АЗАМАТТАРДЫҢ ӨТІНІШТЕРІ НАҚТЫ ШЕШІМ ТАБУДА

0
39

«AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өтті. Іс-шара партияның «Құқықтық көмек» жобасы аясында ұйымдастырылып, қабылдауды филиал Атқарушы хатшысының орынбасары, қалалық мәслихат депутаты, фракция жетекшісінің орынбасары Талғат Балтабаев жүргізді.

Кездесу барысында тұрғындар әлеуметтік қолдау, медициналық қызмет және жер қатынастарына қатысты өтініштерін жеткізді. Әрбір мәселе бойынша заң аясында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, нақты ұсыныстар мен құқықтық кеңестер берілді.

Партия өкілдерінің айтуынша, мұндай қабылдаулардың басты мақсаты – азаматтардың өтініштерін уақтылы шешіп, мемлекеттік қолдау тетіктеріне қолжетімділікті арттыру.

Кездесу қорытындысында бірқатар мәселелер өз шешімін тапты. Соның ішінде жалғызбасты ана Балдакүл Цецхладзе тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіліп, әлеуметтік көмек алды.

«Қиын жағдайымда қолдау көрсеткені үшін “AMANAT” партиясына және депутатқа алғыс айтамын. Анама қажет дәрілерді тегін алу мүмкіндігі берілді. Мұндай қамқорлық сенім мен үміт сыйлайды», – деді азаматша.

Сонымен қатар қабылдау барысында жер телімін бөлу, шағын кәсіпкерлікті дамыту, банктік және несие міндеттемелерін реттеу бағытындағы өтініштер қаралды. Әрбір азаматқа заңды түсіндірме және кеңес берілді.

Депутат Талғат Балтабаев партияның басты басымдықтарының бірі – азаматтардың нақты мәселелерін шешу екенін атап өтті.

«Әр тұрғынның өтініші біз үшін маңызды. Партия халықтың мұң-мәселесін назардан тыс қалдырмайды. Қоғамдық қабылдаулар – билік пен азамат арасындағы сенімді көпір. Осындай кездесулер арқылы қоғамдағы сенім нығайып, мемлекеттік қолдау құралдары шынайы тиімділікке ие болады», – деді ол.

«AMANAT» партиясы алдағы уақытта да әлеуметтік әділдікті нығайту, азаматтардың құқықтарын қорғау және өмір сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды көздеп отыр.

Leave a reply