ТҮРКІСТАНДЫҚ АУЫЛ ВАЙНЕРІ АЙЫНА 1000000 ТЕҢГЕ ТАБАДЫ

0
118

Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесу барысында ұлттық табыстың әділ бөлінуі бойынша  теңгерімсіздік пен проблеманың бар екендігін айтқан болатын. Халықаралық сарапшылардың айтуынша Қазақстан байлығының жартысы 162 адамның ғана қолында екен. Ал,  халықтың жартысының айлық табысы бар болғаны 50 мың теңгені құрайды. Мұндай ақшамен өмір сүру мүмкін емес. Осы мәселеге байланысты Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жағдайды дереу өзгерту керек екендігін жеткізді.  Елімізде арзан дүниеге құмарлық па, жалақының аздығынан ба жеңіл жолмен ақша тауып жүрген блогерлер мен вайнерлердің қатары көп. Бірі тапқан ақшасын қайырымдылыққа жұмсаса, енді бірі әлеуметтік желіде өзін жарнамалау арқылы қыруар ақша тауып, жеңіл жолға жаратуда.

«Тұрып келем таңменен, сиыр жылқы малменен» деп ән салып, әрі табыс тауып жүрген, ауыл тіршілігін өзінің әлеуметтік желідегі парақшаларында дәріптеп , көпшілікке «Ауыл вайнері» атымен таныс Сауран ауданына қарасты Шаға ауылының тұрғыны Жандос Бақытұлы өзін вайнер ретінде  танытып жүргеніне біршама уақыт болды. Оның айтуынша, бұл салаға елдегі карантиндік ахуал басталғаннан кейін кіріскен. Вайнердің жеке өмірі мен шығармашылығы жайында өзімен сұхбаттасқан едік.

– Өзіңіз туралы айтып берсеңіз, ауыл вайнері  өмірде қандай адам және ауылда қалай өмір сүреді?

– Кішкентай кезімнен ата-әжемнің қолында өстім. Олар өсірді, жеткізді. Былайша айтқанда ауылдағы ата әженің баласымын. Ата-анам қалада тұрады. Атам мен әжем сүт сатады. 2006 жылдан бері сүт сатып, нәпақамызды тауып жүрдік. Мектепті аяқтағаннан соң, ауылда қалдым. Қалаға барып, оқуға түсуге болатын еді, бірақ өзім ауылды жақсы көргендіктен сонда қалдым. Басында ауылдағы жеңгеммен бірге тұратын едім. Ол кезде үйде 30 сиыр, 15-ке жуық қой бар. Таңертең сағат бесте тұрып, жетіге дейін жеңгем екеуміз сиыр сауамыз. Таңғы асымды ішіп алып, бірсыпыра тамағымды алып мал бағуға кетіп, кешке бірақ келетінмін. Келгеннен кейін қайтадан кешкі сауын басталады. Күнде осы бір тірлік қайталанып жүрді.

– Демек, ауыл вайнерінің бір күні осылай өтеді. Енді айтыңызшы қа-ламыздағы медицина колледжін бі-тірген деп естідім. Ауылдан алшақтап қалаға келуіңізге, колледжге түсуіңізге не себеп болды?

Ойлайтын едім маған ауылдағы қойшының қызы ғана тиеді. Қалада колледжде оқитын қыздар маған қарамайды деп. Сөйтіп жүргенде медециналық колледжге оқуға түсемін деп шештім. Бірақ атам мен әжем ауылда қалып, осы мал шаруашылығын дамытуды ұсынды. Ауылда қалсам біраз дүниеден шеттеліп қалатынымды білдім. Себебі, бұрын ауылда жүрген кезімде қалаға мүлдем бармайтын едім. Тіпті достарымның туған күніне, басқосуларға да бармадым. Солай жүре бергенімде, достарымнан да алшақтап қалдым. Уақыт өте келе, өте тұйық болып кеттім. Бұлай жалғаса беруге болмайды деп, оқуға түстім. Басында ақылы бөлімге түсіп, көлік жуатын орталықта күніне үш мың теңгеге жұмыс жасадым.

Мектеп кезінде мүлдем оқымадым. Табельдің бәрі үш болды. Төрттің өзі кездейсоқ. Колледжде өзім 22 қыздың арасында ұялып оқыдым. Намысқа тырысып жақсы оқып, емтихандардың бәрінен бес алатын болдым. Одан кейін белсенді болып көркем сөз оқуға қатыстым, қоғамдық жұмыстармен айналыстым. Көшбасшы болдым. Солай жүріп грантқа ауыстырды. Колледжге түспей тұрып, Түркістаннан басқа қалаларда болмағанмын. Оқуда жүріп жарыстарға барып, жан жақа барып ашылдым. Оқудағы басшылықпен жақсы қарым-қатынаста болдым. Соның арқасында бір айда 40 мың шәкіртақы алып оқыдым. «Nur Otan» партиясының мүшесі болып, белсенді жұмыс атқардым. Оқуды аяқтаған соң менде мүмкіндік көп болды. Оқу орны мені жұмысқа шақырды. Мамандық бойынша да ауруханада жұмыс жасауға мүмкіндік болды. Бірақ, мен ауылды дамыту үшін қайтадан ауылды таңдадым. Мен дәлелдегім келді, ауылда да жақсы өмір бар екендігін, ақша табуға болатындығын.  Қазір жастар шетелге кетуге асығады. Табысы көп деп шетел асуда. Ал, мен ауылда да қыруар ақша табуға болатындығын көрсеткім келеді. Ауылдың адамдары жақсы киініп алып, қымбат жерге барып отырса, мынау ауылдың адамы емесқой деп шығады. Барлығы ойлайды қойшылар жаман үйде тұрып, қарапайым киім киеді деп. Негізінен ауылдағы халықтың басында несие мен қарызы жоқ. Үйленемін десең он шақты қой мен ірі қараны сатасың да үйленесің немесе үй ала саласың.

– Қарапайым бала вайнерлікке қалай келді, сізді ең алғаш қолдағандар кімдер. Вайнерліктен басқа қандай кәсібіңіз бар?

– Өзімді таныту үшін жағымсыз видео түсіруден бастадым. Түсірген видеоларымды әлеуметтік желідегі топтарға таратып отырдым. Тик-ток түсіруге кірістім, бір күнде 50 мың оқырман жинадым. Жайлап көтеріліп, басқа блогерлермен араластым, олардан қолдау сұрадым. Ең бірінші қолдау көрсеткен блогер Нұрдәулет (NNN) болды. Себебі, Қазақстан бойынша ең бірінші блогер сол болды. Оқырмандары көп қарапайым адам.  Оның жанында екі-үш күн жүріп оқырман алмасып, 20 мың оқырман жинадым. Содан кейін ғана басқа блогерлер менімен араласа бастады.

– Желідегі бейнежазбаларыңызға қарасақ, ауыл вайнері әлеуметтік желіден тапқан ақшаларын бос жаратпаған көрінеді. Сіздің инстаграм парақшасынан  балалар үйі мен мешітке берген қаржылай көмектеріңізді байқауға болады. Қайырымдылықпен қаншалықты жиі айналысып тұрасыз?

– Көптеген вайнерлер мен блогерлер тапқан ақшасын өзіне ғана жұмсайды. Шетелге барады, әдемі киініп қымбат жерге барады. Жеңіл келген ақша, жеңіл жолға кетеді. Мен көбіне тапқан ақшамды қайырымдылыққа беріп отырамын. Себебі, ол маған оңай жолмен келді ғой. Осы жылы мешіт құрылысына оқырмандарымнан ақша жинадық. Атсалысқан игі жақсылардың баршасына алғысымды айтамын. Екі күнде екі миллионнан аса қаржы жиналды. Түркістан қаласындағы Тұран көшесіндегі мешіт имамының қолына тапсырдым.

Одан басқа мен Түркістанға келіп, күніне 150 литр  сүт сатып, 20 мың теңге табамын. Мал шаруашылығымен айналысамын, блогерлік табысым бар. Қазір айлық табысым миллион теңгені құрайды. Қарапайымдылықты ұстап қалғым келеді. Менің ерекшелігім сол, қарапайым ауылда өмір сүретін әлеуметтік желі белсендісі болу. Мен халыққа ауылда да адал еңбекпен ақша табуға болатындығын көрсетсем деймін. Кейде ауыл шаруашылылығынан шаршап, қолды бір сілтеп тастап кеткім де келеді. Күнде сүт сатпасам, қаржы табу қиын. Өйткені төрттіліктен түсетін табыс жылына бір, яғни төлін сатқанда түсетіні белгілі. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін тренинг өткізгім келеді. Малдың басын қалай көбейтуге болатынын көрсетсем деймін. Малды көбейте алмай, жұмысы жүрмей жүргендер бар. Нақты айналысамын дейтін адам болса, бұданда байып кетуге болады. Бірақ бұл кәсіп иелеріне асқан сабырлық керек.

– Қазіргі уақытта ұнатып жүрген, өмірлік жар етемін деген арманыңыздағы ару кім? Жақын уақытта үйленіп, отбасылы болу жоспарда бар ма?

– Қазіргі уақытта үйленуге жоспар жоқ. Бірақ атам мен әжемнің баласы болғандықтан үйленсем деймін. Ауыл шаруашылығын дамытып, бір жылдай ауылда тұрмақ ойдамын. Қалада үйім бар. Алған қызым байдың қызы болса да, міндетті түрде оған ауылдағы  қайнаған тіршілікті бір жыл көрсеткім келеді. Ауылда нанды пешке пісіріп, самаурынмен шәй ішіп дегендей. Соның бәрін видеоға түсірсең әрі қызық. Қалада тұрғысы келетін келіндерге ауылдада қызық өмір бар екендігін түсіндіргім келеді. Келіншек алсам бірге сиыр сауып, бірге қора тазалап, бірге өмір сүріп қызықты видеолар түсіргім келеді. Халыққа жаңашылдық керек. Болашақ жарыммен бір ай сөйлесіп, алмақ ойым бар.

– Сұқбатыңызға рақмет!

Басында видео түсіру үрдісіне көпшілік қарсы болған вайнерге жағымсыз пікірлер көптеп келіп, менсінбеушілік танытқандар аз болмаған. Көтерілу үшін берілмей бейнежазбалар түсіріп танылуды жалғастыра берген Жандостың қазіргі таңда инстаграм желісінде 300 мыңға, тик-токта 400 мыңға жуық оқырманы бар. Екі күн сайын парақшасына 1000 шақты оқырман қосылатын көрінеді. Осылайша ауылдан шыққан қарапайым вайнер жігіт, бүгінде халқына қамқор, ауыл шаруашылығына жақын кәсіпкерге айналып келеді.

Шапағат СЕЙІЛХАНҚЫЗЫ.

Leave a reply