Жасанды тағамнан жырақ жүріңіз

0
105
Қазір ғой, айтып отырсаңыз, біреулер ертегідей көреді немесе күледі, біздің уақытымызда ең дәмді тағам жуа қосып жеген нан болатын. Қырдан, жыңғыл, шеңгел арасынан жуа теріп келетінбіз. Оны шешелеріміз айранға турап та беретін. Сол айранды ішіп, нанды жеп алған біз басқа тамақ іздемейтінбіз.
Ғалымдар Орталық Азия аймағында дұрыс тамақтанбау салдарынан балалардың 10 пайызынан астамының бойы дұрыс өспеген деп дабыл қақты. Әлемде семіздікке шалдыққан балалар көбейген. ЮНИСЕФ зерттеулері бойынша Орталық Азия аймағы балалардың семіздікке шалдығуы бойынша әлемде екінші орында тұр. Осы аймақта 2000-2017 жылдар аралығында бес жасқа дейінгі семіздікке шалдыққандар саны 1,6 миллионнан 3,2 миллионға дейін көбейген.
Жуа жеп өскен жеткіншектер мұндай ауруға шалдыққан жоқ. Есесіне бәрі шымыр да мықты, бойлары теректей болып өсті. Сол кездің қандай құдіреті барын кім білсін, жазатайым жығыла қалып жарақат алсақ, қаны ағып тұрған жерге топырақ сеуіп қойып, қайтадан шапқылап ойнап кете беруші едік. Қазіргінің балалары ақ төсектің үстінде ақ нан жеп отырып-ақ ауыра береді.
Тағы ғалымдарға жүгінейік. Олар бала бойының өсуі бәсеңдеп, керісінше дене салмағының ауыр тартуы дұрыс тамақтанбаудан деп тұжырымдайды. Алпысыншы, жетпісінші, тіпті, сексенінші жылы туған балалар тоя тамақ жеді ме? Олар да бірде аш, бірте тоқ жүрді. Сонда да анау-мынау ауруға бой берген жоқ.
Жасырып-жабатын несі бар, бүгінгі азық-түлік өнімдерінің сапасы осыдан 20-30 жыл бұрынғы сапамен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Тағамдар түрлі дәрумендермен байытылғанмен, тұтынушыны толық қанағаттандыра алмайды. Күнделікті тұтынып жүрген нанымыздың өзі бұрынғыдай дәмді емес. Өнімдер қоректігі тұрғысынан, табиғилығынан алыстап барады. Тоя тамақ жегенімізбен, көп ұзамай қайта ашыға бастаймыз. Ас құнарлығы қанағаттандырмайды. Осыдан он бес-жиырма жыл бұрын қызанақты нанға қосып жеп алсақ, кәдімгідей тоқ жүретінбіз. Қазіргі қызанақтың қабығы қалың, дәмі де бұрынғыдай емес. Соған қарағанда азық-түлік құрамындағы элементтер де жойылып бара жатқан тәрізді. Біздің кезіміздегі қауын-қарбыз бет-аузымызды жара қылып жіберуші еді. Бүгінгінің қауыны басқа.
Басқа елдерде шатағымыз жоқ, Қазақстандағы азық-түліктің өзінде кінәрат көп. Өнім түрлері көп- ақ, көкөністер, бау-бақша өнімдері ырғын. Бірақ, сол өнімдер тұтынушыға жеткенге дейін бірнеше рет технохологиялық өңдеуден өтеді екен. Өңдеулер азық-түлікке өң бергенімен, сапасын төмендететіні тағы бар. Дүкендерге кіріп көріңізші, самсаған тағамдардың жарнамасы көздің жауын алады. Сол тағамның сапасына қарасаңыз, Құдай-ау, осыдан басқа дәмді алғың келмейді. Бірақ, тауар өндіруші «сапалы өнім» деп ұсынған сүт те, айран да, май да, жалпы кез келген азық-түлік бұрынғы құндылығынан, дәмділігінен айырылған.
Дүкен сөрелерінен неше түрлі микроорганизмдермен, дәрумендермен байытылған азық-түлік түрлерін көргенде расында күдіктенетін болдық. Солардың сапасына, құнарлылығына кім жауап береді? Дүкен иесі болса да тауарды қабылдап алады да, сатушы өз міндетін атқарады. Баяғыдай азық-түлік сапасын қадағалайтын мемлекеттік мекемелер бүгінде жоқ. Тауар өндіруші өңдеген, не өндірген өніміне қандай анықтама жазады, солай сатыла береді. Тұтынушылардың құқығын қорғау мекемесі бұл жерде дәрменсіз. Өйткені, бұл мекеме азық-түліктің сапасын тексере алмайды. Санитарлық-эпидемиологиялық станса қызметкерлері тазалық тексергеннен әріге бармайды. Осы ретте елімізде азық-түлік сапасын қадағалайтын құзырлы бір мекеме керек-ақ.
Тәтті жемейтін бала жоқ. Дүкендердегі тәттілердің орама қағазына қарасаңыз, ағзаға зиянды бояғыш заттар, қатерлі дерт шақырар қоспалар бар екенін көресіз. Дүниежүзілік азық-түлік жүйесінде тағамға қосылатын қоспаларға шектеу бар. Алайда, оны ескеріп жатқан тауар өндіруші жоқ. Қалай дегенде де денсаулық, ауыл шаруашылығы, білім, әлеуметтік қамсыздандыру тәрізді үкіметтік құзырлы органдар бірігіп әрекет етулері керек. Айталық, диқандар астыққа сапасыз химиялық тыңайтқыштарды қоспағаны жөн. Топырақ тыңайтамыз деп улы химикаттарды еселеп сепкен жерден таза өнім шыға ма?! Тағы бір мысал. Малды семіртеміз деп құнарсыз жем-шөп пен химиялық қоспаларды үсті-үстіне беріп жүрген шаруаларды бүгінде бәрі біледі. Соған қарамастан еттің келісін үш мың теңгеге дейін сатып алып жүрміз.
Бүгінде жас аналар дүкендегі дайын тағамға әуес. Сәбилерін сонымен тамақтандырады. Бөтелкеге сұйық тамақты құйып, емізікпен бала тамақтандырып отырады. Бұл тағамдарда да зиянды химиялық заттар бар екені дәлелденген. Тағам ұзақ бұзылмай сақталу үшін химиялық қоспа қосатыны баяғыдан аян. Жас аналар ботқаны өздері дайындағаннан гөрі дүкеннен сатып алуды оңай көреді. Ботқа қоспасының құрамында микотоксин барын ғалымдар қашаннан айтып жүр. Осы микотоксиннің аз мөлшерде болуының өзі баланың бүйрек, бауырына ғана емес, жүйке жүйесіне де зиянды екен.
Қазір дүкенге барсаңыз неше түрлі шырын сусындары самсап тұр. Көбісінің дәмі жоқ. Сылдыр су. Осы шырындарды да құтыға құймас бұрын нешеме рет өңдеуден өткізіп, қайнатады. Ұзақ қайнаған жеміс-жидек, көкөністің құрамындағы пайдалы элементтер жоғалып кететіні бесенеден белгілі. Сәбилерге арналған тағамдарды үздіксіз пайдалана берсе, бала ағзасында ауытқулар пайда болады дейді мамандар. Айталық, 2004 жылы Ресей сарапшылары Батыс елдерінен келетін балалар тағамы құрамынан генетикалық түрлендірілген ағзалардың көп мөлшерін анықтаған. Ал, мұндай тағамдар дастарқаннан тұрақты орын алса, алдағы 100 жылда адамдар ұрпақсыз қалуы мүмкін көрінеді.
Енді өзімізге ойысайық. Бізде де артық салмақты жеткіншектер көбейіп келеді. Мектеп оқушыларының асханадан жасанды сусын, түрлі тәттілер алып жеп жүргенін күнделікті көріп жүрміз. Соның ішінде балалар ыстық су құйса әп-сәтте дайын болатын кеспені ұнатады. Бүгінгінің балалары жасанды тағамға тәуелді. Табиғи сүт, дәнді дақылдар берсеңіз, тыжырынады. Себебі, ағзасы жасанды тағамға үйреніп алған.
Дүниежүзілік статистикаға жүгінсек, сәбилердің 20 пайызы жасанды тағаммен қоректенеді. Үш айдан асқан нәрестелер аналарының қолдауымен жасанды тамақ іше бастайды. Әрине, мың жерден құрамы жаңартылса да, тіпті ішіне алтын қосса да Ана сүтіне ешнәрсе жетпейді.
Жас келін! Сен сәбиіңе өз қолыңмен жеміс сығындыларын беріп жүрсің бе? Әлде қазан көтергенді ауыр көріп дайын асқа тік қасық болып жүрсің бе?
Тақырыпқа тұздық
Ақмарал ӘЛНАЗАРОВА, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– 8-10 жас аралығындағы балалардың 25,7 пайызының теледидар көруге екі немесе одан да көп сағат уақыты кетеді. Күніне шамамен 13 тамақ жарнамасын немесе жылына 4700 жарнама көреді. Теледидардағы барлық жарнамалардың 32,8 пайызы азық-түлік өнімдерінің жарнамасы. Ең жиі жарнамаланатын тағамдар қатарында құрамында қанты бар сусындардың үлесі – 22 пайыз, ал, шоколад пен энергетикалық батондардың үлесі – 17 пайыз. Демек, зиянды тауарларды жарнамалауды шектейтін норма керек.
Бүркіт АСЫЛБЕКОВ, диетолог:
– Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы адамдарды өлімге әкеліп соқтыратын факторлардың 60 пайызының сапасы нашар, қауіпті қоспалармен әзірленген тағамдар құрайтынын айтып, дабыл қағып келеді. Бірақ, бізде әлі амал-әрекет аз. Халықты зиянды тағамдардан қорғау, тұтынушыларға дұрыс бағыт көрсету мемлекеттік деңгейде қолға алынуы тиіс. Бұл ретте зиянды тағамдардың жарнамасын шектеу керек.
Бақыт БАЙДҮЙСЕНОВА, балалар дәрігері:
– Фастфуд», тез әзірленетін кеспе, сэндвич, гамбургер, хот-дог, пицца, газдалған немесе тәтті сусындар денсаулыққа зиян. Қалайық, қаламайық, көпшілік соған үйреніп кетті. Бірақ, бар кінәні тауар ұсынатын дүкендерге артып қоюға болмайды. Олардың мақсаты – денсаулықты қорғау емес, ақша табу. Тауар сатушыларды жазғыра бергеннен ештеңе өнбейді. Барлық мәселе – халықтың зиянды өнімдерден өзін шектей білуінде. Егер сұраныс азайса, тауар өндіруші мен сатушы не істей алар дейсіз?!

Leave a reply