Қойды жайып семірту тиімді
Қазіргі нарықтық қатынасқа өту жағдайында қой шаруашылығының негізгі даму ерекшеліктері, жұмыс өнімділігін жоғарылату, саланың тиімділік деңгейін көтеру, өндірістің өзіндік құнын азайту кезек күттірмейтін мәселе болып отыр.
Нарықтық экономика жағдайында қой шаруашылығын жеделдете өркендетудің негізгі жолы – жоғары сапалы қой өнімдерін өндіруді арттырумен қатар, олардың өндіріс тиімділігі мен өнім бәсекелестігін қажетті деңгейге көтеру. Алайда, бұл мәселенің шешімі мал басын асылдандыру жұмыстарымен тікелей байланысты және осы салада алдыңғы қатарлы инновациялық технологияларды қолданумен бірге, жоғары сапалы қой өнімдерін алуда олардың биологиялық мүмкіндігін толық пайдалану қажеттігін ескергеніміз жөн.
Қой етінің сапасын жақсартуды, сүйектер, бұлшық еттер мен май ұлпаларының ара қатынасын, ағзаның жекелеген жүйелерінің және бұлшық еттердің өсу ерекшеліктерін, азықтандыру жағдайын терең зерттегенде ғана малдың өсіп даму жолдарын толық меңгере аламыз. Осыған байланысты организмдегі ұлпаның өсу заңдылықтарын білу, әсіресе, тағамдық тұрғыдан қарағанда ұшаның ең құнды бөлігі болып саналатын қаңқа бұлшық еттерінің өсуін және майдың денеге жиналу жағдайын зерттеу, малдың ет өнімдерінің сапасын жоғарылату ісінде ұтымды нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Өндірілген етті тағам ретінде пайдалануда мемлекеттің ішкі және сыртқы жағдайындағы сапа қауіпсіздігіне үлкен мән беріледі. Өйткені, өнеркәсіп қалдықтары, кейбір синтетикалық және химиялық заттар өте жоғары улы металдар (қорғасын, кадмий, сынап, күшәлә), радионуклейдтер, пестицидтер ауа арқылы, жем, су, сонымен қатар биологиялық ластаушылар арқылы мал ағзасына кіреді де организмде көп мөлшерде жиналады. Ағзасы ауру малдың еті, сүті адам өміріне үлкен қауіп-қатер төндіреді. Осыған байланысты зиянды заттардың мал ағзасына өтуінің алдын алу, экологиялық таза өнім өндіру бойынша тиянақты жұмыстар жүргізу қажет.
Әдетте, малдан сапалы ет өнімдерін алу жұмыстары қарқынды азықтандыру түрлерін ұйымдастыруды қажет етеді. Ал, мал азығының тапшылығы көп жағдайда олардың жетілуін тежейді, осының салдарынан бұлшық ет ұлпаларының өсуі ағзадағы май шөгінділерін күрт төмендетеді және жеуге жарамсыз ұлпалар мен құнсыз өсінділер шығымы көтеріледі.
Малдың өсіп-жетілуінің бірінші жылында құнарлы азықтармен жақсылап азықтандырудың маңызы зор, өйткені, бұлшық еттің өсуі осы кезеңде жедел дамиды.
Қазіргі таңда республикамызда 180 млн. гектардан аса жайылымдық жер бар. Бұл қой етінің сапасын жақсартып, жайып семірту кезінде өнімділігін молайтуда үлкен мүмкіндік бар деген сөз. Республикамызда өндірілетін қой етінің 25 пайызға жуығын
15-16 айдан артық ұстаған қойлардың еті құрайды. Оларды жеделдете жайып семіртіп, болмаса бордақылап дайындағанда, өндірілетін қой етінің сапасы жақсарып, экономикалық тиімділігі артады.
Жалпы, қой малы үшін мейлінше арзан және құнды азық – табиғи және екпе жайылымдардағы көк балауса шөп, мәдени көк балауса болып табылады. Жайылым шөбінің құнарлылығы, оған теңестірілген минералды қосымша азық, мезгілімен суару, жайылымды уақтылы ауыстырып ұқыпты пайдалану қой қоңдылығының жақсаруына және етінің сапасының артуына ықпал етеді. Мұндай жағдайда қоражайды тазалауға, жем-шөп тасуға кететін шығын мөлшері азаяды.
Қойды жайып семіртуді бүкіл жайылым кезеңінде жүргізуге болады, әсіресе, бұл әдіс көктем мен жаз айларында тиімді. Бұл мезгілдерде пайдаланылатын азықтың негізін көк шөп құрайтындықтан, оның құрамы протеинге бай, биологиялық құнарлылығы жоғары, минералды заттар мен дәрумендер, әсіресе, каротинмен мол қамтамасыз етілген болып есептеледі. Қойды жазда және күзде жайып семірту кезінде шаруашылық жақсы нәтижеге қол жеткізеді. Осы кезде жайылым үшін табиғи жайылымдарды, көп жылдық мәдени шөптерді, жинап алғаннан кейінгі дәнді дақылдардың аңызы, екпелі көп жылдық шөп, орылған жүгері орнын пайдалануға болады. Шөптегі қоректік заттардың алуан түрлі болуына байланысты оның құрамы өзгеріске ұшырап отырады. Сондықтан өсімдіктердің өсіп- өну мен даму кезеңдерін біле отырып, олардың құрамындағы қоректік заттардың мол болатын уақытында малды азықтандырудың пайдасы зор. Жайылымның құнарлылығы қойдың тірілей салмағының көтерілуін қамтамасыз етеді. Бірақ, кейбір жағдайларда малға қоректік заттардың табиғи жайылымдарда мөлшері төмендеу болуы салдарынан, жыл мезгілдерінде, арнайы екпелі жайылымдардың болмауына байланысты жаз және күз айларында қосымша құнарлы жемдер беріп, жоғары қоңдылыққа жеткізу мүмкіндігін пайдаланған жөн.
Арнайы зерттеу нәтижесі бойынша, сүт қозыларды етке дайындаудағы тиімді шаралардың бірі – 1,5 ай қосымша жем беріп, жайып семіртуге болатыны дәлелденіп отыр. Оның үстіне жас малды жайып семіртудің дұрыс ұйымдастырылуы өндірістің ұлғаюының басты көзі және бұл қой етінің өзіндік құнын түсіріп, сапасын жақсартады. Дәу ісектер мен еркек тоқтыларды жайып семіртуді дер кезінде бастаса, жоғары қоңдылыққа қол жеткізуге болады.
Зерттеу нәтижесі анықтағандай, оңтүстік қазақ мериносы ісектерінің тірілей салмағының өсуі, ақпанның екінші жартысынан басталады. Бұл кез – қысқы кезең енді аяқталып, жайылымда көк шөп пайда болатын уақыт. Наурыз айында көк шығады, ал, сәуірде өз дәрежесіне жетеді де, келесі айларда олардың өсуі бәсеңдейді, ал, маусым айында өсуі тоқтайды. Осыған байланысты оңтүстік өңірде өткен жылғы еркек тоқтылардың біраз бөлігін жайып семіртуді тамыз айының ортасына дейін таулы жерлердегі жайылымда жүргізу қажет. Бұл малдың тірілей салмағының өсуін қамтамасыз етеді.
Белгілі болғандай, сүт қозыларды енелерінен ажыратқанда олардың өсуі мен салмағының төмендеуі байқалады және қоңдылығын жоғалтады. Осы жағдайды болдырмау үшін көптеген ғалымдардың ұсыныстары бойынша күз мезгілінде жас малдың 7 айға дейінгі жайылымына қосымша әрбірін күніне 300 грамм жеммен азықтандыру керектігін айтады. Біз өз зерттеулерімізде тамыздан бастап қоңдылығы мен тірі салмағы төмен еркек қозыларды жайып семіртуге қойған болатынбыз. Зерттеу барысында көз жеткізгеніміздей, жайып семірту қозылардың салмағының өсу қарқынын жоғарылатты.
Ғалымдардың ұйғарымынша, қозыларды туылған жылы етке тапсыру өндірілген қой етінің сапасын жақсартуға, сонымен қатар қажетсіз шығындарды болдырмауға ықпал етеді және қозыларды бордақылап союдың экономикаға ең тиімді уақыты олардың тірілей салмағын 40-50 келіге жеткізіп сою болып табылады.
Қозылардың бордақылау мерзімін сараптай келе, қазақтың биязы жүнді сүт еміп жүрген қозыларын 4 айлығында етке тапсырудың тиімділігі 44,3%-ды құраса, ал, бордақылаудан кейін 8 айлығында – 37,8%, 16 айлық жасына дейін артық ұстағанда –
3,6-4,0%, ал, сақа қойларда тек 6,5 пайызды ғана құрады.
Жүргізілген зерттеу жұмыстарын саралай келе, оңтүстік өңірдің, әсіресе, тау бөктерінде өсірілетін оңтүстік қазақ меринос қой тұқымдарынан алынған жас қозыларды қарқынды бағып-күту мен еттілік көрсеткіштерін арттырып, өнім сапасын жақсартудың тиімді тұстарын ұсынғанды жөн санадық:
– шаруашылықтарда төменгі қоңдылықтардағы малдардың салмағын көтеріп, қозы етінің сапасын жақсартуда биязы жүнді қойларды 60 күндік қарқынды бордақылаудың және табиғи-шаруашылық жайылымға қоса концентратты жемдеу мен қолдағы бар жергілікті тиімді (шрот, сафлор, мақсары) құндылығы жоғары азықтарды пайдаланған дұрыс. Мұнда бордақыланатын малдың тәуліктік салмақ қосуы 78 грамға дейін жететіні белгілі;
– қозыларды 60 күндік қарқынды бордақылау барысында малдың еттілік көрсеткіштері бойынша мал ұшасының салмағы
32,2 келіге дейін артады және шығымы 45,2 пайызға көтерілетіні айқындалды. Күзгі бордақылау кезінде тірілей салмағын 52 келіге, ұшасының шығымдылығын 44,5%-ға жеткізуге болады.
– шаруашылық жағдайында дәстүрлі жайып семіртумен салыстырғанда, ұсынылып отырған қарқынды бордақылау экономикалық тұрғыдан тиімді екені айқындалды. Оның үстіне, төмен қоңдылықтағы малдарды қорытынды кезеңдегі бордақылауда құрамында белогы көп, әсіресе, сафлор мен мақта қалдықтарын пайдалану малдың тәуліктік салмақ қосуын 156 және күзгі бағып-күтуде 146 грамға дейін, ал, тиімділіктің деңгейін 36,1-ден 44,3 пайызға дейін көтерді. Бордақыланған бір қойды сатудан түскен таза пайда 7174 теңгеге дейін жететіні анықталды.
Осы тұста республикамыздағы биязы жүнді меринос қой тұқымдарының жүнін арттырумен қатар, олардың еттілік қасиеттерінің биологиялық мүмкіндігін де ұтымды пайдалануды ұмытпаған жөн.