Четверг, 19 сентября

ОТЫРАР АУДАНЫНДА БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫҒАН

0
43

Түркістан облысында балық шаруашылығы өнеркәсіптік ауқымда дамып келеді. Биыл жеті мың тоннаға жуық өнім өндіру жоспарлануда. Аймақтағы ауыл тұрғындарының басым бөлігі балық шаруашылығымен айналысады. Мәселен, Келес ауданында кәсіпкер жасанды бассейнде бір миллион шабақ өсіреді.

Отырар ауданында балық шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Бүгінде кәсіпкерлер балық өсіруді арнайы жасанды көлдерден бөлек үй жайында ұстаудың тиімді мүмкіндіктерін меңгерген. Балық өсіру кәсібін қолға алған кәсіпкердің бірі «Ақмарал» балық шаруашылығының төрағасы Бауыржан Тұрарұлы. Арыс елдімекенінің тұрғыны үй ауласына балық өсіруге арналған бассейнді орналастырып, өз кәсібін бастаған. Қазіргі таңда 5000 балық шабақтарын өсіріп отырған кәсіпкер өз шаруашылығын одан әрі дамытуды мақсат етіп отыр.

Кәсіпкердің шаруашылығында болып алдағы жоспарларымен танысқан аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы балық шаруашылығын дамытудың тиімді жақтарын айтып, қажет болған жағдайда мемлекеттік қолдауларды пайдалану арқылы шаруашылықты дамытуға болатынын жеткізді. Балық шаруашылығын дамытуға қатысты сұрақтар туындаған жағдайда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы кеңестер алуға болатынын атап өтті.

Мұнан соң аудан басшысы М.Шойманов ауылындағы «Шәдібек» шаруа қожалығында болып, шауашылық төрағасымен кездесті. Шаруашылық иесі 7 ұл-қыз өсірген «Батыр ана» Ханзада Абденбайқызы 5 гектар жерге жүгері дақылын егіп, кәсібін дөңгелетіп отыр. Егін егу жұмыстарын балалары жүргізеді. Өнім көлемін арттыру мақсатында шет елден әкелінген «Франческо» жүгері сортын еккен шаруа алдағы уақытта гектарына 17-19 центнерден өнім алуды жоспарлап отыр. Шөлейтті аймақтарда өсіруге төзімді жүгері сорты тәжірибе ретінде биыл алғашқы рет егілген.

Шаруашылықтың жұмысына оң бағасын берген аудан әкімі аталған жүгері сортын өнім нәтижесіне қарай алдағы уақытта өзге шаруаларға да ұсыну керектігін атап өтті.

Leave a reply