ТҮРКІСТАНДА “ҚОҚЫССЫЗ ТАЗА ТАБИҒАТ” АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА СЕНБІЛІК ӨТТІ
Сенбіде Мемлекет басшысы жариялаған «Қоқыссыз таза табиғат» жалпыұлттық акциясына орай Түркістан қаласында экологиялық сенбілік өтті.
Акцияға бірқатар мекеме ұжымдары, қоғамдық ұйымдар өкілдері, белсенді жастар және еріктілер қатысып, қала тазалығына өз үлестерін қосты.
Сенбілікке қатысушылар “Жеңіс саябағы” мен шаһардың бірқатар көшелеріне тазалық жұмыстарын жүргізді.
Түркістан облысы Жастар ресурстық орталығы КММ басшысының орынбасары Ернар Бектаев акцияның мақсаты қоршаған орта мен өз айналамызды таза ұстап, табиғаттың ластануына жол бермеу екенін айтады.
– Бүгінде Түркістан қаласының экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында игілікті істер жүзеге асуда. Қала аумағында саябақтар мен аллеялардың көлемі артып, 495 гектарға жетті, арық-атыздар қалпына келтіріліп, газондар көптеп егілуде. Оған қоса қала аумағында көгалдандырудың жаңа технологияларын қолдану нәтижесінде, көшеттердің өнімділігі артып, газондардың жақсы өніп дамуына қол жеткізілді. Қаладағы жеке сектордағы және көпқабатты тұрғын үйлердің 90%-дан астамы табиғи газға қосылған, – дейді ол.
Сондай-ақ акция шеңберінде Табиғи ресурстар және табиғат пайдалуды реттеу басқармасы және басқармаға қарасты Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі мемлекеттік мекемесінің ұжымы сенбілікке белсене атсалысты.
Жауапты мамандардың мәлімдеуінше, қазіргі таңда «Казгидромет»-тің мәліметіне сәйкес, Түркістан қаласында атмосфералық ауаның ластануы 65%-ға төмендеген.
Мемлекет басшысының 2 млрд. әр түрлі ағаш көшеттерін отырғызу тапсырмасын орындау барысында Түркістан облысы бойынша 5 жылда 132 мың гектар жерге 210 млн.-нан аса ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар, облыс әкімдігінің бастамасымен Түркістанда 2019-2022 жылдары қала айналасынан 7700 га жерге «Жасыл белдеу» құру жоспарланып, бүгінгі таңда барлығы 13 629 га жерге көшеттер егіліп, күтіп-бапталуда. Алдағы уақытта «Жасыл белдеу» аумағын 30 мың гектарға жеткізу көзделуде.
Бұдан бөлек, облыстың орман шаруашылығы мекемелерінің тұқымбақтарында 30 млн данадан астам әр түрлі орман ағаштарының көшеттері өсіріліп жатыр. Алдағы уақытта ол көшеттердің санын 60 млн.-ға жеткізу жоспарлануда.
Айта кетсек, «Қоқыссыз таза табиғат» акциясы Түркістан облысына қарасты барлық аудандарда өтті. Тазалық шарасына өңір тұрғындары белсене қатысты.