Адалдық пен ұстаздықтың жолы

0
52

Еліміздің ертеңі – білімді де тәрбиелі ұрпақтың қолында. Осы ұлы мұрат жолында саналы ғұмырын арнап келе жатқан жанның бірі – Ерубаева Жансұлу Нұрмаханқызы. Оның өмір жолы мен еңбек жолы – адалдықтың, қажырлы еңбектің, табандылықтың жарқын үлгісі.

Жансұлу Нұрмаханқызы бала күнінен-ақ білімге құштар болып өсті. Арман-мақсаты айқын жас қыздың ұстаз болуды таңдауы кездейсоқ емес еді. Білімге деген сүйіспеншілігі мен табиғатқа деген қызығушылығы оны биология және экология ғылымдарының қыры мен сырын терең меңгеруге жетеледі. Кейіннен М.Әуезов атындағы ОҚМУ-ды тәмамдап, педагогикалық мамандыққа ие болды. Уақыт өте келе кәсібилігін шыңдай түсу үшін магистратураны аяқтап, педагогика ғылымдарының магистрі атанды.

Ұстаздық жолға қадам басқан алғашқы күннен бастап ол өз ісіне адалдық танытты. Әр шәкірттің жүрегіне жол тауып, білім нәрін беруді ғана емес, тұлға болып қалыптасуына ықпал етуді өмірлік ұстаным етті. Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде жүздеген шәкірттің жүрегіне із қалдырған Жансұлу Нұрмаханқызы бүгінде педагог-шебер ретінде танылған.

Оның кәсіби біліктілігі 2016 жылдан бастап «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығында тренерлік қызмет атқаруымен де дәлелденеді. Биология және жаратылыстану пәндері бойынша ұстаздардың кәсіби дамуына бағыт-бағдар беріп, тәжірибе бөлісу алаңын қалыптастырды. Ал 2021 жылдан бері Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты әдістемелік орталықтағы биология пәні қауымдастығының төрайымы болып, қала мұғалімдерінің бірлескен жұмысына жетекшілік етіп келеді.

Жансұлу Нұрмаханқызының еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол – республикалық «Үздік педагог-2020» байқауының жеңімпазы, «Жылдың үздік мұғалімі-2019», «Ахмет Байтұрсынов-2019» төсбелгілерінің иегері. Білім саласына қосқан айрықша үлесі үшін ҚР Білім министрі Ғани Бейсембаевтың қолынан «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісін иеленуі – еңбегінің әділ бағасы. Бұдан бөлек қала әкімі мен түрлі ұйымдардың алғыс хаттары мен марапаттары – ұстаз еңбегіне берілген зор құрметтің айғағы.

Тек жеке жетістікпен шектелмей, ол шәкірт тәрбиелеуде де табандылығымен танылып келеді. Жансұлу Нұрмаханқызы дайындаған оқушылар мен жас зерттеушілер республикалық, халықаралық деңгейдегі ғылыми форумдарда, пәндік олимпиадаларда жүлделі орындар иеленіп жүр. «XXI ғасыр көшбасшысы», «Заманауи білім беру», «Табиғатты аяла» секілді форумдарда шәкірттерінің жеңіске жетуі – ұстаз еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз.

Жылдар бойы жинаған тәжірибе мен еңбектің арқасында ол кәсіби жетістіктерге де қол жеткізді. «Педагогикалық панорамалық идеялар», «Үздік авторлық бағдарлама», «Педагогикалық идеялар фестивалі» секілді республикалық конкурстардың жеңімпазы атануы – оның шығармашылықпен жұмыс істейтінін, педагогика саласына жаңа леп әкелетінін дәлелдейді.

Жансұлу Нұрмаханқызының өмірлік ұстанымы – адалдық, еңбекқорлық, шәкіртке деген сүйіспеншілік. Ол үшін ұстаздық – тек мамандық қана емес, жүрек қалауымен таңдалған өмірлік миссия. Оның әрбір жетістігі артында тұрған үлкен еңбектің, ізденістің, табандылықтың жемісі.

«Адал азамат» айдарына лайық тұлғаның бірі – дәл осы Жансұлу Нұрмаханқызы. Ол – адал еңбектің арқасында шыңдалған, ұстаздықтың асыл жолында із қалдырған, білім саласының дамуына елеулі үлес қосқан азамат. Оның ғұмыры – жас ұрпаққа өнеге, әріптестеріне үлгі, елге мақтаныш.

Leave a reply