Бал араның бабын нағыз омарташы біледі
Түлкібас ауданы, Мыңбай ауылының тұрғыны Бейбіт Бөкешов отыз жылдан бері бал арасын өсірумен айналысады. Ол бұл кәсіпті тоқыраудың алғашқы жылдары Валерий Павлович есімді танысымен серіктесіп жүріп үйренген. Кейін Валерий Ресейге көшіп кеткенде, омартаның қыр-сырына үйреніп қалған Бейбіт мұны өзінің кәсібіне айналдырып алды.
Кейіпкеріміздің әңгімесін тыңдап отырып, ара бағудың да оңай емес екенін білдік. Бал араға да бап керек, омартаға да күтім керек сияқты. Мамыр айының басында тау мен тасты аралап, араның бабын іздеп кететін омарташылар сол сапарынан қара күзде бір-ақ оралады. Олардың табысы мен сапарының сәтті болуы ауа райына тікелей байланысты. Жыл сайын Бәйдібек, Ордабасы, Отырар, Шардара аудандарының таулы, қырлы, жазық даласын шарлап, араның қорегін іздейді.
Бейбіттің екі вагонда сексен ұясы бар.
– Араларда да тәртіп болады. Оларды аналығы басқарып отырады. Жалқау, бойкүйез араларды өз орталарына қабылдамай қояды. Аралар тазалықты жақсы көреді. Сондықтан омартаның таза болуы маңызды.
Бал аралары таулы жерде кекіре, киікоты, жоңышқа, түймедағы секілді 700-800 шөптермен қоректенеді. Одан бөлек жөке ағашы, бақбақ, жебіршөп, ошаған, аршагүл, қойбүлдірген, бөріжидек, шырша да аралар үшін пайдалы.
Олар да тірі организм, тез шөлдейді. Дер кезінде бабын тауып отырмасаң, еңбегің еш кетуі мүмкін. Шөлді аудандарға барғанда суды флягпен тасып береміз. Күніне екі-үш фляг су ішіп қоятын кездері болады. Биылғы ыстық араларға да оңай болмады.
Аралардың да кенелеп кететін кездері болады. Ондай кезде арнайы дәрі себеміз. Одан бөлек, басқа ұяларға қонғанда, ұясы дымқылданып қалғанда, лас су ішкенде түрлі аурулар жұқтырып алуы мүмкін. Ол жағын мұқият қадағалап отырамыз. Кейбір аудандарда егістік жерлерге химиялық дәрілер себіледі. Ол аумақтан тезірек көшіп кетеміз. Ерте көктемнен қара күзге дейін жиі-жиі орын ауыстырамыз. Бір жерде ұзақ тұрып қалсаңыз балдың сапасы нашарлап, көлемі де азайып кетеді, – дейді Бейбіт Бөкешов.
Бекең араның карника, карпатка деп аталатын екі түрін асырайды. Оның айтуынша, араның бұл түрі ауа райы қолайлы болып, жағдайы келісіп тұрса күніне үш-төрт келіге дейін бал береді. Әйтсе де ара да мұқият күтімді қажет етеді. Аралардың сапасын арттыру үшін аталық пен аналық шағылысқан кездегі тазалығын қадағалап отыру қажет. Ал, мол өнім алу үшін көктемде гүлдеген алма, алмұрт ағаштарын, гүл шірнесі мен тозаңын дер кезінде пайдаланып қалу маңызды.
Араның балы қан айналымына, буындарға, жүрек, бауыр, өкпе, бүйрек, асқазан аурулары үшін өте пайдалы. Эйнштейн «аралар жойылып кетсе, адамдар да жоқ болады» деп сол үшін айтқан шығар» дейді ол.
Кейіпкеріміз бал арасы үшін ешқашан субсидия алмаған. Ол үшін араның әрбір сортына, жағдайына құжат жинау керек екен. Омарташылар субсидия аламыз деп жүргенде уақыттан ұтылып қалатындарын жақсы біледі. Сондықтан болар, омарташылардың арасында «субсидия алу ала жаздай далада жүріп бал жинағаннан әлдеқайда қиын» деген «қанатты» сөз бар. Тек бұл қиындықты балмен шай ішетін министрлер біле ме екен?!
Пернебай Сапар,
«Ońtústik Qazaqstan».