Нұрбол ТҰРАШБЕКОВ: «БЕРІЛГЕН ТАПСЫРМАЛАР ҰМЫТЫЛМАЙДЫ»

0
121

Апта бойы киелі шаһарда атқарылып жатқан жұмыстар легі көңіл толарлық. Өз деңгейінде болып жатқан жұмыстар жайында айтылып келеді. Барлық жұмыстар тізбегінің басты мақсаты қаланың дамуы мен өркендеуіне аз да болса қызмет ету.

Осы аптаның айшықты шаралары қатарында қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтың төрағалығымен өткен бірқатар мәселелерді талқыға салған аппарат жиналысын атап өтуге болады.

Атаулы жиында заң бөлімінің басшысы Сабыржан Садуақас теңгерімге қабылданған нысандарда анықталған кемшіліктер туралы баяндап, кепіл негізінде қайта қалпына келтіру бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталса, қала әкімінің орынбасары Алия Шалхарова өзі жетекшілік ететін салаларында жоспарланған шаралар жөнінде баяндама жасап, мәдениет бөлімі мен қалалық Жастар орталығы жоспарларын толықтай таныстырып шыққан. Сонымен қатар сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Айдос Кентугаев 1-2 мөлтек аудандардағы көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңарту туралы баяндаса, өтініштерді қарауды бақылау және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің басшысы Мадина Байғұт жеке қабылдау өткізу жүйесіндегі өзгерістер жайымен таныстырды.

Өз кезегінде тұрғындармен кері байланыс орнатуды жүйелеу үшін, әсіресе әлеуметтік желілер арқылы түсетін өтініштерді назарға алып, жұмыс жүргізу бойынша баспасөз қызметіне де бірқатар ескертулер айтылып, тапсырмалар берілді.

Қызметін өз деңгейінде атқара алмайтындар сын мен ескертуден нәтиже шығарып, жұмысты ширатпаса еңбек өнбейтінін тілге тиек еткен Нұрбол Әбдісаттарұлы орынбасарлары мен бөлім басшыларына бірқатар мәселелерді жүктеп, оны шешуге нақты мерзім бекітті.

Келесі басты шара ретінде қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің «Шауғар» тұрғын алабы тұрғындарымен, сондай-ақ «Сауран» сектор тұрғындарымен кездесуін атап айтқан дұрыс болмақ.

Салиқалы да келелі екі кездесуде көп дүниеге жол ашқандай. Нақтылап айтқанда атқарылған жұмыстар легі де жетерлік, тіпті кезегін күткен шаруа да шаш етектен.

Мәселен әкім «Шауғар» аумағында жүзеге асатын жоспарлар туралы айтып, бірқатар мәселелер бойынша тұрғындар пікірін тыңдаған. Атаулы секторда жалпы 165 көше бар болып, оның 45-і асфальттанса, 65 көшеге тас төселіп, 76 көше жарықтандырылған. Жоспар бойынша биыл бұл секторда Сабырханов, Р.Дастанова, Ж.Шанин, Ә.Марғұлан, Қазыбеков, М.Тұрсынов, Хамза, Б.Байтасов, Ш.Уәлиханов, М.Шаяхметов, Н.Төреқұлов атындағы 11 көше жөнделмек. Ауыз су жүйесімен қамтылмаған 14 көшеде су жүйесінің құрылысын кезең-кезеңімен жүргізу жоспарланған. Сонымен қатар, 205 шақырым кәріз жүйесін жүргізу көзделген. Қосымша 2 трансформатор орнату бойынша да жұмыстар атқарылуда.

Ал, «Сауран» секторының жалпы аумағы 2157 гектар. Ондағы халық саны 41550. Секторда 5295 тұрғын үй және 156 көше бар. І, ІІ мөлтек аудандағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында ағымдағы жылы балалар ойын алаңшаларын салу және жаяу жүргіншілер жолын орнату жоспарлануда. Сонымен қатар, секторда орналасқан 18 көшеге тас төсеу жұмыстары жасалады. Кездесуде өз талаптарын айтқан тұрғындар жарық шамдар көше бойына орнатылып, әлеуметтік дүкендер санын көбейтіп, қоғамдық көліктердің жүру бағытын ұзарту керектігін жеткізді.

Қаланың жаңаша өркендеуі мен дамуына баса назар аударылумен қатар, тұрғындардың ұсыныс-арыздарына да зер салған қала басшысы аппарат мәжілісінде әр бөлім басшыларына тапсырма жүктеп, нақты мерзім ішінде бітіруді тапсырып отыр. Кезекті жиында «Берілген тапсырмалар ұмытылмайды. Жұмысты кейінге қалдырудың пайдасы жоқ. Бүгін сұрамасам, ертең сұраймын. Сіздерден барлық мәселелерді заң аясында орындау ғана талап етіледі», – деді шаһар басшысы.

«Түркістан ақпарат».

Leave a reply