Сауранда құрылыс қызу қарқынмен жүруде

0
125
Ескі Иқан ауылдық округіне қарасты Достық ауылына «Мәшһүр Жүсіп» атауы қайта беріліп, «елді мекен» мәртебесін алды. Бұл туралы  Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.  
Сондай-ақ, аудан әкімі жаңадан құрылған Сауран ауданының  орталығы Шорнақ елді мекенінен 38 гектар жер бөлініп, онда әкімдік, күштік құрылымдар ғимараттары мен  инженерлік инфрақұрылымдардың құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Өз кезегінде аталған нысандар құрылысы биыл толығымен аяқталып, 2023 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
– Шорнақ елді мекенінде 4 автомашинаға арналған өрт сөндіру депосы мен 200 орынға шақталған аудандық орталық аурухананың құрылысы бойынша облыстық құрылыс басқармасы тарапынан жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалуда. Ал, 500 орынды Мәдениет үйінің құрылысы бойынша аудан әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде, – деді аудан әкімі Ғани Рысбеков.
Сонымен қатар, қазіргі таңда Ескі Сауран қалашығының аумағында Сапар орталығының құрылысы жүргізілуде. Ал, Оранғай ауылдық округінде жоба құны 2 млрд. 200 млн. теңгені құрайтын емдік сауықтыру және ойын-сауық-қонақүй кешенінің құрылыс жұмыстары басталып кетті. Құрылысы жеке демеушілер тарапынан жүргізіліп жатқан қонақүй келер жылы пайдалануға беріледі.
Бүгінде ауданда өзекті болып отырған ауыз су мәселесі де рет-ретімен шешілуде. Атап айтар болсақ, 2009-2019 жылдары 31 елді мекенге Түркістан қаласының және Кентау қаласының тарапынан ауыз сумен қамтамасыз ету құрылыстары жүргізілген. Бүгінгі таңда 4 ауылдық округтегі 11 елді мекенді «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету үшін  құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Үшқайық ауылдық округіне қарасты 4 ауылға 2022 жылдың сәуір айынан бастап газ берілуде.
Аудан келер жылы ауыл шаруашылығы саласына тікелей инвестиция тарту бойынша құны
13 млрд. 847 млн. теңгені құрайтын бірнеше инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Әкімдік тарапынан аталған жобаларға қажетті жер телімдері қарастырылуда.
Аудан әкімінің мәлімдеуінше, бүгінде ең ірі жоба саналатын «ЯССЫ AGRO.KZ» ЖШС құны
4 млрд. 199 млн. теңгеге 800 гектар жерге жеміс-жидек сақтайтын қойма құрылысын, егістік жерге жоңышқа, картоп, сәбіз  дақылдарын өсіру және жоңышқадан гранула жасайтын зауыт құрылысын салуды жоспарлап отыр.  Бұдан бөлек ауданда екі жылдан астам уақыт «БНК Агро Kz» ЖШС жұмыс атқаруда. Инвесторлар құны 1 млрд. 648 млн. теңгеге жаңбырлатып суару әдісі арқылы әлеуметтік маңызы зор дақылдарды өсіру және оны сақтайтын қойма құрылысын салуды көздеуде. Ал, «Туркестан Агро XXI» ЖШС жаңбырлатып суару әдісін ендіру жобасына 1 млрд. 200 млн. теңге инвестиция құюға әзір. Бұдан бөлек, серіктестік (МТФ) 6 млрд. теңгеге 5000 ірі қараға арналған сауын фермасын салуда.  «Агро Холдинг Сауран» ЖШС-нің жалпы инвестициялық жоба құны 165,5 млн. АҚШ долларын құрайтын, 1000 гектар жерге мал шаруашылығын дамыту мақсатында жоңышқаны қайта өңдеу және ет өндіру мен қайта өңдеу жобасы қарастырылуда.
Аудан әкімінің айтуынша, «Жайлы мектеп» жобасы бойынша ауданда 7 білім ошағының  құрылысына арнайы жер белгіленіп, құжаттары ресімделген. 2023-2024 жылдар аралығында С.Қожанов елді мекенінде 300 орынды, Еңбекші диқан мен Қарашық елді мекендерінде 600 орынды, Аша, Ынталы және Құмтүйін елді мекендерінде 900 орынды, ал, Ескі Иқан елдімекенінде 2 000 орынды мектептің құрылысы басталып, ел игілігіне тапсырылмақ.

Leave a reply