СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН ҚОҒАМ БОЛЫП КҮРЕСЕЙІК

0
115

Халық – теңіз, хан – кеме, заман – дауыл іспетті. Дәуірлер ағымымен ғасырлар тоғысында Тәңірден кейін сыйынарымыз да табынарымыз киесін хан көтермес халық екені аян. Ал, сол қасиетті елдің ісін адал жолмен басқару ең әуелі ар мен намыстың одан кейін туған елге деген шексіз махаббаттың жарасымды үйлесімділігі десек қателеспейміз.

Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлық індеті әлемнің әр түкпірінде бұтағын кеңге жайып, тамырын арыға жіберген байтерек сынды өсуде. Осы бір сипаты жаман сыбайластықпен ел болып күресіп, жегі құрттай жалмауыз жемқорлықпен жұрт болып жұмыла қарсы шығу барлығымыздың Отан алдындағы, ұлт алдындағы, ең бастысы ар алдындағы атқарар борышымыз.

«Тәрбие тал бесіктен» – деп бір ұлттың болашағын бір ауыз сөзбен түйіндепті дана халқымыз. Сыбайлас жемқорлықты түп тамырынан жою үшін, жас ұрпаққа тәлімді тәрбие беруден және бұндай жамандыққа әрдайым батыл әрі қарсы тұруына біз үлкендер үлгі-өнегелік етуіміз керек.

Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңында сыбайлас жемқорлыққа мынадай анықтама берілген: бұл – «…жеке түрде немесе делдалдар арқылы мүліктік игіліктерді заңсыз алу және мемлекеттік қызмет атқарушы тұлғалардың, сондай-ақ оларға теңестірілген тұлғалардың өз лауазымдық өкілеттіктері мен өкілеттеріне қатысты мүмкіндіктерін мүліктік пайда табу үшін жеке басына пайдалануы, сондай-ақ аталмыш тұлғаларға жеке және заңды тұлғалардың көрсетілген игіліктер мен жеңілдіктерді құқыққа қайшы түрде пара ұсыну жолымен сатып алуы» айтылған.

Ел ісіне білек түріп, бел буған әрбір азамат халықтан қол үзіп ешқандай шыңға шыға алмайды, жалпы беттік даму жолында қарапайым халық та атқа мінген ел ағасына бағынады. Екеуара жарасымдылық өз мақсатын орындап, сыбайлас жемқорлыққа, астатөк қаржының араласуымен бітетін жұмысқа әркез жол бермеуіміз керек.

Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңының 9- бабы 4- тарауында «Ақпараттық және ұйымдастырушылық қызмет бұқаралық ақпарат құралдарында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, әлеуметтік маңызды іс-шараларды, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де шараларды ұйымдастыру арқылы іске асырылады». Біз ең әуелі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырып, өзіміз өмір сүріп жатқан қоғамның даму жолындағы әділетсіздіктерді жойып, күшті мен әлсіздің арасына таптық баспалдақ жасамауға күш салғанымыз абзал.

Бір мемлекеттің қарыштап дамуы, қарқынды алға басуы- қара орман халықтың бақуатты өмір кешуімен тікелей байланысты. «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деген аталы сөз де ойымды жеткізіп тұрғандай, ел тұтқасын ұстаған азаматтар халық мүддесінен шығатын игілікті істер атқарса, халқымыздың да оларға сенімі артып, адал ісіне ақжол тілеп, ақ батасын береріне сеніміміз мол.

Ақмарал ҰЛЫҚБЕКҚЫЗЫ,

Түркістан қалалық Пробация бөлімінің инспектор-психологы, Әділет аға лейтенанты.

Leave a reply