ТҮРКІСТАН: МЕКТЕП БАҒДАРЛАМАСЫН ЖҮЙЕЛЕУ ҚАЖЕТ

0
130

Шаһардағы «Farab» кітапханасында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Атаулы шараға облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев, облыстық мәслихаттың депутаты Бекарыс Шойбеков қатарлы зиялы қауым және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Еркін форматта өткен кездесуде салиқалы да салмақты пікірлер, елдік һәм қоғамдық тақырыпқа арналған өткір мәселелер тілге тиек болды. Зиялы қауым өкілдері өңірдегі қордаланған мәселелерді, тіпті еліміздегі түйткілді түйіндерді де ортаға салды.

Мәселен ақсақал Жарылқасын Әзіретбергенов қаңтар оқиғасы жайында ойын айта келіп, бүгінде Президент тарапынан тапсырмалар беріліп атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Әрбір іске, әрбір қадамға уақыт керек екенін, осы бір өтпелі жағдайдың оңға басуын сабырлықпен күтудің маңызы зор екенін атап өтті. Сонымен бірге ел ертеңі мен ұрпақтың болашағына қатты алаңдайтынын да жеткізді.

Депутат Бекарыс Шойбеков білім саласындағы олқылықтар жайын айта келіп, кейбір басы артық пәндерді мектеп оқулығынан алып тастап, оның орнына дінтану секілді қажетті сабақтар енгізу маңызды деді. Сондай-ақ, мектеп бағдарламасын жасауда асығыстық пен салғырттық танытпай үлкен жауапкершілік танытсақ, оны бір күнде шала-шарпы мақұлдамай, бір жыл, тіпті бес жылға дейін әбден саралап барып бекітсек дейді. Айтуынша осылай жетілдіріп барып пайдалануға жіберсек елу жыл, тіпті жүз жылға дейін өз құнын сақтай алуы бек мүмкін екен.

Өз кезегінде ретімен сөз тізгінін ұстағандар түрлі тақырыпта, соның ішінде жастардың идеологиясын қалыптастыру, кітапхана ісі мен мәселесі, баспана, журналистік мәртебе, музей, тарих, дін тақырыбы қатарлы біраз дүниелерге қарата ойларын ортаға салды.

Барлық ұсыныс айтушыларды мұқият тыңдаған Дархан Мыңбай маңызды тақырыптардың жолда қалмайтынын айта келіп, Түркістан өңірінде көтерілген әр мәселені жіті назарда ұстап мәжіліс мінберінен жеткізетінін атап өтті.

«Шындығында елімізде шешімін табуы керек мәселелер шаш етектен. Әуелі Жарылқасын аға сізге рахмет. Қариялық сөзіңізді айттыңыз. Ел екі ойда дүдамал ой кешіп жүргенде ақиқатын айттыңыз. Не істесек те сабырмен жұмыс жасағанымыз оң. Бар дүниенің оңалуына, алға басуына уақыт керек. Сонымен қатар идеология туралы да жақсы пікірлер айттыңыздар. Тарихты білмей алға жылжымайтынымызды ескерсек бұл ұсыныс та керемет болды. Енді осы қаңтар оқиғасынан кейін көп нәрсе жаңа бағытта өзгерері ақиқат. Бастысы бізге саннан сапа керек. Барлық салада осы қағидатты ұстансақ ешқашан қателеспейміз», – деді Дархан Қамзабекұлы.

Үмітбек БАҒДАТ.

Leave a reply