Сағатына – 100 тонна!
Қайта еңсе тіктегеніне төрт жыл болған Мақтаарал ауданында өндіріс ошақтары көптеп бой көтеруде. Мәселен, Мақтаарал ауылдық округінің индустриалды аймағында бүгінде 12 зауыт жұмыс істеп тұр. Оның бесеуі – мақта өңдеу зауыты, төртеуі – асфальт-бетон зауыты. Бұдан бөлек күнен қуат алатын электростанса, бір құс фермасы бар.
Таяудағы сапарымызда біз Мақтаарал ауылдық округіндегі «EL KZ-2020» ЖШС-інде болдық. Асфальт-бетон зауытының іс жүргізушісі Исатай Атасовтың айтуынша, мұнда сағатына 100 тонна асфальт дайындалады. Зауыт жылына 11 000-12 000 текше метр асфальт шығара алады.
– Ауданымыздың өз алдына шаңырақ көтергеніне көп уақыт өте қойған жоқ. Бұрын ірілендірілген аудан құрамында болған жылдары Мырзакент өңірінің қараусыз қалғаны жасырын емес. Рас, өте ауқымды ауданды игеру оңай бола қойған жоқ. Көптеген елді мекендер, оның ішінде бұрын аудан орталығы болған ауылдар тозып кетті. Құдайға шүкір, аудан қайта ашылғалы Мырзакент адам танымастай өзгерді. Қазір тозып кеткен жолдар қайта қалпына келтіріліп жатыр.
Жол – экономиканың күре тамыры. Осыны жақсы түсінген аудан әкімі Бақыт Асанов барлық елді мекендермен байланыстыратын күре жолдарды жөндеуден өткізу міндетін қойды. Бүгінде Мақтаарал ауылдық округінің өзінде төрт асфальт-бетон зауыты жұмыс істеп тұр. Демек, асфальтқа сұраныс бар деген сөз. Сондықтан біз сапалы асфальт өндіруге күш саламыз, – дейді серіктестік директоры Елдос Байысбаев.
Қазір мұнда 17 адам жұмыс істейді. Операторлар Ұлықбек Қабылбеков, Әуесхан Есенқұлов өз істерінің нағыз мамандары. Олар сапалы асфальт жасау үшін түрлі қоспаларды қаншалықты деңгейде қосу керектігін жақсы біледі.
– Келесі жылдан бастап бордюр шығару ісін де қолға алмақпыз. Өйткені, ауданда аяқжолдар көп салынып жатыр. Жол жиектері берік болуы үшін де бордюрлер керек, – дейді Исатай Атасов.
Біздің мұнда ұзақ аялдауға мүмкіндігіміз болған жоқ. Соның өзінде бірнеше жүк машинасы асфальт тиеп шығып кетіп бара жатты. Зауыттың бірқалыпты жұмыс ырғағы қоңыр күздің тоңазыған көңіл-күйіне шаттық себелеп тұрды…
Сабырбек Олжабай, «Ońtústik Qazaqstan».
Мақтаарал ауданы.