ДАМУДЫҢ ЖАҢА БАҒЫТТАРЫ

0
132

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына жасаған кезекті Жолдауында еліміздегі жүргізіліп отырған Конституциялық реформаның негізгі бағыты – саяси-әлеуметтік жүйені жаңғырту арқылы әділетті Қазақстан құру екендігін айтты. Халқымыздың әл-ауқатын арттыру, тұрмысы төмен және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайын жақсарту, кіші және орта бизнесті дамыту, макроэкономиканы тұрақтандыру, жаңа салық саясатын енгізу, автокөліктерді сатып алу жөнінде бірыңғай алым жүйесін енгізу,кеден жұмысына “бір терезе” қағидатын енгізу, сәулет-құрылыс пен кадастр-жер қатынастары саласында бақылауды және сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту, игерілмей жатқан жерлерді қайтару мен сумен қамтамасыз ету керек екендігін түсіндірді.

Білім мен медицина салаларына қажетті қаржы бөле отырып, олардың жұмыстарын жетілдіру, экономикадағы инвестиция жүйесін тәртіпке келтірумен қатар жаңа инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыру,заң үстемдігіне талаптарға сай қол жеткізу мақсатында сот пен құқық органдарының жүйелерінде тиісті реформалар жүргізу және басқа да бірқатар өзекті мәселелер бойынша нақты ұсыныстары мен тапсырмаларын бере отырып,оларды орындау бағыттарын айқындап берді.

Жолдаудың соңында Президент еліміздің саяси өмірінде бірқатар өзгерістер болатындығын атап айтқанда осы жылдың күзінде кезектен тыс Президент сайлауы болатындығын, оған өзінің қатысуға дайын екендігін мәлімдей келе, келесі жылдың бірінші жартысында барлық деңгейдегі депутаттардың сайлауы өтетіндігін, сегізінші шақырылымдағы жаңадан сайланған Парламентке алдағы уақытта сайланатын Президенттің өкілеттік мерзімін 7 жыл етіп белгілеу және бір реттен артық ешкімнің бұл лауазымға сайлана алмайтындығы жайлы норма енгізу үшін ұсыныс жасайтындығын айтты. “Қазақстанның даму үдерісі енді басталды,сондықтан тек алға жылжуымыз керек,реформаларды жүзеге асыратын болсак, біз әділетті Қазақстанға қол жеткіземіз” деді Президент.

Бақытжан БЕЙСЕМБАЕВ, Түркістан облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі,Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төраға орынбасары.

Leave a reply