САРЫАҒАШТАҒЫ КӘСІПОРЫН ЖЫЛЫНА 5 МЫҢ ЖИҺАЗ ШЫҒАРАДЫ

0
114
Түркістан облысында шағын кәсіпкерлікке басымдық беріліп, қолдау күшейтіліп келеді. Сондай кәсіпорындардың бірі – Сарыағаш ауданында орналасқан. Аудан әкімі Мұхит Отаршиев Қабланбек ауылдық округі, Cіргелі елді мекенінде орналасқан жеке кәсіпкер А.Утешевтің иелігіндегі жиһаз цехына арнайы барып, кәсіпорынның бүгінгі таңдағы жұмыс барысымен танысып шықты.
– Ауданда кәсіпкерлік нысандарының саны күн санап артуы – бұл саланың қарқынды дамып келе жатқандығының айғағы. Бастаған ісіңізге сәттілік тілеймін, атқарып жатқан еңбегіңіздің берекесін берсін, – деген аудан басшысы кәсіпкерлікке қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Айта кетсек, аталған нысан 1000 шаршы метр аумақта орналасқан. Заманауи Италия және Ресей жабдықтармен жабдықталған. Мұнда жиһаз құрастырумен қатар, қажеттілігіне қарай тақташаларды кесіп беру қызметі де көрсетіледі. Нысан жылына 5000 дана жиһаз құрастырып шығаруға қауқарлы. Аталған нысанды жеке кәсіпкер өз қаражаты есебінен салып, бүгінгі таңда 12 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Осы жұмыстардың нәтижесінде аудан бюджетіне 30 млн. теңгеден астам инвестиция тартылған.
Жеке кәсіпкер алдағы уақытта кәсібін одан әрі ұлғайтуды жоспарлауда.
Биыл 9 ай қорытындысына сәйкес аудан аумағында 18415 бірлік шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істеп тұр. Осы аралықта аудан экономикасына 15,7 млрд. теңге инвестиция тартылды.

Leave a reply