ТҮРКІСТАНДАҒЫ ЖЫЛУ ҚАЗАНДЫҚТАРЫНЫҢ ЖАЙ-КҮЙІ ТЕКСЕРІЛДІ

0
145
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды әкімшілік-іскерлік орталығындағы тұрғын үйлердің құрылыс барысы мен жылу қазандығының жай-күйімен танысты. Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков қаланы жылумен қамту бағытындағы жұмыстарды баяндады.
– Жылыту маусымын сапалы атқаруымыз керек. Жылу қазандықтарының үздіксіз және мүлтіксіз жұмыс істеуін қадағалауда ұстаймыз. Көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандар толық жылумен қамтылып, ешбір тұрғын қиналмауы тиіс. Осы мәселені бақылауда ұстаңыздар. Қаланың тұрғындарға жайлы болуы коммуналдық мәселелердің шешілуіне байланысты, – деді Дархан Сатыбалды.
Жаңа қалада орналасқан №1 қазандығының құрылысын «Астана Строй Ритм» ЖШС жүргізген. «Түркістан Жылу» КММ теңгеріміне 2022 ақпан айында өткізілген. Қуаты – 9,1 МВт. Жылу жүйесінің ұзындығы – 3,03 шақырым. Бұл қазандық 12 қабатты 15 тұрғын үйді жылумен қамтиды.
Өңір басшысы одан кейін «Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында болды. Орталық қазандық І және ІІ мөлтекаудандағы көпқабатты тұрғын үйлерді жылу энергиясымен қамтамасыз етіп жатыр. Жылу жүйесі ұзындығы – 24,09 шақырым, оның ішінде магистральды жүйе – 6,1 шақырым, ішкі орамдық жүйе – 17,99 шақырым. І және ІІ мөлтекауданда 75 көпқабатты тұрғын үй, 28 бюжеттік, 51 жеке кәсіпкерлік нысан және 52 жер телімдік тұрғын үйлер жылу энергиясымен қамтамасыз етіледі.
Жылу саласына жауапты мамандармен пікір алмасып, өтініштері мен ұсыныстарын тыңдаған Д.Сатыбалды тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, жылуды үздіксіз беру жөнінде тапсырма берді. Қазандыққа қатысты мәселелер туындаса, жедел шешуге қолдау көрсететінін жеткізді.
Қаланы аралау барысында облыс әкімі «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасын барып көрді. Су қойманың құрылысына қатысты жауапты басшылар мен мамандармен кездесіп, жобаны жүйелі аяқтауды жүктеді.

Leave a reply