Депутат тұрғындардың мәселелерін шешуде көпір болуда

0
42

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының басты мақсаты – азаматтардың мұң-мұқтажына дер кезінде құлақ асып, олардың өзекті мәселелерін билік деңгейінде шешуге ықпал ету. Бүгінгі таңда елімізде қоғамдық қабылдаулардың ашық әрі қолжетімді болуы – осы тұжырымдаманың нақты жүзеге асуының бір көрінісі.

Осы бағытта «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде кезекті қабылдау өтті. Қалалық мәслихат депутаты, партия фракциясының мүшесі Дария Қожамжарова «Құқықтық көмек» жобасы аясында азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.

Қабылдау барысында тұрғындар негізінен әлеуметтік, құқықтық және білім беру саласына қатысты проблемаларды көтерді. Әрбір өтініш жеке қаралып, нақты шешу жолдары талқыланды. Бұл – халық пен билік арасындағы ашық диалогтың орнығып келе жатқанының айқын дәлелі.

Мәселен, Самал-3 шағын ауданының тұрғыны баласының М.Әуезов атындағы университетке оқуға түскенін айтып, алайда оқу ақысын төлеуге шамасы жетпейтінін жеткізді. Көпбалалы отбасының бұл өтінішін депутат назарға алып, оқу орны басшылығына тікелей хабарласты. Нәтижесінде университетте арнайы комиссия құрылып, жеңілдік алу үшін құжаттар қабылдау мерзімі бекітілді. Бұл оқиға азаматтардың мәселесі тек естіліп қана қоймай, нақты шешімін таба алатынын көрсетті.

Ал Жайлау шағын ауданының көпбалалы анасы отбасындағы жанжалдың салдарынан ажырасу алдында тұрғанын айтып, болашақта баспанасыз қаламын ба деген уайымын жеткізді. Депутат бұл жағдайда заң аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, құқықтық кеңес берді. Мұндай қолдау азаматтың өз құқығын қорғауға сенімін арттырып, мемлекеттік органдардың ашық әрі әділ жұмыс істеуі қажеттігін тағы бір мәрте дәлелдейді.

Жалпы қабылдауға келген әрбір тұрғынға тиісті деңгейде көмек көрсетілді. Мәселелердің шешілуіне бағыт-бағдар беріліп, арыз-өтініштер жауапсыз қалмады. Бұл – партияның ғана емес, тұтас мемлекеттік басқару жүйесінің жаңа кезеңге аяқ басқанын айғақтайды.

Президент Қ.Тоқаев атап өткендей, мемлекет халыққа жақын болуы тиіс. Қоғамдық қабылдаулар, ашық диалог алаңдары – азаматтардың саяси шешімдерге араласуының алғашқы қадамы. Өйткені халық пікірін тыңдау, олардың ұсынысын ескеру арқылы ғана әділетті қоғам құруға болады.

Шымкент қаласында осындай кездесулердің жүйелі түрде өткізілуі тұрғындардың билікке деген сенімін нығайтып, азаматтық белсенділікті арттыруда. Әрбір азаматтың ойын еркін жеткізуі, өз құқығын қорғауы – демократиялық дамудың басты шарты. Ал депутаттар мен партия өкілдерінің халықпен бірге мәселелерді талқылап, шешу жолдарын ұсынуы – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жүзеге асыратын нақты іс.

Leave a reply