ШЫМКЕНТТЕ ТҰРҒЫНДАР ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІН АШЫҚ ТАЛҚЫЛАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бүгінде ел өміріндегі өзекті қағидаға айналды. Бұл бастаманың түпкі мақсаты – азаматтардың пікіріне құлақ түріп, қоғамдағы проблемаларды уақытылы анықтап, шешім қабылдау барысында халық мүддесін ескеру. Осы бағытта барлық деңгейдегі өкілетті органдар мен партиялық құрылымдар тұрғындардың талап-тілегін тыңдап, ашық диалог орнатуға баса мән беріп келеді.
Осыған орай Шымкент қаласында «AMANAT» партиясының қалалық филиалы жанындағы Қоғамдық қабылдау бөлмесінде кезекті қабылдау өтті. Қабылдауды қалалық мәслихат депутаты, партия фракциясының мүшесі Әлия Юсупова жүргізді. Іс-шара «Құқықтық көмек» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Қабылдауға келген тұрғындар баспана, жер дауы және құқықтық қолдау мәселелерін ортаға салды. Мәселен, қала тұрғыны Е. Бегімбетов жекеменшік жер учаскесінің қызыл сызыққа түсіп қалғанын айтып, заң тұрғысында жәрдем көрсетуді сұрады. Депутат оның өтінішін мұқият тыңдап, қолданыстағы заңнамаларға сәйкес түсініктеме берді. Бұл жағдай мемлекеттің халық үніне құлақ асуының нақты көрінісі іспетті.
Зейнеткер Меруерт Жұмалиева болса, жастар тәрбиесіне алаңдаушылық білдіріп, идеологиялық тұрғыдағы бірқатар мәселелерді көтерді. Ол жас буынды дұрыс бағытқа жетелеу үшін кешенді бағдарламалар қажет екенін айтып, ұсынысын ортаға салды. Депутат зейнеткердің пікіріне құлақ асып, оны партия филиалы жанындағы Әйелдер қанатының отырысына қатысуға шақырды. Бұл – азаматтардың саяси шешімдерге араласу құқығын кеңейтудің жарқын мысалы.
Қабылдауға қатысқан өзге тұрғындар да көкейіндегі сауалдарын қойып, нақты жауап алды. Қоғамдық қабылдау бөлмесі тарапынан заңдық түсіндірмелер беріліп, қажетті бағыттар бойынша жол көрсетілді. Әрбір өтініш назардан тыс қалмай, тиісті құзырлы органдарға жеткізілетіні де айтылды.
Жалпы алғанда, мұндай кездесулер қоғамда ашықтық пен сенім қалыптастыруға ықпал етеді. Президент атап өткендей, халықтың үнін тыңдап, олардың қажеттілігін дер кезінде анықтау – мемлекеттік органдардың басты міндеті. Шымкентте өткен қоғамдық қабылдау – осы қағиданың нақты жүзеге асқан үлгісі. Бұл тұрғындардың әлеуметтік белсенділігін арттырып қана қоймай, олардың саяси процестерге тікелей араласуына мүмкіндік береді.
«AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелері алдағы уақытта да жүйелі түрде жұмысын жалғастырып, азаматтардың өтініш-тілектерін назарда ұстай береді. Мұның барлығы Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іс жүзіндегі нәтижесін айқын көрсетеді.













