ТҮРКІСТАН: ҚОҒАМДЫ ТОЛҒАНДЫРҒАН МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ
Түркістан қаласының бас имамы Мұхамеджан Жұмадұллаевтың ұйымдастыруымен, шаһардағы «Әбу-Бәкір» мешітінде дөңгелек үстел отырысы өтті. Жиынға ақсақалдар мен мешіт имамдары, этно-мәдени орталықтың өкілдері қатысты. Басқосу барысында қоғамдағы өзекті деген мәселелер қаралды. Атап айтсақ, неке және жаназа намазы мәселелерінің шариғат шеңберінде салт-дәстүр санамызға сай атқарылуы жайында сөз қозғалды.
«Бүгінде ажырасудың көбейіп кең етек алуына байланысты, сонымен қатар дүмшелік жолмен онлайн қиылған некелердің, жаназа намазында марқұмның қарызын онлайн арқылы мойнына алу мәселесі шариғатымызда рұқсат етілмеген жәйт әрі үлкен күнә», – деді Түркістан облысының бас имамы Еркебұланқажы Ыбрайымұлы. Ол өз сөзінде олқылықтардың орнын толтырып, мұндай келеңсіздіктердің алдын алу, жоспарлы түрде жүзеге асырылу керектігін тілге тиек етті.
Түркістан қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Букебаев сөз алып, ақсақалдар, имамдар, этно-мәдениет өкілдерімен бірлесе отырып, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылауда өз ойымен жеке ұсыныстарын бөлісіп ризашылығын білдірді.
Жиын соңында қариялар қаламыздағы дін өкілдеріне қолдау көрсететіндіктерінде жасырмады. Қорытынды сөзді Түркістан облысының бас имамы Еркебұланқажы Ыбрайымұлы түйіндеп сәттіліктер тіледі. Алдағы уақытта бұндай жиындар дәстүрлі түрде өз жалғасын таппақ.