Берекелі жыл болды
Күз – молшылық айы. Ала жаздай еткен еңбектің өтеуі осы тұста айқындалады. Жеміс-жидек жетіліп, еккен өнімге орақ түсетін осы тұста шаруалардың шөже санайтыны бар. Қамбасы астыққа толып, көңілі жайланған жұрт берекелі күзді мерекелі мезеттермен ұштастырып жатады. Шаруалардың асыға күтетін «Алтын күз» мерекесінің қарсаңында біз Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспановқа хабарласып, біраз мәліметтер алып, Барыс жылы бұл салада қандай жетістіктер бар екенін білдік.
Иә, Жер-ананың биылғы берген ырыс-несібесі де аз болмаған сияқты. Біздегі агроөнеркәсіп кешені жалпы өңірлік өнімнің 20 пайызын құрайтын өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының драйвері болып табылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізді негізгі азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету жөніндегі Үкіметтің алдына қойған міндеті аясында облыста ауыл шаруашылығы өндірісі тұрақты дамып келеді. Атап айтсақ, бұл саладағы жалпы өнім көлемі 950,6 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 102 пайызға артқан. Облыстың республикадағы үлесі 11,7 пайызды құрап, үшінші орыннан көрінді.
Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 56,5 миллиард теңгеге инвестиция тартылып, ол 116,1 пайызға ұлғайды. Тамақ өнеркәсібіне 6,7 миллиард теңге инвестиция салынды. Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында агроөнеркәсіптік кешен саласында 2022 –2026 жылдарға дейінгі кезеңде құны 205,2 миллиард теңгені құрайтын 57 инвестициялық жобаны іске асыру жол картасы әзірленді. Оның ішінде 2022 жылы 19,2 миллиард теңгені құрайтын 30 жобаны іске асыру жоспарланды. Қазіргі таңда 14,2 миллиард теңгеге 25 жоба іске қосылды. Өткен жылы 28,9 миллиард теңгеге 40 жоба іске қосылған болатын. Аталған жол картасын іске асыру нәтижесінде жаңадан 2,2 мың жұмыс орны құрылып, жыл сайын қосымша 352,8 миллиард теңгенің өнімін өндіруге қол жеткізілетін болады.
Түсім жоғары
Биыл 859,9 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, өткен жылмен салыстырғанда оның көлемі 14,4 мың гектарға ұлғайтылды. Оның ішінде дәнді дақыл өткен жылмен салыстырғанда 190 мың тоннаға артып, 777 мың тонна көкөніс алынды, бақша өнімі 120 мың тоннаға артып, 3 миллион 245,5 мың тонна жеміс-жидек алынды, жүзім 22 мың тоннаға артып, 222 мың тоннаны құрады. Қарқынды бау көлемі 4,7 мың гектарға жетті.
Биыл мақта бағасында маза болмағанымен, өнімі жақсы болды. Шитті мақтаның түсімділігі гектарына 27,2 центнерден айналып, жалпы 337,4 мың тонна «ақ алтын» жиналды. Ал, өткен жылы бар болғаны 290,4 мың тонна мақта жиналған еді.
Елді отандық өніммен қамтамасыз етуде облыс алдыңғы қатарда тұрғанын да ерекше айта кетейік. Республика бойынша өндірілген мақтаның жүз пайызы, жүзімнің – 76, бақшаның – 64, жеміс-жидектің – 40, мақсарының – 29, жүгерінің – 26, көкөністің 25 пайызы біздің облыстың үлесінде.
Еңбек өнімділігін арттыру, ағын су тапшылығын төмендету бағытында біраз жұмыстар қолға алынды. Қазіргі таңда жылыжай шаруашылықтарын дамыту, су үнемдеу технологияларына көшу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жаңадан 101 гектарға жылыжай салынып, оның жалпы көлемі 1625 гектарды құрады. Су үнемдеу технологиялары 36,7 мың гектарға ендірілді. Оның ішінде 29,2 мың гектары тамшылатып, 7,5 мың гектары жаңбырлатып суарылады.
Суландыру серпінді
Қазір «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» аясында 261 миллион текше метр қосымша ағын су жеткізетін стратегиялық маңызға ие бес ірі жоба қолға алынды. «Түркістан магистральды каналында күрделі жөндеу» жобасы бойынша 59 шақырым канал бетонмен қапталып, қала аумағындағы 2,1 шақырым канал бойы абаттандырылды. Нәтижесінде жылына 60 миллион текше метр ағын су үнемделмек. Каналдың су өткізу құрылымдарына австралиялық «Рубикон Воутердің» тәжірибесімен автоматтандыру жүйесі орнатылуда. Сыйымдылығы 18,5 миллион текше метрді құрайтын «Кеңсай – Қосқорған – 2» су қоймасы салынып, пайдалануға берілді. Жалпы, жоба аясында жылына 31 миллион текше метр су қосымша жеткізіледі.
Сонымен қатар, «Боралдай» су қоймасы (65 млн.м3, жоба құны 15,0 млрд. тг.), «Бәйдібек ата» су қоймасын салу (65 млн.м3, жоба құны 16,9 млрд. тг.) және Кентау қаласында «Қосқорған» су қоймасын одан әрі толықтыра отырып, су төмендету жүйесін салу» (40 млн.м3, жоба құны 20 млрд. тг.) жобалары әзірленуде. Аталған жобалар толық іске асқанда Түркістан өңірі кепілді ағын сумен толыққанды қамтамасыз етілетін болады. Бұл дегеніміз, бірден-бір өзекті мәселенің оңтайлы шешілгені болып табылады.
Бұдан бөлек 1,3 миллиард теңгеге Отырар ауданындағы «Р-1 каналы», күрделі жөндеуден, Қазығұрт ауданындағы «Р-4-4», «Р-2» және облыстық коммуналдық меншіктегі «Бөген», «Қошқорған» су қоймалары мен «Қараспан» су торабы, «Түркістан» магистральды каналы ағымдағы жөндеуден өтті. Сондай-ақ, Мақтаарал ауданындағы 141 шақырымды құрайтын 54 қашыртқыға механикалық тазалау жұмыстары жүрізілді. Сонымен қатар, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты «Тұран су» ШЖҚ МКК-ның өз қаржысы есебінен, Түркістан қаласының жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы аумағынан ауданы 1 783,3 шаршы метрді құрайтын 3 қабатты әкімшілік ғимарат салынды. Бұл ғимаратқа «Тұран су» ШЖҚ МКК мен облыстық «Ветеринариялық қызмет» ШЖҚ МКК орналасты.
Мал шаруашылығы саласында мардымды істер бар
Бұл салада да біздің облыс жетекші орында тұр. Республика бойынша ірі қара мал санының 13 пайызы, уақ малдың – 24, жылқының – 11, түйенің – 15 пайызы және өндірілген ет пен сүттің он екі пайызы осы өңірдің үлесінде. Бүгінгі күні облыста ірі қара мал саны 1 108,4 мыңды, уақ мал 4 900,6 мыңды, жылқы 406,6 мыңды, түйе 38,4 мыңды және құс 1 989,1 мыңды құрайды. Есепті кезеңде 188,9 мың тонна ет, 673,7 мың тонна сүт, 213,8 миллион дана жұмыртқа өндірілді. Биылғы он айда «Сыбаға» бағдарламасымен 1 182 асыл тұқымды ірі қара, «Алтын асық» бағдарламасымен 40 мың уақ мал, «Құлан» бағдарламасымен 1973 бас жылқы сатып алынды.
Мемлекет басшысының жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалану туралы тапсырмасы аясында өңірімізде сүт өндіру бағытында 652 отбасы мүшелерінен тұратын 22 кооператив құрылып, жылына 26 мың тонна сүт өндіріліп, оны облысымыздағы 21 кәсіп- орын өңдеуден өткізіп, тұтынушыларға ұсынуда.
Түркістан облысы ет экспорты бойынша елімізде І-орынды біраз жылдан бері бермей келеді. Өңірде жалпы 9185 бордақылау алаңы бар. Оның 9153-і 400 басқа дейін мал бордақылайтын шағын алаңша болса, 10-ы 400 бастан 1000 басқа дейінгі, қалған 22-сі мың бастан жоғары қарайғы ірі алаң болып табылады.
Елімізден экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 75 пайызы, қой етінің 40 пайызы біздің облыс үлесінде екенін ерекше айта кетейік. Мал күйлі болуы үшін оған құнарлы азық керек. Бұл бағыт бойынша да біршама жұмыстар қолға алынған. Мал азықтық қорды қамтамасыз ету тұрақты бақылауға алынып, биылға 5,2 миллион тонна мал азығы дайындалды. Бұл облыстағы мал басына жылдық қажеттілікті 1,3 есеге қамтамасыз етеді.
Экспорттық әлеует артқан
Облыстан негізінен экспортқа көкөніс, бақша, жеміс-жидек, картоп, мақсары, өсімдік майы, ұн, ет, сүт өнімдері, балық және балық өнімдері және мақта талшығы шығарылады. Биылғы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша жалпы 1 066,5 мың тонна өнім экспортталып, кіріс 354.7 миллион АҚШ долларын құрады. Егін шаруашылығы бойынша 1 043,0 мың тонна, мал шаруашылығы бойынша 22,7 мың тонна өнім экспортқа жөнелтілді. Қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорт көлемі 102,5 мың тоннаға жетіп, 74,8 миллион АҚШ долларын құрады.
Түркістан облысында 11 ет өңдеу, 22 сүт өңдеу және осынша жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеу кәсіпорындары жұмыс істейді. Осы кәсіпорындарда еттің 29 пайызы, сүттің 21,5 пайызы, көкөністің 6,3 пайызы өңделуде. Шикізат секторынан дайын өнім секторына өту бағытында қайта өңдеу кәсіпорындарын ашу және модернизациядан өткізу жұмыстары қолға алынды. Нәтижесінде, биылғы 10 айда қайта өңдеу көлемі 102,2 миллиард теңгені құрады.
Ет өңдеуде Ордабасы ауданындағы «Ордабасы Құс» ЖШС, «Инфрастрой ЛТД» ЖШС және Қазығұрт ауданындағы «Қарқын-2030» ЖШС қарқынды жұмыс істеп жатса, сүт өңдеу бойынша Төлеби ауданындағы «Фуд Мастер» ЖШС мен Ордабасы ауданындағы «Бөрте Милка» ЖШС және Сайрам ауданындағы «Натур продукт» ЖШС, «Сайрам сүт» ЖШС, «Озай Зеки» жеке кәсіпкерлігі мен «Рассвет» өндірістік кооперативінің жұмысы жақсы жолға қойылған. Ал, көкөніс өңдеуде Сайрам ауданындағы «DALA-FRUIT.KZ» ЖШС мен Ордабасы ауданындағы «Александровский сад», Қазығұрт ауданындағы «Көрік» серіктестігінің жұмысын атап айтуға болады.
Иә, жергілікті халықты жұмыспен қамту бүгінде өзекті мәселе болып саналады. Әсіресе, ауыл тұрғындарын тұрақты түрде қаржылық ресурстармен қамтамасыз етіп, табыс көлемін арттырып отыру керек.
Ресми мәліметке сенсек, еліміздегі агроқұрылымдардың 32 пайызы Түркістан облысында орналасқан. Онда 184,6 мыңга жуық жұмысшы еңбек етеді. Бұл көрсеткішті одан әрі жетілдіру үшін жаңа жұмыс орындарын ашу көзделуде. Осы мақсатта ағымдағы жылы ауыл тұрғындарын қолжетімді несиемен қамтамасыз ету үшін 6,5 миллиард теңге бөлінді. Бағдарлама аясында 1 277 жаңа жоба қаржыландырылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап «Ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі пилоттық жоба» жүзеге асырылмақ. Демек, жылдық пайызы 2,5 мөлшерлемемен қолжетімді несиелендіру шарттары ауыл тұрғындарының табысын арттырып, әл-ауқатын көтеруге жаңа серпін береді деген сенім бар.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты «Ветеринариялық қызмет» ШЖҚ мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жайлы айтар болсақ, бұл кәсіпорында жалпы 1967 маман жұмыс істейді. Аудандық, қалалық ветеринариялық ұйымдар қажетті 257 техникамен және ветеринариялық препараттарды сақтауға қажетті тоңазытқыштармен, басқа да қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. 2022 жылы бұл салаға облыстық бюджеттен 5,3 миллиард теңге бөлінді. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы жануарларының аса қауіпті 17 түрлі ауруына қарсы 40 миллион доза вакцина жеткізіліп, екпе жұмыстары жүргізілді. Қора жайлар мен жапсарлас аумақтар, мал иірімдері, суаттар, жайылымдар залалсыздандырылды. Ветеринариялық іс-шаралардың мерзімінде және сапалы атқарылуының нәтижесінде облыс аумағында эпизоотиялық және энзоотиялық жағдай тұрақтылығы сақталып отыр.
Жалпы, өнім көлемі өткен жылдан 200 миллиард теңгеге артып, 1,1 триллион теңгеге, нақты көлем индексі 103 пайызға жетіп отыр. Демек, биылғы Барыс жылының да бізге берген ырыс-несібесі аз емес. Алдағы уақытта да бұл саладағы жұмыстар өз жалғасын тауып, табысымыз еселене түседі деген сенімдеміз.