Киелі шаһар жайлы сөз бастау оңай дүние емес

0
134

Еліміздегі болып жатқан сан мыңдаған оқиғалар тізбегін толық ақтарғалы отырған жоқпыз. Бар болғаны жаңғырған жаңа өңір хақында толғансақ дейміз. Олай болатыны биыл Түркістан облысының уығын қадап, шаңырағын көтергеніне төрт жыл толып отыр. Құт пен бірліктің бастау көзі болған атаулы облыс төрт жылдығын жай бастағалы отырған жоқ. Кәдімгі өзіне ізбасар ретінде Ұлытау, Жетісу, Абай облыстарын ала келді. Өзінің жүрген жолымен, басқан ізімен, бағындырған белестерімен, түрленген келбетімен үлгі болмаққа ұмтылып-ақ тұр.

Өз ғұмырының көрікті де көңілді төрт көктемін, жазиралы төрт жазын, қоңыр салқын төрт күзін, қаһарлы төрт қысын мәнді де мағыналы өткізіп, күрделі кешулер керуенін талықпай сүйреп, жеңіс тұғырына, биіктікке ұмтылу оңайға түспесе керек. Оның да кермек дәмі, қиындықтары мен кедергілері жетерлік. Мәселесеі шексіз екені тіптен анық. Бұл төрт жыл облыс мәртебесін алып түрленуі деп ұғынған ләзім. Өйткені жәдігер шаһардың тарихы тамырлы, есім-сойы мыңжылдықтар қатпарына жасырынғаны һәм жаны мен тәні қазақ үшін қызмет еткені баршаға мәлім.

Шындап келгенде, Замана соққан жел дейтін аталы сөздің мағынасы арыда жатқандай. Тіпті әр адам баласын тұманды да ауыр-ауыр ой әлеміне жетелеп тұрғандай. Түркістан бір кездері басына бақ қонып, сән-салтанаты тасып күллі түрік жұртына борықты қоныс болған қасиетті орда. «Ертеде Түркістанды Тұран дескен» (Мағжан) сол бір дәуірлер көкжиегінде атына қызыға да, қызғана да қараған көшпелілердің арманы болған бақ мекен. Енді бір кездері отарлықтың отына күйіп, өлместің күнін кешкен шерлі жұрт.

Киелі шаһар жайлы сөз бастау оңай дүние болмасы анық. Ол тарихы тамырлы, рухы асқақ киелі өлке. Қасиеттің ордасы болған қастерлі аймақ. Күллі Орталық Азия мен Тұран дала­сындағы ең көне қала дейтін атағы тағы бар. Заманында екі жүз жылға жуық уақыт Қазақ хандығының астана­сы болғаны тарихтан белгілі. Енді бір сөзбен айтқанда, ұлт тағдырының ұлы шешімдері осында жасалып, ел келешегі сан мәрте талқыланған құтты топырақ.

Барша түркі халықтарының ата қонысы саналатын шаһарда рухани ілімнің бабасы болған Қожа Ахмет Ясауи жатыр. Сонау бабалар тарихынан сыр шертіп, мұқалмас жігер сыйлайтын құдірет бар онда. Содан да жеті ғасыр ілгері Ақсақ темір бас болып салдырған күмбезі көк тіреген кесене бізді өрлікке жетелейтіндей. Қазақтың даңқты хандары, батырлары, билерінен 130 – дан астамы жатыр. Олардың 21-і хандар. Қазақ жұртына түкіргені түйме алтын, қақырғаны қайма алтын болған тұлғалар. Ел іргесін жаудан қорғап, халқының амандығы үшін маңдай терін сарп еткендер. Осылай айта берсек сөз жалғаса бермек. Түркістанның маңызы мен шежіресі де ақтарыла бермек.

Өр рухпен айтылған ізгі арман, игі тілектің күндердің бір күнінде іске асып, шындыққа айналуы ғажап емес дегендей ақыры сол сөз шындыққа айналды. Сол таң нұрымен бірге шаһар жұрты, тіпті тұтас ел тағы оянды. Бөркін аспанға атып алпыс екі тамыры бусанып, шер мен налаға толы көкірегі қуаныштан бүр жарып, ақ түйенің қарыны жарылған, дүлдүл тұяқтың дүбіріне от беріп, көбеңсіп жеткен таңғажайып қуаныш көңіл көгімізде жарқырады. Шығандап барып тағы бір нұр шашып атар таңдай, манаурап батар кештей болашаққа қанат жайдық. Сөйтіп, түрленуге жаңа қадам басқан Түркістан аты түркі жұртына, әлемге су жорғадай тайпала жөнелді.

2018 жылдың 19 маусымы шаһар үшін тарихи күн. Жаңа ғасырдағы даму мен гүлденуге жол ашылған шақ. Дәл осы күні Елбасы Назарбаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымы туралы» заңының 3-бабы 1-бөліміне сай Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласы болатыны, ал халқының саны миллионға жеткен Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілгені туралы Жарлығын жариялады.

Осылайша, байырғы Тұран даласында, бүгінгі қазақ елінде жаңа облыс орталығы ашылып, оның орталығы Түркістан қаласы болып бекітілді. Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы болған Шымкент қаласы еліміздегі Нұр-Сұлтан (Астана), Алматы қалаларынан кейінгі үшінші ірі мегаполистік орталық болып өңір халқына қуаныш сыйлады. Ендігі қадам жаңа облыс орталығын түлету болғаны айқын. Жарлық шықты да, іске кірісу де уақытында жүріп кетті.

Ал, жаңа облыс орталығының тарихын 2018 жылдың 17 тамызында Шымкенттегі облыс әкімдігі құрамының Түркістанға көшіп келуінен бастаған жөн. Сол кездегі жаңа облыс әкімі болып тағайындалған Жансейіт Түймебаевтың бастауында жаңа орталық – Түркістанға қоныс тепті. Ендігі мақсат та, көз алдағы міндет те айқын болатын. Атап айтқанда шаһарды дамыту мен өркендету болып табылады.

Шынында төрт жылда көркі көз сүріндіретіндей болып құлпырып сала берді. Бұрын ат басын бірнеше рет бұрғандарды қойып, өмір бойы осында тіршілік етіп келе жатқан қала тұрғындарының өзі танымастай өзгерді. Апта сайын жаңарып, ай сайын танымайтындай дамып жатыр.

Қарап отырсақ, тарихи шешім жасалғалы Түркістан тек алға басып келеді. Айтарға аз уақыттай сезілгенімен атқарылған жұмыстар легі жетіп артылады. Небір таңғаларлық бағыттарда нақты әрі нәтижелі жұмыстар жасалынып жатыр. Осының барлығын ел тізгінін ұстаған президенттер мен өңір басшыларының еңбегінен, олардың көрегендігінен деп айтуға болады. Олай болатыны Түркістан облыс болған жылдарда екі президент, екі облыс әкімі, үш қала әкімі қызмет атқарыпты. Тарқатып айтар болсақ, жаңа облыс болғанда Жансейіт Түймебаев облыс әкімі болып тағайындалса, 2019 жылы 26 ақпанда Өмірзақ Шөкеев өңір тізгінін қолына алып, содан бері еселі еңбек етіп келеді. Облыс орталығы болған киелі шаһардың бірінші әкімі ретінде Әліпбек Өсербаев (қала үшін ілгері жылдарда қызмет атқарып, өз бойындағы білімін шаһар бет-бейнесін қалыптастыру жолына арнаған өңірге таныс азамат), екіншісі Рашид Аюпов болса, бүгінде үшінші әкім ретінде Нұрбол Тұрашбековтың қызмет етіп, қаланы өрге сүйреп жатқанына бір жыл толды.

Leave a reply