Thursday, December 26

ТҮРКІСТАНДА «АНАЛАР КЕҢЕСІ» АҚ ОРАМАЛДЫ ДӘРІПТЕУДЕ

0
169

Халқымызда ақ орамалдың орны ерекше. Осы орайда, өңірде Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы “Қоғамдық келісім” мекемесінің қолдауымен және Түркістан облыстық ҚХА жанындағы “Аналар кеңесінің” атсалысуымен “Ақ орамал” акциясы ұйымдастырылды.Қазақ қоғамы үшін ақ жаулықты ананың рөлі қашанда жоғары. Айналаға аналық мейірім-шапағаттың нұрын сепкен, ұрпаққа тәлім мен тәрбие берген акцияның мәні де, маңызы да ерекше.

ҚХА жанындағы Түркістан облыстық “Аналар кеңесінің” төрайымы Гүлсара Төлебекқызы бастаған барша ақ жаулықты аналар Түркістан қаласының көпшілік орындарында әуелетіп ән салып, қазақтың қара домбырасымен күмбірлетіп күй шертті. Ардақты аналардың өнеріне жұртшылық тәнті болды. Шара барысында болашақ ана болар бойжеткен қыздар өздерінің қос бұрымын өріп, ата-баба салтын көрсетіп, көпшілік ықыласына бөленді.

Игі шараны ұлт пен ұрпақ тәрбиесінің талбесігіне айналған Түркістан халқы жылы қабылдады. Аталған акцияға үлкен-кіші түгел қатысты. Ақ жаулықты әжелер “Ақ кимешекті кір шалмасын” деген ақ ниетпен кимешек киіп, әдемі кештің әрін келтірді. Акция шеңберінде аналар қауымы көшедегі жүздескен аналарға ақ орамал сыйлап, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеді. Бұл бағыттағы “Аналар кеңесінің” игі шарасы алдағы уақытта да жалғасады.

Leave a reply