Сайрам ауданында шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 16 600-ге жетті

0
119
– Ұласбек Сәдібекұлы, Сайрам – Түркістан облысында аграрлы бағытта дамып отырған аудандардың бірі. Сондықтан алдымен әңгімемізді осы бағытта өрбітсек… 
– Сайрам ауданы облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруден алғашқы үштікке кіреді. Мұнда 220 мың тұрғын тұрады. Олар негізінен мал және егін шаруашылығымен айналысады. Бүгінде өңірде шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 16 600-ге жетті. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 800-ге артық. Кәсіпкерлерден бюджетке түсіп жатқан салықтың көлемі қазір 4 млрд. теңгені құрауда.
Аудан халқы өте еңбекқор. Мұнда үйлерінде де мал бордақылаумен айналысатындар көп. Біз облыста ет өнімдерін экспортқа шығарудан алда келеміз. Мен сізге айтайын, еліміздің көп бөлігін етпен қамтамасыз етіп отырған ауыл округі біздің ауданда орналасқан. «Қарабұлақ» – ежелден ірі мал базарымен республикаға даңқы жайылған мекен. Онда 57 мың тұрғын тұрады.
– Иә, аудан халқы мал бағып, пайда табудың жолын жақсы меңгерген. Үйлерінде де мал бордақылайтындардың қарасы қалың деп қалдыңыз. Мұнда тұрғындардың жайылымға жарымай отырғаны айтпаса да түсінікті. Өйткені, жердің көп бөлігі егістікке берілген. Жалпы ауданда тұрғындарға жер телімін беру мәселесі қалай шешілуде?
– Ауданда жер кезегінде 20 мың азамат тұр. Ауыл-аймақтарда жер бар. Оларды халыққа үй салу үшін бөліп берсек, сол жерден нәпақа тауып отырған диқандардың жайы не болады? Қалай күн көреді? Соңғы жылдары өңірде «Бір жерден бір жылда екі өнім алу» жобасы қарқынды жүргізілуде. Дегенмен, біраз бос жер бар. Сол жерлерді инфрақұрылымы жүргізілгеннен кейін халыққа таратып беретін боламыз. Ол үшін арнайы жоба жасалған. Қазіргі таңда осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда.
Жайылымдық жер бойынша айтар болсақ, ауданда 9,9 мың гектар жайылымдық алқапты ортақ жайылымға беру көзделген. Оның 4,2 мың гектары жайылымдық жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жолымен алынды.
– Сіздің Сайрам ауданына әкім болып келгеніңізге үш жыл болды. Не өзгерді? 
– Мен бұл қызметке коронавирустың таралуына байланысты елде карантиндік режим жарияланған тұста келдім. 2 жылдай уақытымды пандемиямен күресуге арнадым десем де болады. Сол кездің өзінде ауданда жұмыс тоқтаған жоқ. Мәселен, 2019 жылы өңірде тұрғындарды газбен қамтамасыз ету мәселесі күрделі болатын. Елді мекендердің 50 пайызына ғана «көгілдір отын» жеткізілген еді. Бүгінде бұл көрсеткіш 72 пайызды құрады. Яғни қазір аудан аумағындағы 42 елді мекеннің 31-інде «көгілдір отын» жанып тұр.
Сонымен қатар, 5 елді мекенде газ құбырларын тарту жұмыстары биыл аяқталады. Қалған 6 елді мекенге газ жеткізуге арналған шараларды атқаруға 2021 жылы жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылды. Мердігер мекемелер анықталып, құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Бұйыртса, 2025 жылға дейін аудан халқын газбен қамтамасыз ету көрсеткішін 100 пайызға жеткізетін боламыз.
Өңірде ауыз су да күрмеуі қиын күрделі мәселелердің қатарына жататын еді. 42 елді мекеннің барлығы орталықтандырылған ауыз су желілері арқылы ауыз сумен толық қамтамасыз етілді. Әрине, жоғарыда айтып өткеніміздей, инфрақұрылым жүйелері енді ғана қолға алынған елді мекендер де бар. Ол жерлерде мұндай жұмыстар алдағы уақытта атқарылатын болады.
Қазір біздің ең өзекті проблемамыз – ағын су. Шаруаларға ағын су ауадай қажет. Сондықтан ауа-райын ұдайы бақылауда ұстап отырамыз. Былтыр қар қалың жауды. Жерде ылғал жақсы сақталды. Соның нәтижесінде шаруалар алдыңғы жылдағыдай ағын судан тапшылық көрген жоқ.
Одан кейінгі мәселеміз – каналдарды жөндеуден өткізу. Аудандағы каналдардың бәрін жөндеуден өткізуге қыруар қаржы қажет. Бірақ, «мемлекеттен қашан қаржы бөлінеді екен» деп қол қусырып қарап отыруға тағы болмайды. Сайрам су шаруашылығы мекемесіне аудандық бюджет есебінен 2 техника сатып әпердік. Мекеме тиісті жұмыстарды жүргізуде.
Біз де өз тарапымыздан осы мәселеге келгенде бірқатар шараларды атқарудамыз. Айталық, «Ауыл – ел тірегі» жобасы аясында онкүндік іс-шараны қолға алдық. Әр ауылға кезегімен барып, он күн бойы тазалық жұмыстарын жүргізудеміз. Бүгінге дейін ауданда 94 шақырым канал тазаланды. 164 электр бағанасы ауыстырылды. 38 трансформатор сырланып, қоршалды. 11 шақырымды құрайтын 15 көшеге демеушілер есебінен тас төселді. Жол белгілері орнатылды. Шырша секілді 4200 декоративті ағаш отырғызылды.
Былайша айтқанда, көнеден келе жатқан асар дәстүрін қайта жаңғыртудамыз. Биыл – екінші жыл. Білесіздер ғой, былтыр толассыз жауған жаңбырдың салдарынан бірқатар аудандарда су тасқыны орын алды. Ал, бізде ондай табиғат апаты болған жоқ. Мен мұның бәрі кішкентай арық-атыздарға дейін дер кезінде тазалап отырғанымыздың нәтижесі деп білемін.
Онкүндік іс-шарасының алдағы уақытта да жұмысымызға оң әсерін тигізері сөзсіз.
– Қайнарбұлақ ауылы Қарабұлақ секілді кезінде үлкен кеңшар болғаны белгілі. Бірақ, Қайнарбұлақтың тұрғындары мал бордақылаудан гөрі егіншілікке жақын. Соңғы уақытта Қайнарбұлақ ауылының аты алма бауларымен таныла бастады. Осы жайлы айтыңызшы… 
– Қайнарбұлақ жер көлемі жағынан басқа ауыл округтеріне қарағанда үлкен. Бұл ауылдың тұрғындары негізінен егін егумен айналысады. Әсіресе, алманың бірнеше сортын өсіруге бейімделіп келеді. Жалпы аудан аумағында 2073,6 гектар алқапқа көп жылдық жеміс көшеттері егілген. Оның ішінде алма баулары 1657,7 гектарды, алмұрт баулары 77,8 гектарды, сары өрік баулары 173,3 гектарды, шие баулары 88,9 гектарды, шабдалы баулары 27,8 гектарды, қара өрік баулары 48,2 гектарды құрайды. Айта кету керек, өлкемізде өсетін алмалардың 70 пайызы қысқа сақталынады. Шаруалардың бір түптен бірнеше сортты алма өсіріп шығаруға ықылас таныта бастағаны бізді қуантуда.
Дәл қазір шаруалар үшін қарбалас шақ. Күзгі жиын-терімге тоқталайын. Аудан бойынша масақты дәнді дақылдардың жалпы көлемі – 22819,9 гектар. Оның 17 000 гектарына күздік бидай егілген. Бүгінде күздік бидай, арпа толығымен жиналып бітті.
«Бір жерден бір жылда екі өнім алу» жобасы бойынша шаруалардың дені бірінші өнімге картоп екті. Бұл 3993,3 гектар алқапты құрады. Картоптың «Ревера», «Коломбо», «Аризона» деп аталатын тұқымдарынан мол өнім алынды. Жиналған өнімнің жартысы Түркістан облысы мен Шымкент қаласына тасымалданды. Ал, 35 пайызы солтүстік өңірлерге жөнелтілді. 25 пайызы Ресейге экспортталды.
Ауданда 6209,9 гектар жерге көкөніс егілді. Күнделікті тіршілікте тұтынатын қырыққабат, қияр, қызанақ, қызылша, сәбіз, болгар бұрышы, сарымсақ секілді көкөністердің бәрі өзімізден шығады. Тіпті, цитрустық жемістердің түр-түрі табылады.
– Сайрам ауданындағы «Парасат» пікірталас клубының тәжірибесі облысқа таратылды. Мұны да сіздің идеяңызбен қолға алынған жоба деп білеміз. «Парасатта» қандай мәселелер қаралуда? 
– «Парасат» пікірталас клубы белсенді түрде жұмыс істейді. Оған ауданның кез келген тұрғыны мүше бола алады. Шектеу жоқ. Онда біз аудандағы күрделі мәселелерді бірлесе отырып талқылаймыз. Бүгінге дейін аталмыш клубта көтерілген 27 мәселенің 18-і шешімін тапты. Мұндай кездесуді жиі өткізіп тұрамыз. Соңғы отырыста тазалық мәселесін қарадық. Оның алдында медицина, білім салаларындағы түйткілдер талқыланды.
Мемлекет басшысы халық пен билік арасын жақындата түсу керектігін айтып, нақты тапсырма берген болатын. Үш ай сайын халықпен кездесу өткізудеміз. Мен өзімді кабинетте отыратын әкіммін деп есептемеймін. Үнемі ауылдарды аралап, шаруалардың жағдайымен жіті танысып отырамын.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет! Жан жадыратар игі істеріңіз жалғасын таба берсін! Біз әрқашан да мұндай озық тәжірибелерді елге жеткізуге дайынбыз. 
 
Сұхбаттасқан Дилара БИМЕНОВА,
«Ońtústik Qazaqstan».

Leave a reply