ТҮРКІСТАН – МЕНІҢ ТАҒДЫРЫМ
Нұрмахан Назаров түркістандықтарға жақсы таныс есім. Нұрағаның көне замандардан бүгінге дейін тарихын көп жылдар бойы зерттеп, жинақтап, жарыққа шығарған «Түркістаным тағдырым», «Шежірелі Түркістан», «Түркістанға тағзым ет», «Туған жерді сүю» атты кітаптары жарық көріп, бүгінде өз оқырмандарын тапқан.
Сонымен қатар, Нұрекеңнің тағы айта кетер тұсы киелі Тайқазанның қайта оралуына көп еңбек сіңірген тұлға деп білеміз. 1935 жылы Тайқазанды құтты орнынан Санкт-Петербургтегі атақты мұражай Эрмитажға, Иран шеберлерінің III халықаралық конференциясына алып кетеді. Жарты ғасырдан астам уақыт сонда тұрып, 1989 жылы қыркүйектің 18 жұлдызында ғана тарихи отанына оралды. Бұл істе мемлекет және қоғам қайраткері, халқымыздың біртуар перзенті, ғалым этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің сіңірген еңбегін айрықша атап өткен жөн. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музейіне (1988-1995 ж.ж) жылдары директор қызметін атқарған Нұрмахан Назаров атақты Тайқазанды Эрмитаждан өз Отанына алдыртуға атсалысқан азаматтардың бірі. Нұрмахан Назаровтың «Мен Түркістанмен» деген кітабына енген бір топ өлеңдерінен оқырмандар назарына ұсынамыз.
Қуаныш ТАСЫБАЕВ.
ТҮРКІСТАНДА ЖЕЛБІРЕСІН ТҮРКІ ӘЛЕМІ ТУЛАРЫ
Демеп өзі Хақ тағалам,
Көрсем сөйлем азды-көп.
Түркі атын сақтап қалған,
Түркістанға тағзым ет!
Уақыт бәрін өткереді,
Өткенге бір қарашы.
Бір кездері Көкбөрі еді,
Түркістанның таңбасы.
Беу Түркістан – алтын алқам,
Жанар жасқар жарқылы.
Бар түркіні жақын тартам,
Сенің атың арқылы.
Баба рухын тірек қылып,
Көк күмбезден нұр құшқам.
Аттың басын тіреп тұрып,
Түсер үйің – Түркістан!
Түркістанда әрлі – нәрлі,
Түркілердің тірлігі.
Түркістаннан тамыр алар,
Түркілердің бірлігі.
Тыңдап дүние елжіресін,
Біздің достық туралы.
Түркістанда желбіресін,
Түркі Әлем Тулары.
Керуендермен көшкен сәнді,
Ғасырлардан сыр ұқсам.
Сенің атың өшпес мәңгі,
Түркі Отаны – Түркістан!
Біз халықпыз аңқылдаған
Атажұртты мекендеген
Қыран даусы саңқылдаған
Бар түрікке жетер ме екен.
Кім жарыспақ түріктермен
Ынтымағы мықты болсын.
Түркі халқы Біріккен ел
Атанғаны құтты болсын!
ТҮРКІСТАННЫҢ ҚЫЗДАРЫ
Мойыл қара көздері,
Шекер мен бал сөздері.
Гүлдер шоғы секілді
Топ боп шығар өздері.
Бір көрмесек сіздерді
Жүрек шіркін сыздар-ай.
Ынтық қылған біздерді
Түркістанның қыздары ай.
Албыраған жүзі бар
Көрген пенде қызығар.
Ұстаз көрген шәкірттей
Көп алдында сызылар.
Сөз маржанын төк мейлі
Еріп бірден кетпейді.
Ер кісінің сірә да
Алдын кесіп өтпейді.
Қасы-көзі қияқты,
Білетін ар – ұятты.
Әдептілік – әсемдік
Жәрмеңкесі сияқты.
Омыраусыз, жағасыз,
Қысқа көйлек кимейді.
Мың бұралып, құбылтып
«Құдашаға» билейді.
Өткізіп ап уақытты
Ыстық жүрек мұздар-ай
Бақытты бол, бақытты
Түркістанның қыздары – ай.
ЖӘДІГЕР ҚАЛА
Сайын бел – даласы,
Айдын көл – жағасы.
Қалың ел қазақтың
Жәдігер қаласы.
Ай нұрлы арайлы ел,
Ай – Күннен нұр құшқан.
Жасай бер, жайнай бер,
Жаннат жер, Түркістан!
Ай нұрлы арайлы ел,
Ай – Күннен нұр құшқан.
Жасай бер, жайнай бер,
Ғазиз жер, Түркістан,
Жәдігер Түркістан!
Жолында азаттық,
Көп көрген азапты.
Жау жүрек қазақтың,
Жауынгер қаласы.
Сехун – Сыр сағасы,
Сұлу жер қарашы.
Орысшыл қазақтың,
Мұсылман қаласы.
Салтанат сәнімен,
Жыр төккен әнімен.
Сыр шерткен әріден,
Ақындар қаласы.
Ақылмен тербеген,
Сахара санасын.
Семсер тіл сермеген,
Абыздар қаласы.
Тұранның жерінде,
Бас қала болған жер.
Алты алаш еліне,
Астана болған жер.
Ер түрік баласы
-Қыл өтпес арасы.
Патшалар бас қосқан,
Ынтымақ қаласы-
Сайын бел – даласы,
Айдын көл – жағасы,
Қалың ел қазақтың,
Жәдігер қаласы-
МЕН ТУҒАН ЖЕР ТҮРКІСТАН
Атқан шақта алтын арай, күміс таң,
Сандуғаштар сайрап ұшып Шығыстан
Сенің әсем бағыңа кеп қонады
О, ғажайып мен туған жер, Түркістан!
Күнің қандай ашық аспан көгілдір,
Түнің қандай жұлдыздары төгіп нұр.
Қызыл, жасыл көзді көркем арбайтын
Гүлің қандай тұнып тұрған мөлдір жыр
Бұлбұлдардың маңдайында балы бар
Қол ұстасқан тал-қайыңға таңым бар
Ғашықтықтың жанарында жалын бар
Қыздарың бар маңдайында қалы бар
Омырауды ашып тастап көшеңмен
Ертеңімнің сұлу көлін кешем мен,
Шегенделген құдығы бар шеткі үйден
Мұздай суды сіміремін кесемен
Сенде өткіздім бала шақты базар ғып,
Сен бергенсің дарынды жыр жазарлық.
Жыр-жаһаннан оралғанда олжамен
Жан Түркістан, ұсынамын базарлық.
ӘЗІРЕТІ ТҮРКІСТАН
Алланың нұры жауған жер
Екенің шын, Түркістан!
Құл Қожахмет Иасауи
Мекенсің, Түркістан!
Жанға шипа желіңде,
Әзіреті Түркістан!
Аз болған жоқ сенің де
Қасіретің, Түркістан!
Жеттің бізге, сан қилы
Замандардан Түркістан!
Жоңғарлардан қанқұйлы
Аман қалған Түркістан.
Жау кеп жақын – алыстан
Шапқылаған Түркістан!
Зеңбірекпен орыстар
Атқылаған Түркістан!
Тарихың бар ақсамай,
Жаңғырып жеткен, Түркістан,
Ақсақ Темір Ақсарай
Салдырып кеткен Түркістан!
Ашыққанға жаны ашып
Асын тосқан Түркістан!
Алты алаштың баласы
Басын қосқан, Түркістан!
Лашын ұстап шайырлар
Салдық құрған, Түркістан!
Есім, Абылай, Хақназар
Хандық құрған Түркістан!
Қаз дауысты Қазыбек
Қастер тұтқан Түркістан!
Тәуке, Жәңгір, Жәнібек
Бас кент тұтқан, Түркістан!
Ұлы жібек жолында
Көпір болған, Түркістан!
Қырық мешіт, қырық базар
Көпір болған Түркістан!
Исі түркі үлкен үй
Есімісің, Түркістан,
Ахмет сопы Жүйнеки
Бесігісің, Түркістан.
Бақырғани Сүлеймен
Сенде туған, Түркістан!
Құшағында, гүл бейнем,
Мен де туғам, Түркістан!
Шырқай бергім келеді,
Шырқай бергім, Түркістан!
Едігедей ер еді
Сұлтанбегің, Түркістан!
ТҮРКІСТАН – МЕНІҢ ТАҒДЫРЫМ
Әрім де – нәрім, ән- жырым,
Шуағым, бұлттар, жаңбырым.
Жан – нұрым, жауһар ар – нұрым,
Түркістан – менің тағдырым!
Таудан теріп бүлдірген
Табанымды тілдірген
Шөңгең бақыт екенін,
Менен басқа кім білген?!
Ауаңды жұттым бал – шарап,
Еркеледім мархабат.
Әкем сап кеткен Сарайда,
Жүргендей, құрдым салтанат!
Болмысыңды, текті жер,
Тілмен, оймен зерледім.
Адал еңбек еттім мен
Жеткенінше дәрменім.
Атан жілік қолыма,
Ұстатпадың дегем жоқ.
Өлсем шындық жолында,
Сенен басқа егем жоқ!
ИАССАУИ КҮМБЕЗІ
Тірі тарих – ғажап бұл
-Иассауидың Күмбезі.
Алты ғасыр жасап тұр,
Нұрмен сылап Күн көзі.
Қыштар мынау қанқызыл,
Қанмен, жаспен қаланды.
Діни Темір қазығы,
Дешті – қыпшақ Даламның.
Шеберлер неткен дарынды ең,
Хас өнер үшін жан құрбан!
Құранды аяттарымен,
Қышпенен өріп қалдырған!
Зияратқа бұрылды,
Зиялы әлем назары.
Ғибраты ғұмырлы,
Ұлы әулие мазары!
.
..Өткен күнге үңілмей,
Кешкендейміз қасаң күй,
Дейтіндер бар ма бүгінде;
-Халің қалай, Иассауи?
Ұқсап жұлдық аққанға,
Құлазыр көңіл асқары.
Күмбездің, ұшып жатқанда,
Шытынап шыны тастары.
Келген кәрі, жастың да,
Кемсеңдейді иегі;
Шашылып топырақ астында,
Хандардың жатыр сүйегі!
ТАЙҚАЗАН
Тарих – баян, сыр қылып,
Айтып келем, Тайқазан!
Елу төрт жыл қыдырып,
Қайтып келген, Тайқазан!
Әмір Темір кезінде,
Сыйға тартқан Тайқазан!
Таусылмайтын несібе,
Ғимаратқа, Тайқазан!
Айт дегенде ағайын,
Арқам қызған, Тайқазан!
Таңдайына талайдың,
Нәр тамызған, Тайқазан!
Пұлға толған кезінде,
Қызып тұрған, Тайқазан!
Әкімдердің өзін де,
Қызықтырған Тайқазан!
Жаудан жылқы айрған,
Ерлер кімнен кем екен?!
Қайтқан малда қайыр бар,
Енді кірді берекем!
ТҮРКІСТАНДА ҰЛЫ КҮШ
Сары далада сан ғасырлар оқ ұшқан,
Сан қалалар шәһид болған соғыстан.
Аман қалған аманат бұл шаһарда,
Ата – баба армандары тоғысқан.
Сенде гауһар – рухани қазынам,
Атыңнан да аламан күй – саз ұғым.
Кітап – қала! Оқып сені бітпедім,
Қорған–қорған томдар тарих жазылған.
Түркі туған, ту көтерген Тұранда,
Тірлік – базар қайнап тұрған бұл маңда.
Отыз екі кентті қосып Түркістан
Астана боп, бас қала боп тұрғанда!
Қан шашылған хандық үшін таластан,
Қақ айрылып Керей – Жәнібек жол ашқан.
Сол заманда Орда болған қазаққа
Куә – әруақ, куә – топырақ, көк аспан!
Қанша ғасыр байтақ жерді жат сұрап,
Тулақ қылды бір – біріне тартқылап!
Аңырақайда аңырап қалған жоңғарлар,
Түркістаннан қол барғанда сап құрап!
Ер түрікке елін сүйген егемен,
Жәудірген жәдігер – көз көнеден.
Таңы атып келе жатқан, беу өлкем,
Иасауидің әруағы тербеген!
Мәдениедей мәйіт толған мекенім,
Ойға алам да шүкіршілік етемін,
Түркі дүние тұтастығын сақтаушы
Ұлы Күштің Түркістанда екенін!
МӘРТЕБЕҢДІ БЕРГЕН КҮН
О, Түркістан! Екі дүние күнгейі,
Аспан астын алаулатсын Күн мейлі.
Шілде де құс көлеңкесі тоңдырып,
Ал, ақпанда алма ағаштар гүлдейді.
Таңдайымен құстар салған сүйкімді ән,
Таңда тербеп оятады ұйқыңнан.
Ғимараттар сыңсып тұрған шежіре,
Қорқыт ата қобызындай күй тұнған.
Қызғалдақ нұр – қыздарының жамалы,
Сәл – жымиса, жүрек оттай жанады.
Жұмақ – бақтың жұтқызады жұпарын,
Ақ бетіңді аймаласа самалы.
Жазы – көктем, ағыл – тегіл ақ жаңбыр,
Алланың кең пейілінен тамған нұр.
Бір тамшы нұр – тау – тау болған қырмандар,
Бір тамшы нұр – бір ғұмырға зәм- зәм дүр!
Айлы түннің құшағында сырлы бақ,
Тал – теректер сөйлеседі сыбырлап,
Жапырақтар жатқа айтып тұрғандай,
Иассауидің хикметтерін сыбдырлап.
Имандылық Түркістанда көп дейді,
Дән де нәрлі топырақта көктейді.
Бибі патима сіңілілері бұл жақта,
Үлкендердің кесіп алдын өтпейді.
Аяттарды зулатады қарылар,
Күндіз – түні мешітке жұрт ағылар.
Жұма күні намаз уақыты болғанда,
Базар – дүкен қақпалары жабылар.
О, Түркістан! Бақыт шамың жағылар
Арымаса, азаматтар ары бар,
Патша ағзам қолын қойып, мәртебе
Берген күні жүрегімде жарылар!
Нұрмахан НАЗАРОВ, Халықаралық психология ғылымдары академиясының (Ресей) Құрметті академигі, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, түркістантанушы, Түркістан қаласының Құрметті азаматы.