргізетін гондольерлер қызмет көрсетеді. Айтпақшы, Венеция қаласында канализация жүйесі мүлдем жоқ. Қалдықтар арнайы ойластырылған канал жүйесі арқылы ағып кетеді. Сондықтан да, бұл қаладан сантехник іздеп таба алмайсыз. Қала судың ортасында тұр. Осыған қарамастан мұнда қанша жауын жауса да ешқандай тасқын болмайды екен. Өйткені, бәрі ойластырылып жасалған. Бұл қалада қайықты – гондола деп атайды. Гондола – Венецияның дәстүрлі ескекті қайығы және уақытты рахат, романтикалық жағдайда өткізу құралы. Гондольерлер (гондола ескекшілері) әдетте әнші адамдар болып, қаланы аралау барысында жиі ән шырқайды.

Венеция іспеттес Керуен Сарайдың тарихы терең емес. 2021 жылы 10 сәуірде Түркістан қаласында Орталық Азиядағы ең ірі «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешенінің  ашылу рәсімі өтті. Инвестициялық жобаны «Turkistan Tourism City» компаниясы іске асырды, кешен құрылысы 2019 жылы желтоқсан айында басталды. Нысан 20,5 га аумақта орналасқан. Мұнда 4 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды. Кешенге Жібек жолы дәуіріндегі саудагерлер мен қолөнершілер көшесі, «ұшатын театр», ат шоуын өткізуге арналған амфитеатр, Шығыс базары, сауда сөрелері мен бутиктер, қонақ үйлер мен мейрамханалар, СПА және фитнес-орталық, кинотеатр, отбасылық ойын-сауық орталығы кіреді. Бұл ретте, барлық құрылымдар су арнасы арқылы байланыстырылған, онда судағы «қайық шеруі» театрландырылған шоуы өткізіледі. «Керуен-сарай» кешенінің Орталық Азияда баламасы жоқ және ол Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен кейін өңірге туристер мен инвестицияларды тартатын басты орталыққа айналуы тиіс.

– «Керуен Сарай» – тарихтың кілті. Адам бәрібір бабалар тарихын аңсап тұрады. Сол заманға бір оралғысы келеді. Тым құрыса бірер мезетке. Ежелгі баһадүрлермен қауышу, олар жасаған нығметтерді көзбен көру, олардың рухы мен құдіретін сезіну – бойыңа айырықша күш сыйлайтынын айтқызбай түсінесің. Міне, осындай ғажайыпты киелі Түркістанда, соның ішінде «Керуен Сарайға» барып сезінуге болады, – дейді белгілі журналист Абай Қазбекұлы.

Кешеннің маркетологы Беласар Есенбектің айтуынша, «Керуен Сарай» кәдуілгі кілт пішінінде соғылған. Төбесінен қарасаңыз тап солай. Кілттің ұшы (кешеннен шығып кететін тұсы) Қожа Ахмет Ясауи мавзолейіне барып тіреледі. Яғни, турист сараймен толық танысып болған кезде тарихымыз туралы білім жиып, Ясауи бабамыздың кім болғанынан жеткілікті мағлұмат алады. Сөйтіп, әрі қарай мавзолейді аралауға рухани тұрғыдан дайын болады.

«Кешеннің кіре берісінде және шыға берісінде бесжұлдызды қонақүй орналасқан. Жалпы, кешеннің концепциясы мынадай: адам қыдырып келіп, қонақүйге орналасады, одан кейін су үстіндегі шоуды көреді, ол жерде «Қыз Жібек – Төлеген» фонтан шоуы қойылады. Одан шығып аттар шоуын көру үшін амфитеатрға барады. Одан бөлек түрлі концерттер бар. Сауда жасаймын дегендерге де ерекше жағдай жасалған. «Ұшатын театр» да адамға бұрын-соңды сезінбеген әсер сыйлайды. Бәрін аяқтаған соң мейрамханаға немесе фуд-кортқа барып тамақтана алады. «Керуен Сарай» кешенінің ерекшелігі – ескі тарихымызды жаңа заманауи технологиялармен үйлестіре отырып халыққа жаңа форматта көрсетеді», – дейді ол.

Қызылорда облысының тұрғыны Ергеш Оспановтың айтуынша, Керуен Сарай келген туристі ерекше сезімге бөлейді. Шығысқа тән аура адам бойынан ұзақ уақыт шықпай тұрады.

– Біз көрші Қызылорда облысынан келдік. Жаңақорған ауданынан. Көпшіліктен естіп жатырмыз. Сондықтан «мың естігеннен, бір көрген артық» деп көруге келдік. Өте әсерлі, баяғыдағы Шығыстың үлгісіндегі үйлер, мен орта ғасырда жүргендей сезіндім өзімді, – дейді қызылордалық азамат.

Жоба авторларының айтуынша, сәулетшілер шаһардың архитектуралық келбетін қалыптастырғанда тарихи сабақтастықтыққа ерекше мән берілген. Туристерге қолайлы болу үшін кешен аумағында бірнеше электрокар жұмыс істейді. Жаз кезінде судағы шоуды көрудің өзіне сағатына 13 мың адам жиылған.

Статистика бойынша негізінен бізге Қызылорда, Шымкент, Алматы қалаларынан және Түркістан облысының өзінен адамдар көп келеді. Шетелдік туристер – негізінен Түркия, Франция және басқа да Еуропа елдерінен келушілер. Қазақтың салт-дәстүріне қызығушылық танытқан қытайлық туристер де көп болды. Шетелдік туристер үшін Керуен сарай қызметкерлері үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) еркін сөйлей алатын гидтерді де дайындап қойған. Түрік тілінде еркін сөйлесетін қызметкерлері де бар. Маусымның қызған кезінде күніне 20 мыңға дейін адам келді. Кешен туристер үшін тынығып, демалып, көңіл көтеретін мекен болса, кәсіпкерлер үшін – табыстың көзі. Әсіресе, жаз маусымы кезінде бұл жерде күніне мың доллардан асырып сауда жасауға болады. Беласар Есенбектің айтуынша, кешен ішінде ашық және жабық базарлар ұйымдастырылған. Ол жерде әр апта сайын әр ауданның кәсіпкерлері келіп, өз өнімдері мен тауарларын сатылымға шығара алады. Әрі бұл үшін олардан бір тиын ақы алынбайды.

Туристік орталық аумағын аралай жүріп әлемдік брендтердің сауда желілеріне бас сұғып, ұлттық тағамдар әзірленетін мейрамханалардан ас ішуге де болады. Наурыз айынан бастап естен кетпес әсерлі шоулар қайта басталмақ. Ойын-сауық жобаларының барлығы дерлік келушілердің ежелгі тарихпен, бабалар жолымен, қазақтың қасиетті салт-дәстүрімен таныстыру мақсатында жасалған.

«Керуен сарай» үнемі мамыражай шуға бөленіп, керемет көңіл күй сыйлайды. Мұнда күнде қызу қарбалас, іс-шаралар жиі өтеді.  «Керуен сарай» туристік кешеніндегі демалыс аймағына барып, әлемдегі теңдесі жоқ ұшатын «Алтын самұрық» театры бар. Дүние жүзінде 8D форматында 18 ұшатын театр  болса,  ТМД елдері бойынша мұндай театр жалғыз Түркістан қаласында ғана бар. 8 D форматтағы әсерлі саяхат арқылы қонақтар еліміздің өткені, бүгінгісі мен келешегінің көрінісіне саяхаттай алады.

«Алтын самұрық» театры орналасқан демалыс аймағының ғимараты ерекше көзге түседі. Себебі, ғимарат пішіні жұмыртқа тәрізді болып келген.  Ал, оның кірген бетінде  алтын түстес қыран бүркіті бейнеленген.  Айта кетерлігі, театрға келушілер ең алдымен 20 минут экскурсияға қатысады.  Мекеме қызметкерлері еліміздің тарихын тас ғасырдан  бастап, Жаңа Қазақстанға дейін жоғарғы сенсорлы жүйемен жабдықталған технологиялармен  көрсетіп, оны үш тілде түсіндіреді.  Кейіннен жаңа технологиялы 8 D арқылы  еліміздің ең көрікті елді мекендерінің үстінен «ұшып өтесіз». Адамды көкке самғататын ерекше театр Қожа Ахмет Ясауи бабамызға арналған. Бейнеролик Ахмет Ясауидің шәкіртінің оған қойған сұрағынан басталады. Кейіннен көне Отырар жері, қазіргі Түркістан, Нұр-Сұлтан қалаларына, космос әлеміне саяхаттап, Шарын шатқалы арқылы ұшып өтіп, теңіз әлемімен таныса аласыздар. Туристтердің ең сүйікті орнына айналған театрды тамашалаушылар да көп.

Елімізде туризмді дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін ескерсек,  осы саланы  дамыту арқылы Қазақстанның экономикалық жағдайы жақсартып, бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешуге болатыны да белгілі. “Алтын Самұрықтың” жанында “Сиқырлы керуен” атты балаларға арналған ойын-сауық орталығы орналасқан. Бұл расымен сиқырлы ғимарат. Сырты бір қарағанда басқа нысандардан ерекшеленбеуі мүмкін. Бірақ ішіне кірсеңіз, шығыс ертегісіне түскендей күй кешесіз.  Ескі мұнаралар, қала орталығындағы базар, қабырғаға ілінген шамдар сізді Аладдин мен Әли Бабаның әлеміне елітіп әкетеді.

Мұнда түрлі әткеншек қойылған. Балалар айналатын кесе мен тез жүретін пойызға отырамын, атқа мініп шабандоз боламын десе де өз еркі. Таңдау көп. Жоба авторларының айтуынша, сауда және ойын-сауық орталықтарында келушілер уақыттарын пайдалы әрі қызықты етіп өткізуі үшін барлық жағдай жасалған. Бұл кешен жылына 300 мың қонақты күтуге қауқарлы.

Leave a reply