ҚҰРМЕТТІ ТҰТЫНУШЫ! САПАСЫЗ ТАУАРДЫ АЙЫРБАСТАУ НЕМЕСЕ ҚАРЖЫНЫ ҚАЙТАРЫП АЛУ ҚҰҚЫҒЫҢЫЗДЫ БІЛЕСІЗ БЕ?
Бүгінгі нарық заманында сапасыз тауарды қайтарып беру немесе ауыстырып алу мәселелері әлі де болса өзектілігін жоймаған. Күнделікті күйбең тіршілікте қарапайым тұтынушының құқығына нұқсан келтіретін жайттармен жиі кездесіп жатамыз. Сараң саудагерлер «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» заңды елеместен, себепсіз салдарға сүйеніп, тиісті ақшаны қайтаруға асықпайды.
«Тауар қайтарылмайды немесе ауыстырылмайды» деген хабарламаларды кейбір сауда нүктелерінен көруге болады. Алайда бұл хабарламалардың қаншалықты заңды күші бар екенін аңқау тұтынушы біле бермейді. Тауардың қай жерде, базарда, арзан немесе қымбат дүкенде сатылғанына қарамастан, тұтынушы құқығын қорғайтын арнайы заңның барын естен шығармаған жөн.
Қазақстан Республикасының “Тұтынушылар құқығын қорғау туралы” заңның 14-бабында тұтынушылардың тиісті сападағы тауарды айырбастау немесе қайтарып беру құқықтары аталып көрсетілген. Қысқаша атап өтсек;
1. Сатып алушы өзіне азық-түлікке жатпайтын тауар берілген кезден бастап он төрт күн ішінде, егер сатушы неғұрлым ұзақ мерзім жарияламаса, сатып алынған тауарды сатып алу орнында немесе сатушы хабарлаған өзге де орындарда бағасында айырма болған жағдайда сатушымен қажетті қайта есеп айырыса отырып, басқа мөлшердегі, нысандағы, габариттегі, пішіндегі, түстегі, жиынтықталымдағы және осы тәріздегі соған ұқсас тауарға не тараптардың келісімі бойынша басқа тауарға айырбастауға құқылы.
Айырбастау осы Заңның 30-бабына сәйкес жүргізіледі.
2. Сатушыда айырбастауға қажетті тауар болмаған жағдайда сатып алушы сатып алынған тауарды сатушыға қайтарып беруге және оған төленген ақшалай соманы қайтарып алуға құқылы.
3. Егер шартта өзгеше көзделмесе, тауарды сатып алу орны айырбастау немесе қайтарып беру орны болып табылады.
Заңның осы бабы бойынша мысал келтіріп кетсек. 2022-жылдың 20-сәуір күні Жетісай қаласының орталық авто бөлшектер базарынан Асықата кентінің тұрғыны 80000 теңге 2 дана аккумулятор алған, алайда ол аккумулятор жарамсыз болып шыққан. Заңның 14-бабын қолдана отырып, 26-сәуір күні тауарды қайтарып беріп, қаржысын қайтарып алды.
Ал енді, жоғарыдағы заңның 30-бабы. Сатушының тиісті сападағы да, тиісті емес сападағы да тауарды сату кезіндегі міндеттеріне келіп қысқаша айтып өтсек;
1. Мыналарды:
1) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды;
2) іш киімді;
3) шұлық-ұйық бұйымдарын;
4) жануарлар мен өсімдіктерді;
5) метрлеп сатылатын тауарларды, атап айтқанда, барлық түрдегі талшықтардан жасалған маталарды, тоқыма және перделік кенеп матаны, жасанды теріні, кілем бұйымдарын, тоқыма емес материалдарды, ленталарды, шілтерді, таспаны, сымдарды, бауларды, кәбілдерді, линолеумды, багетті, пленканы, клеенканы;
6) ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын қоспағанда, егер тиісті сападағы азық-түліктік емес тауар пайдаланылмаса, оның тауарлық түрі, тұтынушылық қасиеттері, пломбалары, заттаңбалары, сондай-ақ тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат сақталса, егер шартта неғұрлым ұзақ мерзім белгіленбесе, тауар сатып алынған күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде сатушы оны айырбастауды немесе қайтаруды қамтамасыз етуге міндетті.
Егер тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат жоғалған немесе қандай да бір себептермен тұтынушыға берілмеген жағдайда, егер тұтынушы осы сатушыдан сатып алу фактісін дәлелдесе, онда тауарды айырбастау немесе қайтару жүргізілуге тиіс.
1-1. Сатушы жарамдылық мерзімі өткен соң сатылған, техникалық регламенттерде, стандарттау жөніндегі құжаттарда белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін, оның ішінде зияткерлік меншік құқықтары бұзыла отырып шығарылған тауарды оның пайдаланылғанына, тауарлық түрінің, тұтынушылық қасиеттерінің, пломбаларының, заттаңбаларының сақталуына-сақталмауына қарамастан, тауар сатып алынған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде ауыстыруды немесе сатып алынған тауар үшін ақшалай соманы тұтынушыға қайтара отырып, қайтаруды қамтамасыз етуге міндетті.
3. Тауарда табылған кемшіліктерді тұтынушының келісімімен сатушы, егер шартта өзгеше мерзім белгіленбесе, тиісті талап қойылған кезден бастап күнтізбелік он күн ішінде жоюға тиіс.
Тауардың кемшіліктерін жоюдың шартта айқындалатын мерзімі күнтізбелік жиырма күннен аспауы тиіс. Егер тауарда табылған кемшіліктерді жою кезінде олардың мерзімінде жойылмайтыны айқын болған жағдайда, тараптар тауардың кемшіліктерін жоюға арналған мерзімді күнтізбелік он күнге ұзарту туралы қосымша келісім жасасуы мүмкін. Бұл ретте тауардың кемшіліктерін жоюға қажетті қосалқы бөлшектердің және басқалардың болмауы сатушыны тауардың кемшіліктерін жою мерзімдерін бұзғаны үшін жауаптылықтан босатуға негіз болып табылмайды.
Сатушы тауарды берген кезде тұтынушыға кепілдік мерзімінің ұзартылғаны туралы ақпаратты жазбаша нысанда беруге міндетті делінген.
Заңның осы бабы бойынша мысал келтіріп кетсек. 2022 жылдың 26 ақпан күні Түркістан қаласының «Қуаныш» орталық базарынан Кентау қаласының тұрғыны 155000 теңге тоңазытқыш алған, алайда алғанына екі ай өтпей кемшіліктері анықталған. Заңның 30-бабының 3 тармағына сәйкес талап қоя отырып, талап қойылған кезден бастап күнтізбелік он күн ішінде толық кемшіліктерді жойып, жарамдылық мерзімін жазбаша нысанда создырып алды.
Тұтынушылар құқығын қорғау комитетіне @Kzpp_bot деген Telegram-бот арқылы;
Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің басшысының блогына;
Электрондық үкімет Тұтынушылар құқығын қорғау бойынша шағымдарды қабылдайтын www.e-tutynushy.kz платформасына және жедел желі 8-771-322-82-82 арқылы өтініштер жолдауға болады.
Б.Қыстауов,
Түркістан облысы тұтынушылардың
құқықтарын қорғау департаментінің
басшысы.